Соңғы жылдары жүзеге асқан жаңғырту жобалары «Ақсу» кен орнының экономикалық және әлеуметтік рөлін қайта анықтады
Ақмола облысындағы Степногорск қаласының маңында орналасқан «Ақсу» өндірістік алаңы – Қазақстандағы тау-кен өндірісінің трансформациясын көрсететін нақты кейстердің бірі. Бұл алаңның дамуы тек өндірістік көрсеткіштермен шектелмейді: ол аймақтың әлеуметтік тұрақтылығы, жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі және инфрақұрылым сапасымен тікелей байланысты. Соңғы жылдары жүзеге асқан жаңғырту жобалары «Ақсу» кен орнының экономикалық және әлеуметтік рөлін қайта анықтады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Кен орындарының табиғи өмірлік циклі бар. Ұзақ жылдар бойы жерасты әдісімен игерілген Ақсу руднигінің №38-40 шахталарының қоры таусылған кезде, өндірісті тоқтату қаупі туындады. Бұл сценарий жүзеге асса, 256 адам жұмыссыз қалуы мүмкін еді. Мұндай жағдай моноқалалар үшін тек кәсіпорын мәселесі емес, бүкіл өңірдің әлеуметтік-экономикалық тепе-теңдігіне соққы болар еді.
Дәл осы кезеңде «Алтыналмас» компаниясының кен орнын жаңғырту және ашық әдіске көшіру туралы шешімі аймақ үшін стратегиялық мәнге ие болды. Ашық карьерлік әдіске көшу нәтижесінде 787 жаңа жұмыс орны құрылып, бұрынғы шахта қызметкерлерінің бір бөлігі қайта даярлаудан өтіп, жаңа өндірістік форматқа бейімделді. Бұл – өндірістік шешімнің әлеуметтік салдары бар екенін көрсететін мысал.
«Дайын өнімге дейінгі бүкіл процесс дәл осы кен орнынан бастау алады.Ұзақ мерзімді жоспарлаудан бастап, жылдық, айлық және апталық бөліністегі қысқа мерзімді жоспарлаумен жалғасады. Бізде тау жыныстарын қопсыту бұрғылау-жарылыс жұмыстары арқылы жүзеге асырылады. Алдымен бұрғылау жүргізіледі, содан кейін жарылыс арқылы тау массиві қопсытылады, соңында экскавация жасалады. Экскавациядан соң, өндірілген материалдың сипатына байланысты тауарды кен бе немесе бос жыныс па оны тиісті бағытқа тасымалдаймыз»,- дейді тау-кен байыту комбинатының бас инженері Қуаныш Мүбаракұлы.
Оның айтуынша, карьердің жұмыс істеп жатқанына биыл алтыншы жыл.
«Жыл сайын 5-6 миллион тонна тауарлы кен өндіреміз. Уақыт өткен сайын жаңа технологиялар мен әдістер енгізілуде, адамның қолымен істелінетін дүниелер онлайн басқару жүйесімен автоматтандырылуға көшті», - дейді бас инженер.
2021 жылы «Ақсу-2» алтын өңдеу фабрикасы іске қосылып, жобалық қуаты жылына 5 млн тонна рудаға жетті. Фабрикада ұсату, классификация, цианидтік шаймалау, көмірге адсорбциялау, электролиз және құю процестері бір технологиялық тізбекке біріктірілген. Қазіргі уақытта фабрика жұмысының шамамен 90 пайызы автоматтандырылған. Бұл көрсеткіш тек тиімділікті емес, сонымен бірге еңбек қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Бұл жерде модернизацияның өндірістік тиімділікке әсері бірнеше қабатта көрінеді:
• жоғары өткізу қабілеті (тоннаж);
• автоматтандыру деңгейі;
• сапа мен қауіпсіздік стандарттарының күшеюі;
• технологиялық процестің тұрақтануы.
Фабрика басшысы Ерасыл Нұраабдуллаұлы ұсату және мақсатты өлшем туралы нақты көрсеткіш келтіреді:
«Біздің дайындау процесінің басты мақсаты карьерден алынған үлкен ірі тастарды өзімізге керекті деңгейге дейін ұсату. Бізге дәл қазіргі уақытта керекті деңгей P 80 бойынша 71 микро метр.(0,071милиметр). Одан кейінгі процесс бізде классификация әдісі ретінде гидроциклондар орнатылған. Гидроциклоннан дайын болған өнімді SIO процесіне барады. Сианиттік шаймалау арқылы алтынның формасы өзгертіледі, яғни ірі күйден майда ұсақ атомдық күйге дейін өзгерту. Формасын өзгерткен алтынды активтендірілген көмірге отырғызып, сол тазарған алтынды алып диссорса процесінде өзіне қарама-қарсы бағытта сұйық күйге өткізу. Одан кейін электролизді әдісте катот арқылы отырғызып, катоттық ұнтақтар алып шығамыз. Катоттық ұнтақтар пешке барған уақытта бізге алтын құймаларына айналады. Алтынның орташа көрсеткіші 1 тонна рудаға шаққанда 0,8 граммды құрайды. Яғни 1 тонннадан 0,8 грамм алтын алып отырамыз», - дейді ол.
Жалпы, аталмыш технологиялық шешімдердің барлығы – жүйелі түрде салынған инвестицияның нәтижесі. Соның арқасында кәсіпорын өндірісті дамытып қана қоймай, еңбек өнімділігін арттырып, кенішті игеру мерзімін ұзартып отыр.
Өндірістік жобалардың өңірге ықпалы – «зауыт қақпасынан» шыққан кезде басталады. 2025 жылы компания мен өңір әкімдіктері арасында жалпы көлемі 28 млрд теңгеден асатын ынтымақтастық меморандумға қол қойылған. . Степногорск қаласында құны 12 млрд теңгелік дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды, ал келесі жоба ретінде 10 млрд теңгеге 1 000 орындық мектеп салу жоспарланған.