Өңірде екі ірі өндіріс орны ашылған.
Жапонияның Қазақстандағы елшісі Джун Ямада Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевпен кездесті. Кездесуде екі ел арасындағы экономикалық және мәдени өзара іс-қимылды дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Жапония Қазақстанды Орталық Азиядағы серіктестік пен ынтымақтастықтың негізін құрайтын мемлекет ретінде таниды» деп сөз бастады Джун Ямада.
– Мен әрқашан Қазақстан мен Жапонияны бауырлас, әріптес мемлекеттер деп ойлаймын. Біз сіздердің елдеріңізді Орталық Азиядағы шешуші ел деп санаймыз, «Күншығыс елі» өз мүмкіншілігін кеңейту үшін Астанада ғана емес, Алматыда да өкілдік ашуға ниетті, - деп атап көрсетті елші .
Өз кезегінде Марат Сұлтанғазиев бірлескен жобалардың маңыздылығына тоқталды.
– Дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына биыл 32 жыл толыпты. Осы кезеңде біз достық пен серіктестік рухында жемісті жұмыс істейміз. Өңірімізде жапон капиталының қатысуымен екі ірі өндіріс орны – JTI және Mаревен фуд Tянь-Шянь» ашылды, олар бүгінде облысымыздың негізгі салық төлеушілерінің бірі болып табылады, – деді.
Кездесудегі басты тақырып экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың келешегі жайлы болды. Білім беру кластерін құру туралы жаңа жобасын жоспарлап отырған Алатау қаласына, Жапония елшісі қызығушылық танытты. Жапон тарапы оқу мен инновацияның бірегей кеңістігін құрудағы тәжірибесін бөлісе алатындығын жеткізді. Сонымен қатар Алматы облысы өз тарапынан мегаполис аумағында медициналық кәсіпорындар мен емханалар салатын серіктестерге, қолайлы жағдайлар мен жеңілдіктер жасауға дайын екенін жасырмады.
Дәстүрлі түрде ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлінді. Облыс ауылшаруашылық өнімі бойынша еліміздің екінші орындағы өңірі, сондықтан да Жапония нарығына шығуға ұмтылыс танытуда.
«Біз жапондық нарыққа шығуды қалаймыз, бірақ бұл өте қиын. Сондықтан бізге осы мәселеде, әсіресе Күншығыс елінде қабылданған жоғары сапа стандарттарын сақтауда көмек қажет», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Джун Ямада бұл бастаманы қолдап, оны өз нарығында ілгерілетуге көмектесуге уәде берді. Сонымен қатар, ол Жапонияда қазақстандық жылқы етінің танымалдылығы жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.
Кездесу барысында елші өңірде жаңа Toyota автобөлшектер орталығының іске қосылғанын хабарлады. Джун Ямада сонымен қатар Жапония премьер-министрінің Қазақстанға іс-сапармен келуіне ықпал жасайтынын айтты. Оның айтуынша, мұндай сапар Жапонияның Қазақстанмен және Орталық Азияның басқа да елдерімен әріптестікті нығайту жөніндегі стратегиясының бастамасы болуы мүмкін.
Кездесу соңында тараптар екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамытудың және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын ашудың маңыздылығын айтты. Оның ішінде Қонаев қаласында арнайы экономикалық аймақ құру және өңірдің тамақ өнеркәсібін дамытуды сөз етті. Жапондық әріптестердің инвестиция салуға және тәжірибе алмасуға деген қызығушылығы аймақты дамыту мен қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды факторы бола алатындығын меңзейді.