Қазақстанда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік (ШОБ) субъектілерінің саны айтарлықтай қысқарды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 1 наурыздағы жағдай бойынша елдегі ШОБ саны 2,1 млн компанияны құрады, бұл жыл басымен салыстырғанда 3%-ға немесе 64,2 мың кәсіпорынға аз, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ең үлкен құлдырау жеке кәсіпкерлер (ЖК) сегментінде байқалады: небәрі екі айдың ішінде олардың саны 73,4 мыңға азайып, 1,5 млн субъектіні құрады (-4,7%).
Сонымен қатар, кейбір бағытта өсім тіркелді. Шағын кәсіпкерлік субъектілері саналатын заңды тұлғалар саны 375,4 мыңға жетіп, 0,7%-ға артты. Орта кәсіпкерлік субъектілері 3,1 мыңға (+0,2%) көбейді. Сондай-ақ 2025 жылғы төмендеуден кейін фермерлік және шаруа қожалықтарының саны 249,3 мыңға жетіп, 2,6%-ға өсті.
Өңірлер бойынша ең көп бизнес Алматы қаласында шоғырланған – 388,5 мың кәсіпорын. Алайда жыл басымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 15,1 мыңға немесе 3,7%-ға азайған. Астанада кәсіпкерлік субъектілері 6,4 мыңға (-2,3%), Түркістан облысында 5,8 мыңға (-2,7%), Шымкентте 2,9 мыңға (-2,1%) қысқарған.
Салалық құрылым бойынша ең көп кәсіпорын сауда саласында жұмыс істейді – 742,4 мың. Дегенмен бұл секторда да 10,4 мың кәсіпорынға азаю байқалды. Көлік және қоймалау саласында 11,5 мыңға (-6%), құрылыс саласында 1,4 мыңға (-1,2%), өңдеу өнеркәсібінде 2,6 мыңға (-2,4%) қысқару тіркелді. Ал ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында керісінше 1 мың кәсіпорынға (+0,4%) өсім байқалған.
Бұған дейін Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин жаңа шектеу шараларына байланысты Қазақстанда 300 мыңға дейін компания жабылуы мүмкін екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, бұл негізінен бизнесті жасанды түрде бөлшектеумен айналысқан кәсіпорындарға қатысты.