Қазақстанда венчурлік капиталды дамыту қаншалықты тиімді?
Qaz365.kz-тің кезекті қонағы – Bugin holding директоры, Daryn.online жобасының негізін қалаған кәсіпкер Айбек Қуатбай. Айбек мырзамен Қазақстандағы венчурлік қаржыландыру мәселесін талқыладық. Білікті IТ маманның өз айтары бар.
Qaz365.kz: Қазақстанда венчурлік капиталды дамыту қаншалықты тиімді?
Жауап: Негізі венчурлік капитал қай елдің заңнамалары стартап жасауға ыңғайлы болса және оған дейінгі стартаптар көбірек жетістікке жеткен жағдайда тез дамиды. Ал енді, қаншалықты дамыту керек деген сұраққа келер болсақ, неғұрлым дамытқан сайын соғұрлым жаңа стартаптар, жаңа ғылыми жобалар көбейе береді. Қарапайым ықтималдық теориясы 10 жобаға қаражат салсаң, кем дегенде бір жоба шығады. Бұл – әлемдік көрсеткіш. Мүмкін, Қазақстанда заңнамалық актілер дұрысталса, экожүйе қалыптасса, 10-нан 1-ге жетеміз, әзірге тек 100-ден 1 болып тұр. Қазір мұндай жобаларда көбінесе алаяқтардың жолы болып тұр. Олар венчурлік қаржымен керемет презентация, керемет жоба жасап, инвестордың алдына апарады. Мысалы, менде 1 000 000 доллар бар, 20 жобаға 50 000 доллардан бөліп беремін. Егер сол ақша түгел мақсатты жұмсалып, жобалар жасалып немесе жүзеге аспай қалса да әділетті болар еді. Алайда ақша мүлдем мақсатты жұмсалмай, қыдыруға, шетелге баруға, көлік алуға жұмсалып, аманатқа қиянат жасалса, әлбетте әділетсіз болар еді. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар жиі кездеседі. Бір қызығы, мұндай құбылыс тек біздің елде ғана емес, экономикалық жағдайы бізден де жоғары елдерде де бар екен. Адамзат тарихындағы ең үлкен венчурлік алаяқтық «We work» деген компанияда болған, ол компания «Coworking» желісін жасаумен айналысқан, олар компанияның бағасын 40 миллиард долларға дейін жеткізіп, соңында 2-3 миллиард долларды кіргізіп, заңсыз жолмен ақша шығарып, соңында компания банкрот болады. Жалпы кез келген инвестиция тарту – сату өнері. Өз идеяңды, өз қабілеттеріңді инвесторға сату. Сондықтан, менің ойымша, бұл әлемде болып жатқан капиталистік қоғамның айырылмас бір бөлшегі, яғни идеяға ақша салатын капиталистер. Венчур деген сөз «Adventure» деген ағылшын сөзінен шыққан, қазақша шытырман деген мағынаны білдіреді. Былайша айтқанда, шытырман идеяларға ақша салу. Біздің компаниямызда венчурлік инвестор жоқ, біз өзіміздің бұрынғы кәсіптен тапқан ақшаны қайта өзімізге салып, одан шыққан ақшаны қайта өзімізге салып, солай-солай дамыдық. Сырт көзге көрінбеуі мүмкін, холдингтің сәтті бес жобасы бар. Бізде неге сәттілік коэфициенті 30 пайыз? Себебі біз өз ақшамызды өзімізге құйып жатырмыз. Ал, венчурлік қаржыға олай қарай алмайсыз, ақшаға деген қарым-қатынас әлемде болып жатқан құбылыс. Тек Қазақстанда бұл құбылыста жауапсыздық кең етек жайған. Менің ойымша, Қазақстан – Орталық Азиядағы IT саласы бойынша венчурлік қорлары бар ең дамыған мемлекет. Түркияның өзі экономикалық, демографиялық, тіпті, тарихының тереңдігінен алып қарасаңыз да бізге қарағанда дамып кеткен ел. Бірақ IT, венчурлік бойынша қарар болсақ, адам басына есептегенде бізден деңгейі бізден төмен.
Qaz365.kz: Бұл көрсеткішке ненің арқасында жеттік деп ойлайсыз? Бұған сырттан келген компаниялардың үлесі болуы мүкін бе? «Indriver»-ді Қазақстанға 600 адамымен ұшақ жалдап алып келді. Ол жайында хабарыңыз барма еді?..
Жауап: Бұл туралы хабарым бар әрі осындай компаниялардың Қазақстанға келгеніне өте ризамын. Неге дейсіз бе? Бәлкім, біз олардың салығынан пайда таппауымыз мүмкін, бірақ сол 600 адамның ойлау деңгейі, 72 елде стартап жасағаны міндетті түрде біздің азаматтарымызға әсер етеді. Біздің компанияның 10 шақты адамы сол компанияның 20 шақты адамымен сөйлеседі. Мәдени орталық болғандықтан, театрлар, концерттік орындар, қыдырып, серуендейтін жерлер де көп болғасын бәрі Алматыға ұмтылады. Бұл қалаға да бүкіл Қазақстаннан сүт бетіне шыққан қаймақтай азаматтар жиналған ғой, сол секілді біздің елге келген «Indriver» компаниясының жұмысшылары да мықты мамандар деп ойлаймын. Төрт елде стартап жасаған кәсіпкер ретінде маған 72 елде стартап жасаған компанияның жұмысшыларымен тәжірбие алмасу өте қызық. Мен мұны құптаймын, ұшақпен әкелгені тіпті жақсы болған екен. Дуровтың келіп жатқанын да құптаймын, алайда ол Павел Дуровты пір тұту емес, бұл – оның 3 миллион аудиториясына Қазақстан туралы жақсы ақпарат жазып, Қазақстанның цифровизациясын атап өтуі жақсы құбылыс екенін жеткізгім келеді.
Енді бұл көрсеткішке не әсер еткеніне келетін болсақ, ең бірінші «Болашақ» бағдарламасы әсер етті. Оны жоққа шығару мүмкін емес, бұл бағдарлама бойынша 20 мыңға жуық адам білім алып келді. Олар шетелдің қалай дамып жатқанын, олардың цифрландыруға қалай өтіп жатқанын, шетелдегі кішкентай IT-стартаптар қалай әлемді бағындырып жатқанын көріп, біліп келді. Екінші себеп, қазір әлемде математикадан жетістікке жетіп жатқан үш ел бар, олар – Қытай, Америка және орыс тілділер. Ал бағдарламалаудың түбі – математика, венчурлік қорлардың бәрі тек қана IT жобаларға ғана ақшаны салады. Өндіріске немесе күнбағыс шығаратын компанияға ақша салатындар кемде-кем. Енді ТМД елдерін алып қарайтын болсақ, венчурлік тарихы ең жақсы дамыған Ресей, одан кейін Украина (бұл ел ТМД-да жоқ, бірақ бұрынғы КСРО-ның құрамында болған мемлекет деп айтсақ дұрыс болар), үшінші Прибалтика елдері, одан кейін Қазақстан. Қазақстан – СССР құрамында болған түркі елдерінің ішінде сөзсіз нөмірі бірінші ел. Бізде «Kaspi.kz» пен «Freedom» ең алғаш қолға алынып, көптеген жас мамандардың арманын жетілдіріп тастады. Біз де осындай компания бола аламыз, жұмыс беруші де, жұмыс істеуші де қазақстандықтар болатын үлкен компания бола аламыз деген арманы мақсатқа айналған жігіттер көбейді. «Kaspi.kz» негізгі өте пайдалы кейс. Стартаперлердің арманы мақсатқа айналды, ал инвесторлардың көзі ашыла бастады. Оларда Қазақстан деген ел бар екен, миллиардқа кенелген компания шығыпты, бұл елге барып ақша құю керек екен деген ой пайда болды. Бұдан венчурлік тарих дамиды. Өз басым Бағдат Мусинді өзінің тарихи миссиясын атқарған министр деп есептеймін. Керек уақытында келді, керек дүние жасай алды, әрине, кемшілік әрбір қызметкерде, әрбір шенеуікте болады. Бірақ ең бастысы заңнамалық актілер мен егов жүйесін жақсы дамыта алды.
Qaz365.kz: Венчурлік қаржыландырудың болашағы және Қазақстан, осы туралы айта аласыз ба?
Жауап: Біз дәл қазір венчурлік капиталға мектеп ретінде қарайтын болсақ, ол бастауыш мектебін толық қалыптастырды. Қазақстанда кез келген идеясы бар адам, 50 000, 100 000 долларды оңай табады. Бірақ, венчурлік капитал екінші кезеңге, яғни орта сынып кезеңіне өте алмай жатыр, ол не деген сөз?.. Мысалы, 100 стартапқа ақша салынып, 1 стартап қалды, соған келесі раундқа 1-2 миллион керек дейік, қазір бізде сондай қаржы салатын венчурлік қорлар жоқ. Тек қана стратег деген ұғым бар, оны салыстырмалы түрде университет деп қарасақ, Турлов секілді бизнесмендер 5-6 сыныптың баласын бірден университетке алып кетіп жатқан сияқты. Бір этап қалып кетіп, арада бір қадам емес, бірден үлкен қадамдар жасалып кетіп жатыр. Бұл орта деңгейлі венчурлік қаржыландыру қалыптаспай жатыр дегенді білдіреді.
Жоғарыда айтқанымдай, идеясы аздап алға жүзеге асқан адамдар 2-3 миллиондық доллар қаржы салатын екінші деңгейлі қорлар жоқ болғасын, амал жоқ компанияның 30-40%-ын алуға итермелейтін қадамға, яғни Турлов секілді бизнесмендерге барады.
Qaz365.kz: Екінші деңгейлі қорларды қалыптастыру үшін не істеуіміз керек? Қашанғы біз жоғарыда атап өткен компанияларды мақтан ете береміз?
Жауап: Екінші деңгейлі қорларды қаржыландыру үшін, менің ойымша, әлемдік венчур инвесторлардың форумын жасау қажет, мұндай екінші деңгейлі қорлар дамыған елдерде көбінесе банктер ашылады. Олар тек қана несие беріп, депозит жимай, осындай қорларды ашады. Мысалы, «Jusan», «Forte» деген секілді. Демек, бірінші шетелден инвестор тарту керек, бізде осындай платформа бар, осындай мүмкіндіктер, заңнамалық актілер, салықты жеңілдетеміз, алдағы бес жылда дивидент немесе өзіңе тиесілі бөлікті сататын болсаң салық болмайды деген сияқты жеңілдіктер жасап шақыру керек. Екінші деңгейлі банктер, жекеменшік банктер компанияны түбінде өзіне алып қалу үшін қор ашпайды, пайда табу үшін ашады. Мысалы, бір жобаға 5 миллион доллар саламын, бір жылдан кейін менің ақшам 10 миллион доллар болған кезде мен шығып кетемін деп ойлайды. Түбінде оны Турлов ала ма, басқа ала ма, соңғы этап оның жұмысы емес. Үшіншіден, мемлекет пен кәсіпкер ортақ жобаға бірігіп ақша құяды. Төртінші сектор – корпоративті үлкен компаниялар, бірақ жобаларды түбінде өзіне сатып алу үшін қор ашады. Оларды «Стратег» қорлар деп айтады. Бұл – түбінде компанияны өзіне жұтады дегенді білдіреді. Мәселен, «BI Group» дәл осылай жасап та көрді. Жобалардың бәрін сатып алды.
Qaz365.kz: Венчурлік қорлар арқылы қай мемлекеттер жетістікке жетті? Қандай кейстері бар?
Жауап: Ең бірінішісі – АҚШ, «Кремний алқабы». Венчурлік жобаның арқасында екеуміз екі елде отырып видео арқылы сөйлесіп отырмыз. «Whatsapp» қандай ақшаға жасалды? 2011 жылы екі украиндық жігіт венчурлік қордан ақшаны алып, соңында «Whatsapp»-ты дамытты. «Whatsapp» «Facеbook»-қа сатылғанда 33-ақ адамы бар компания болған. 33-ақ адамы бар компания 16 миллиард долларға сатылды, яғни бұл да бір инновация, венчурлік ақша арқасы, олар сол сенімді ақтады.
Екінші мысал, дұрыс, нәтижелі жобаны ойлап тауып, керемет жобалар жасап жатқан мемлекеттің бірі – Қытай, ондағы «Alibaba» мемлекеттің ақшасына жасалған жоқ, ол да венчурлік қордың ақшасы. Соңғы 20 жылда өте жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Қазір жасанды интеллект бойынша бірінші орында, патенттер саны жағынан да Қытай көш бастап тұр.
Үшіншісі – Еуропа елдері, төртіншісі – Израиль, бірақ бұл елдің ісі өнбей кетті, соңғы 20 жылда аса қатты жаңалық жоқ. Нақты объективті түрде айтсақ, мықты манмадардың көбін әлемдегі алпауыт компаниялар жұтып қойды.
Qaz365.kz: Жалпы Қазақстанда венчурлік қорлар арқылы пайда болған өнімдер бар ма?
Жауап: Мысалы, «Chocofamily» компаниясы қаншалықты мықты жетістікке жетті деп айтуға болады?.. Әзірге «Freedom» мен «Kaspi.kz»-ден басқа бағасы нақты 200 миллион доллардан асқан жоба жоқ. Оған біз ұмтылып жатырмыз, оған «Chocofamily» ұмтылып жатыр, басқалары да тырысып жатыр, бірақ әзірге ондай компания жоқ.
Qaz365.kz: Қазақстанда қай саладағы стартапқа венчурлік қаржы салуға болады?
Жауап: Бізде халық абстрактілі ойлайды, сәйкесінше математикасы жақсы. Соның негізінде жақсы институттар құрылды, жақсы кейстер шықты. Біздің елімізге Латвия, Литва, Эстония деген секілді Қазақстанға не керек деп емес, Қазақстандықтар әлемге не бере алады деген оймен ақша салу керек. Қазақстанның нарығы кішентай нарық, мұндай нарықта миллиардтық компания жұмыс істеу үшін қаржы технологиясы саласында жұмыс жасауың керек. Енді мынаған қараңыз, «Wolt»-ті білесіз ғой? Шыққан тегі қай жер? Эстония, кіп-кішкентай, екі миллион халқы бар. Израильде, Эстонияда венчурлік қаржылар былай жұмыс істеді: Сенде жоба бар ма? Бар. Қанша адамға арналған? Бүкіл әлемге дейсіз де, Алматыда отырып бүкіл әлемге арнап жоба жасайсыз. Менің ойымша, бізге мектептен бастап оқушылардың кәсіби дағдыларын (soft skills) дамытып, коммуникациясын жақсарту керек. Қазақстанға нақты не керек? Қазақстанда тамаққа онлайн тапсырыс бере аласың, газет-журнал оқи аласың, адамға ақша жібере аласың, билетті онлай сатып ала аласың, негізі IT саласы жақсы дамыған. Тіпті, бейнабақылау арқылы айыппұл келіп тұрады. Қазақстан цифрлық даму жағынан әлемдік рейтингте 8-орында тұр. Менің ойымша, осы жетістікті пайдаланып, әлемдік жобаларды жасауға ұмтылу керек сияқты. Ал әлемде проблема көп, мысалға, климаттық проблемаларды шешуге, ауыл шаруашылығындағы судың маңыздылығы туралы IT-стартаптар жасауға болады. Сондай-ақ, бұл Қазақстанға ғана маңызды емес, Өзбекстанға сат, Қырғызстанға сат, бүкіл әлемге сат. Био, агро, денсаулық, климат саласында әлемдік деңгейде стартаптар өте өзекті болады деп есептеймін. Білім саласын да ұмытпау керек, өзім де білім саласында жүрмін.
Qaz365.kz: Әңгімеңізге рақмет! Ісіңізге сәттілік тілейміз!