×

Асима Нарбекқызы: Инвестиция тартудан көшбасшы елміз

Әртараптандыру дегеніміз – тек бір сала не бір бағытта ғана жұмыс істеу емес, түрлі салалар бойынша жұмылдыруды қажет ететін процесс

Асима Нарбекқызы: Инвестиция тартудан көшбасшы елміз
Фото: ашық дереккөзден

Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында экономиканы әртараптандыру, отандық өнімнің сапасын арттыру, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселесі өзекті екенін қадап айтты. Осы бағытта экономикалық құрылымның жаңа тетіктерін қалай жүзеге асырамыз? Әлеуметтік-экономикалық дамудың нақты қадамы мен мүмкіндіктері қандай? Дәл осы сауалды «Тұран» университеті «Экономика және менеджмент» Жоғары мектебінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы Дәуренбекова Асима Нарбекқызына қойған едік, деп хабарлайды Qaz365.kz.

- Нарықтық экономикаға көшуде Қазақстанға сай келетін экономиканың моделі қандай болу керек?

- Орынды сауал. Нарықтық экономикадағы модель элементтермен бірге үйлесімді тетіктердің жиынтығынан тұратынын ескерсек, елімізде жетілдірілген әрі тиімді жұмыс істейтін экономикалық модель толық қалыптасты деуге әлі ерте. Себебі біз әртүрлі дамыған елдердің экономикалық модельдерін құруды мақсат етіп қойдық. Сол бойынша осы саладағы ғалымдарымыз, үкімет және басқарушы органдар шетелдің озық үлгілерін отандық экономиканы дамытуды қолға ала отырып, қалыптастырумен де айналысып келеді. Алайда ұлттық ерекшелігімізге қарайтын болсақ, экономикалық модельдің қалыптасуы қиын. Үйлесімді түрде жұмыс жасаған жағдайда ғана алға жылжу болады. Мысалы, кейбір мемлекеттерде бір саланың өзі жан-жақты дамуына байланысты локоматив ретінде басқа салалардың да дамуына түрткі екені айқын. Бізде де ондай тәжірибелер қолданылды. Экономикалық зоналар құру бойынша да көп жұмыстар жасалды. Бірақ, өкінішке орай тиімділік бере алмады. Сондықтан экономикалық модельдің толық қалыптасып, жақсы жұмыс істеуі үшін салалық бағыттарымыз жете дамуы қажет.

Аграрлық мемлекет болғандықтан, біздің ауыл шаруашылығымыз жақсы дамуы керек. Осылайша  локоматив ретінде олардың өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың жұмысын жандандыра түсу маңызды. Жерасты кендерімен бай елміз. Мұнай өңдейтін 300 заводымыз бар. Атырау, Шымкент, Ақтаудағы мұнай өңдеу заводтары – өндірістің қуаты. Экономикалық модельдің дамуына біраз жылдар кетеді.

Құрылыс немесе азық түлік өндіретін кәсіпорындар бүгінгі күні жақсы жұмыс істегенімен, кейбірі қалыпты деңгейде емес. Сол себепті экономиканың барлық салаларында экономикалық модель үйлесімді дамуы қажет.

- Қазіргідей экономикалық құбылыстарда инвестиция тартудың пайдасы мен зиянына тоқталсаңыз?

- Бүгінгідей жаһандық құбылыстарда орын алып жатқан жағдайлар, геопозициялық саясат, Ресей мен Украина арасындағы соғыс біздің экономикаға салқынын тигізді. Көрші қытай елі сату мәселелерін жүргізгенде тауарларын Қазақстан арқылы жіберіп, транзиттік мемлекет болып отыр. Одан еліміз көп пайда көріп отырған жоқ. Сондықтан осы мемлекеттердің  жасап жатқан геосаясаты біздің экономиканың артықшылығы мен кемшілігі деп нық айтуға болады.

Инвестиция тартуда, нарықтық экономикаға көшу кезеңінде де белсенді жұмыс жүргіздік. Тек инвестицияны қай салаларда басымдық беріп, қай бағытта азайту керегіне жіті мән бергеніміз жөн.

Сыртқы инвестиция мәселелерінде біз көшбасшы мемлекеттер қатарындамыз. Инвестиция тартудың ішкі және сыртқы ахуалына анализ жасап, ұтымды пайдалануымыз керек. Бұған өз ішімізде құрылған қорларды да тартуға болады.

- Президентіміз Жолдауда айтқандай, экономиканы әртараптандыру кезек күттірмейтін  мәселе. Маман ретінде құрылымдық экономиканың басым бағыты деп нені айтар едіңіз?

- Әртараптандыру дегеніміз – тек бір сала не бір бағытта ғана жұмыс істеу емес, түрлі салалар бойынша жұмылдыруды қажет ететін процесс. Импортпен келіп жатқан тауарлардың санын қысқарту мақсатында бұрын тоқтап қалған жеңіл өнеркәсіп сияқты салаларды қайта іске қосып, оны әріқарай дамыту керек болатынбыз. Бұл жөнінде 5-6 жылдықтағы Жолдауларда да айтылды. Құны жоғары шикізат түрлерінен тауар шығару арқылы жұмыс орындарын ашу, халықтың өмір сүру деңгейін көтеру деген мәселелерді шешуге өз ықпалын тигізеді. Сондықтан бұл әртараптандыру мәселесі тез арада шешім табатын өзектілігі жоғары стратегия деуге болады. Соның ішінде құрылымдық экономиканың басым бағытын жетілдіруге күш салу қажет.

Агроөнеркәсіп кешендерін дамыту, шикізат негізінен өнімдер шығару, индустриялық-инновациялық саясатқа байланысты жаңа индустрияны жүйелеу жұмыстары кезек күттірмейтін мәселе деп айтар едім.  

Әртараптандыру жайлы сөз болғанда білім саласын дамытуды тілге тиек еткім келеді. Кәсіптік техникалык білім беру мәселесін шешу үшін білім гранттарының саны артты. Колледждерде жұмыс орындарын ашу ұтымды екені айтпаса да түсінікті. Жастарды кәсіпке үйрету арқылы теорияны ғана емес, тәжірибе тұрғысынан да танымдарын кеңейтуіміз керек. Білім саласындағы құрылымдық жұмыстарды жүргізгенде, нақты қай мамандықтың ел экономикасына ауадай қажет екеніне анализ жасау маңызды қадам саналады.

- Биыл елдегі инфляция соңғы екі айда 8,6 пайызға төмендеді. Бірақ қызметтер қымбаттап, тауарлар бағасы өсіп барады. Осы екішұшты динамикаға не айтасыз?

- Соңғы кездегі статистика көрсеткіші бойынша инфляцияның төмендегеніне өз басым сене қоймаймын. Себебі баға шарықтап барады. Ақшаның құнсыздануына біздің өмір сүру деңгейіміздің төмендігін қосыңыз.  Күнделікті тұтынатын азық түлік кызмет түрлері халықтың алатын енбекақысына кедергі келтіріп отыр. Бұл мәселе, әрине экономикалық өлшеммен қарасақ, еңбек өнімділігін жоғарылатумен ғана шешіледі.

Экономикалық қарама-қайшылықтарды тауар бағаларының өсуінен аңғарамыз. Үкімет тарапынан бұған тексеріс жүргізіліп, шектеулер қойылмаса, нарықтағы бағаның өсуі шарықтай береді. Сәйкесінше қызметтер бағасы өссе, еңбекақы да соған сай көтерілуі керек.

- Экономикалық өзін-өзі қамтамасыз етуде ұлттық экономикалық мүдденің классификациясы қандай болу керек деп ойлайсыз?

- Экономикалық мүдде қалыптасатын бірнеше спекторлар бар. Мәселен, импорт алмастыру саясатын дұрыс жүргізсек, біз қалаған тиімді нәтиже алуға болады. Мысалы, автомобиль шығару не құрастыру әртүрлі техникаларды жасау бойынша тікелей импортқа тәуелдіміз. Тіпті медициана саласындағы дәрілер мен косметика өнімі де соған байланысты.

Экономикалық мүдденің классификациясы жас мамандардың жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету, агроөнеркәсіп кешендерін дамыту, ұлттық ерекшелігімізге сай бағытта брендтік өнімдерді әлемдік нарыққа шығару арқылы көрініс табады.

- Сұхбатыңызға рахмет!

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдады
Кеше, 12:41

Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдады

Ұлттық банк инфляция деңгейін 5 пайыз төңірегінде ұстап тұру ақша-кредит саясатын ұстанады
Форумның ана тілімізде өтуі – іскерлік тілді қазақыландыру жолындағы маңызды қадам
RAMS QAZAQSTAN компаниясы өз қызметін 1997 жылдан бері жүргізіп келеді
Облыс аумағында жалпы ауданы 96,6 мың гектар «Алатау» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →