×

Мемлекеттік қолдаудың әр 1 теңгесіне төленген салық көлемі 1 теңгеден де аз – аудит

Мемлекеттік қолдаудың әр 1 теңгесіне төленген салық көлемі 1 теңгеден де аз  – аудит
gov.kz

Мемлекеттік аудит кәсіпкерлікті қолдауға бөлінген қаржының қайтарымы төмен екенін көрсетті. Жоғары аудиторлық палата жасаған талдауға сәйкес, бизнеске жұмсалған бюджет қаражаты одан түскен салық көлемінен асып отыр. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов Мәжілісте баяндады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Аудит мәліметінше, соңғы алты жылда кәсіпкерлерді қолдауға 4,5 трлн теңге бағытталған. Бұл қаражаттың басым бөлігі – шамамен 90 пайызы субсидиялау, жеңілдетілген несиелеу, лизинг пен кепілдік тетіктеріне жұмсалған. Алайда мұндай қолдаудың экономикаға нақты әсері жүйелі түрде бағаланбаған.

Тексеру барысында тиімділікті анықтайтын бірыңғай әдістеменің жоқтығы негізгі проблема ретінде аталды. Әрбір мемлекеттік орган нәтижені өз тәсілімен есептейді, ал бағалау көбіне құрылған жұмыс орындары мен төленген салықпен ғана шектеледі. Бизнестің қосылған құны, тұрақтылығы мен ұзақ мерзімді ықпалы назардан тыс қалған.

Аудиторлар бірқатар жүйелі олқылықты анықтаған. Кейбір компания бір мезетте 19 түрлі мемлекеттік қолдау алған. Сонымен қатар талаптарға толық сай келмейтін немесе қаржылық көрсеткіші төмен кәсіпорындардың да қолдауға ие болғаны белгілі болды. Жекелеген жобаларда қаржыландыру көлемі артық көрсетіліп, қаражат тиімсіз пайдаланылған.

Даулы деректер де тіркелген. Мемлекеттік қолдау алған компаниялардың дивиденд төлегені, нақты жұмыс істемейтін зауытқа 2,4 млрд теңгеге инфрақұрылым тартылғаны және бір жобада 20 млрд теңгенің игерілмей қалғаны анықталған.

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметіне де сын айтылды. Аудит қорытындысында олардың нақты мақсаты айқындалмағаны, кейбірі заңда қарастырылмаған қызметпен айналысатыны және көпшілігі шығынмен жұмыс істейтіні көрсетілген.

Жалпы алғанда, мемлекет бизнеске бөлген әрбір 1 теңгеге көбіне 1 теңгеден де аз салық қайтады. Қорытынды сандарға сүйенсек, 133 млрд теңге тиімсіз жоспарланған немесе пайдаланылған, 132 млрд теңге бойынша есеп деректері бұрмаланған, ал 13 млрд теңге көлемінде нақты қаржылық бұзушылықтар анықталған.

Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік қолдау жүйесін қайта қарап, оның тиімділігін өлшейтін бірыңғай әрі нақты бағалау механизмін енгізуді ұсынды.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →