×

Жамбыл облысының тұрғыны сақардан емдік сабын жасайды

Ол өте пайдалы, тері ауруларына емі бар және ешқандай аллергия тудырмайды

Жамбыл облысының тұрғыны сақардан емдік сабын жасайды

Жамбыл облысы Рысқұлов ауданы Қайыңды ауылының тұрғыны түрлі шөптер мен ағаштардан сабын жасап шығарады. Ауыл тұрғындарының айтуынша, Ардақ Кәмілжанқызының өнімі - жай сабын емес, емдік сабын. Қытайдан келген қандасымыз сабын ғана емес, түрлі жуу құралдарын да қолдан жасап отыр, деп жазады Qaz365.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазір нарықта шетелдік компаниялардың «құрамы экологиялық таза» деп жазылған, жарнамасы жер жаратын түрлі сабындары, тазартқыш және жуу құралдары өте көп.

Бірақ құны шарықтап тұр. Осы тұрғыдан алғанда Қайыңдыда өндірілген гигиеналық құралдардың бәсі биік. Өйткені, сапасы жоғары, бағасы қолжетімді.

«Біз Қытайдан келген қазақпыз. Білесіздер, ол жақта емшілік, шипагерлік, халық медицинасы өте жақсы дамыған. Медицина саласында өсімдіктер мен шөптер көптеп қолданылады. Мен сол жақта сабын шығаратын зауытта жұмыс істедім. Тәжірибе жинақтай жүріп, ондағы мамандардан әр ағаш пен шөптің емдік қасиеті жөнінде сұрастырып, әбден іздендім. Сол білімім мен тәжірибемді Отаныма оралған соң ел игілігіне пайдаланғанды жөн көрдім. Қазақстанға оралғанымызға көп бола қойған жоқ. Ауданның тауға жақын орналасқан Қайыңды ауылына қоныстанып, үйден шағын цех аштым. Мұнда жоқ өсімдіктерді Қытайдан алдыртамын», - дейді шебер.

Оның айтуынша, жуу құралдарын жасауға ең қажеттісі – сақар. Ертеде әжелеріміз кір жуатын қара сабынды сақардан жасаған.

Әлі де ел ішінде қолдан қара сақар сабын жасайтындар бар. Ол өте пайдалы, тері ауруларына емі бар және ешқандай аллергия тудырмайды.

Оны дайындау үшін Ардақ Кәмілжанқызы алдымен сары қурайдың сақарына зәйтүн майын қосып қайнатады. Сосын минералды тұз қосады.

«Мұнда қайнауының өзіне мән беру керек, қатты бұрқылдамай, жай, баяу отта тербетіле қайнағаны дұрыс. Одан соң қолға арналған май, теріге пайдалы дәрумендер сұйықтығын және зиянсыз көпірткіш қосамын. Дайын болған кезде жылдамдатып қалыпқа құямын. Әр сабынға пайдалану мақсатына қарай жемжеміл, көкемарал, адыраспан, алоэ, қияр, қарт қарағай секілді өсімдіктерді қосамын. Оның біреуі шаш түсуін тоқтатса, екіншісі іштегі суықты, желді кетіреді, тағы бірі тері ауруларына ем. Балдан жасалған түрін көбіне әйел адамдар бет күтімі үшін алады. Ол созылған теріні жинақтап, түсін ағартады. Әр өсімдіктен алынған сабынның түстері де әртүрлі болып шығады. Ешқандай аллергия тудырмайтын, зияны жоқ, негізгі қоспалардан қайнатылған сұйықтықты ыдыс жууға арнап әзірлеймін. Онымен тек ыдыс қана емес, көкөніс, жеміс-жидекті де жуып, залалсыздандыруға болады», – дейді Ардақ.

 

Байқағанымыз, жас кәсіпкер өз ісінде қазақы құндылықтарға баса мән береді.

Өнімдерінің қорабындағы ақпараттар да тек қазақ тілінде жазылған.

Қандасымыз экологиялық жуу құралдарын өндірудің қазақы брендін қалыптастырғысы келетінін де айтып қалды.

Әзірге оның тұтынушылары бұл өнімдердің қасиетін білетін шағын ғана орта болып отыр.

Көбіне Алматы өңіріндегі сырттан келген қандастар көптеп тапсырыс беріп, сатып алады. Сосын өнімді пайдаланып, әсерін байқаған - ауылдағы тұрғындар.

«Әзірге тапсырыспен ғана шығарып отырмын. Көптеп шығаруға қол күші аз болып тұр. Егер қажетті аппараттарды алсам, әрқайсысына екі адамнан жұмысшы жалдар едім. Себебі, бір адам шикізатты құйып тұрса, екіншісі дайын болған өнімді қалыпқа құюы керек. Сонда өнімділік те артады. Аз ғана әзірлесем де, қазірдің өзінде сұраныс жоғары, себебі бағасы қолжетімді. Мысалы, 400 грамдық құтыға құйылған ыдыс жуатын сұйықтықты 600 теңгеден сатып жатырмын. Бір құтысы екі ай пайдалануға жетеді. Ал, емдік сабын 1 мың теңгеден», – дейді Ардақ Кәмілжанқызы.

Әзірге машақаты көп бұл жұмыстың бәрін Ардақ жалғыз өзі атқарып жүр.

Егер қайнатпаны дайындайтын құрылғылар алса, шағын цехын кеңейтіп, шаш жууға арналған сусабын мен бальзамның да экологиялық таза түрлерін өндіргісі келеді.

Алайда, оған қаржылай қолдау қажет.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Кәсіпкер Әсем Ғалымқызы: Құрақ көрпемен әлем нарығын жаулаймыз
Кеше, 13:33

Кәсіпкер Әсем Ғалымқызы: Құрақ көрпемен әлем нарығын жаулаймыз

Әсем құрақ құрап қана қоймай, жамылғы мен махаббат көрпесін тігудің тың техникаларын жете меңгереді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →