«Қазақмыс» компаниясын кәсіпкер Нұрлан Артықбаев сатып алған
Халықаралық трейдер Mercuria Energy Group қазақстандық Қазақмыс тау-кен компаниясын сатып алуды қаржыландыруға 1,2 млрд АҚШ доллары көлемінде несие ұсынбақ. Бұл туралы Bloomberg агенттігі жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мәліметке сәйкес, Mercuria ұсынған қаржыландыру желісі сегіз жылға есептелген. Келісім шарттарына сай, алғашқы төрт жылда трейдер жыл сайын 200 мың тонна катодты мыс алып отырады. Ал кейінгі кезеңде компания өндірілетін өнімнің жалпы көлемінен пайыздық үлес алады.
Бұған дейін әлемдегі ең ірі мыс өндірушілердің бірі саналған әрі Лондон қор биржасында листингтен өткен «Қазақмыс» компаниясын кәсіпкер Нұрлан Артықбаев сатып алған. Ол – Qazaq Stroy құрылыс компаниясының негізін қалаушы. Мәміленің нақты сомасы ресми түрде жарияланған жоқ. Bloomberg қараша айында келіссөздер жүргенін хабарлап, желтоқсан айында тараптардың мәмілеге келгенін жазған.
Үкіметтік реестрдің 8 қаңтардағы деректеріне сәйкес, «Қазақмыстың» жаңа иесі – Qazaq Acquisition Corp., ол толығымен Артықбаевқа тиесілі. «Қазақмыс» та, кәсіпкердің өзі де агенттікке мәміле шарттарына қатысты пікір білдіруден бас тартқан.
Mercuria үшін бұл металл жеткізілімдерін алдын ала қаржыландыру және предоплата жасау саласындағы ең ірі операция болып отыр. Келісім компанияның нарықтағы позициясын күшейтіп, бұған дейін ұзақ уақыт бойы басымдыққа ие болған Trafigura Group пен Glencore-мен бәсекелестікті арттырады. Осылайша Mercuria Қазақстанда Glencore-дың жетекші рөлін таласқа салатын негізгі ойыншылардың біріне айналмақ.
Компанияның металлургиялық бағыттағы белсенділігі Mercuria-ға Trafigura-ның металл бизнесін басқарған бұрынғы тең төраға Костас Бинтастың келуімен байланыстырылады. Ол мыс нарығының болашағын жеткізу тізбегіндегі іркілістер мен АҚШ-та импорттық баж салығын енгізу қаупі аясында оң бағалап отыр. Бұл факторлар мыс бағасының бір тоннасы үшін 13 мың долларға дейін қымбаттауына әсер еткен.
Bloomberg-ке берген сұхбатында Бинтас «Қазақмыспен» жасалған келісімді металлургия тарихындағы ең ірі мәмілелердің бірі деп атап, мұндай ұзақ мерзімді әрі көлемді келісімдер бұған дейін көбіне энергетика секторына тән болғанын айтты.
Бұған дейін Mercuria қазақстандық тағы бір ірі тау-кен компаниясы – Eurasian Resources Group-пен де алдын ала төлем жасау туралы келісімге келген. Аталған компания қазір ықтимал меншік иесінің ауысу үдерісінде тұр.