×

«Қазақмыс» корпорациясының иесі ауысты

«Қазақмыс» корпорациясының иесі ауысты
Instagram/kazakhmys_official

Қазақстандағы жетекші өндірістік корпорациялардың бірі – «Қазақмыс» компаниясы жаңа меншік иесіне өтті. Forbes дерегінше, корпорацияны Qazaq Stroy компаниялар тобының бенефициары Нұрлан Артықбаев сатып алған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Qazaq Stroy өкілдері мәміленің аяқталғанын растағанымен, келісімнің құны мен өзге де талаптары жарияланған жоқ. Сонымен қатар бұл келісімге қатысты «Қазақмыс» та, Qazaq Stroy де ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Forbes-ке берген пікірінде Qazaq Stroy компаниясы «Қазақмысты» одан әрі дамыту жоспары бар екенін мәлімдеді. Атап айтқанда, өндірісті ұзақ мерзімді шикізат қорымен қамтамасыз ету үшін геологиялық барлау жұмыстарының ауқымын кеңейту көзделіп отыр.

Еске салсақ, мыс өндіру және өңдеу саласында жұмыс істейтін «Қазақмыс» желтоқсан айының басында компанияны сату жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатқанын растаған болатын. Ол кезде мәміленің егжей-тегжейі жария етілмеген. Бұған дейін корпорацияның 70 пайызы Владимир Кимге, ал 30 пайызы Эдуард Огайға тиесілі болған.

Владимир Ким Kaz Minerals корпорациясының негізгі акционері болып қала береді.

Нұрлан Артықбаев ұзақ уақыт бойы құрылыс саласында қызмет еткен. Соңғы жылдары ол телекоммуникация, мұнай-газ және тау-кен өнеркәсібіндегі активтерді сатып алып, бизнес бағыттарын кеңейте бастаған. Дегенмен, «Қазақмыс» келісімін қоса алғанда, активтерді сатып алуға жұмсалған қаражаттың шығу тегі ресми түрде жарияланған жоқ.

Forbes Kazakhstan журналы биыл Нұрлан Артықбаевты алғаш рет елдегі ең бай кәсіпкерлер қатарына қосып, оның байлығын 228 млн доллар деп бағалады.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →