ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) жаңа Салық кодексі аясында қосылған құн салығына (ҚҚС) қатысты маңызды түсініктеме берді. 2026 жылдан бастап кәсіпкерлер үшін ҚҚС төлеушілер есебінен өз еркімен шығу мүмкіндігі жойылады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қазіргі қолданыстағы заң бойынша, егер кәсіпкердің жылдық айналымы белгіленген шекті деңгейден аспаса, ол ҚҚС төлеушілер тізімінен өз еркімен шығуға өтініш бере алады. Алайда 2026 жылдан бастап бұл құқық күшін жояды.
«2026 жылдан бастап салық төлеушінің өткен немесе осы жылдағы айналымы төмен болса да, ҚҚС есебінен өз еркімен шығу құқығы алып тасталады», – деп нақтылады комитет өкілдері.
Жаңа ережеге сәйкес, кәсіпкер тек екі жағдайда ғана ҚҚС есебінен шығарылады:
Жалпыға бірдей белгіленген режимнен арнайы салық режиміне (АСР) ауысқанда;
Кәсіпкерлік қызметін тоқтатқанда немесе кәсіпорын таратылғанда.
Салық режимін таңдау немесе өзгерту туралы хабарламаларды бірнеше жолмен жолдауға болады:
«Салық төлеуші кабинеті» (ИСНА) арқылы;
Мемлекеттік кірістер басқармасына барып, қағаз түрінде;
Банктердің мобильді қосымшалары арқылы;
Дара кәсіпкерлер үшін «E-Salyq-business» қосымшасы арқылы.
Қызметін тоқтататын кәсіпкерлер міндетті түрде тарату салық есептілігін тапсыруы тиіс. Бұл құжатты да онлайн немесе қағаз жүзінде өткізуге болады.