×

Алматыда Жігер Бертісовтің «Күй ғұмыр» атты  шығармашылық кеші өтті

Шығармашылық кешке  кәсіби музыканттар мен күй өнерінің жанашырлары қатысты

Алматыда Жігер Бертісовтің «Күй ғұмыр» атты  шығармашылық кеші өтті
Сурет: жеке архивтен

4 желтоқсан күні Құрманғазы оркестрінің концерт залында Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясына қарасты «Ақ жауын» камералық оркестірінің Бас концертмейстері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы, Күйшілер одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі,  Жігер Бертісовтің «Күй ғұмыр» атты  шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

 

 

«Ақжауын» оркестрінің орындауында Жантөренің «Шалқыма» күйімен шымылдығын ашқан концертке еліміздің мәдениетіне, ән мен күй өнеріне еңбегі сіңген кәсіби музыканттар, майталман мамандар, күй өнерінің жанашырлары қатысты. 

Ұлттық өнерімізді дәріптеу жолында Біріккен Араб Әмірліктері, Франция, Корея, Түркия сынды елдерде өнер көрсетіп, қазақ күйлерінің құдіретін паш етіп жүрген Жігер Бертісов концерттің алғашқы легінде Темірбектің төкпесі, Әшімтайдың «Қоңыр қазын», Сүгірдің «Тоғыз торауын», Кетбұғаның «Ақсақ құланын» нақышына келтіріп, төгілте орындады.

Өнердегі үзеңгілесін құттықтай келген кеш қонақтары ҚР еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкіман Естайдың әні «Юран-ай», ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова «Махамбеттің термесі», халық әні «Ақ сұңқар», ҚР мәдениет саласының үздігі Амангелді Күзеубай Балуан Шолақтың әні «Ғалия», Есенқұл Жақыпбековтың «Алдай-ау!» толғауын орындап, көрермендердің ризашылығына бөленді.

«Ұстазы мықтының ұстамы мықты» деген тәмсілдің анықтығын тағы бір паш еткен кеште Жігер Бертісовтің ұстаздары, қазақтың мәңгілік мұрасы күй арқылы ұлт рухын көтеріп, күй өнерінің ұшқынын өшірмей, жаңа тыныс беріп, қазақтың ұлттық өнерін асқақтату жолында талмай еңбек етіп жүрген дәулескер күйшілер ҚР еңбек сіңірген қайраткері Біләл Ысқақов пен «Ақжауын» камералық оркестрінің жетекшісі, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазақстанның халық артисі, күйші-композитор Секен Тұрысбек ізінен ерген ізетті шәкіртіне жылы лебіздерін айтып, жиналған көпшілікке арнап қос ішекті күмбірлетіп, күй төкті. 

“Күй – адамның жүрегінен шыққан, сөзі болмаса да мағынасы терең өнер. Ол ұстаздан шәкіртке, шәкірттен ұрпаққа жалғасып келе жатқан оның құны қашан да жоғары.Бүгін сіздердің алдарыңызға шығып концерт беріп отырған шәкіртім Жігер осыдан бірталай жыл бұрын сонау Үржардан Алматыға келіп, «Аға, сізді сағалап келдім», – дегеннен кейін консерваторияға алып, жеті жыл бойы оқыттым, қазір де бірімізді біріміз сағынып, жиі іздеп тұрамыз. Шәкірттердің ішінде аласы да, құласы да болады дегендей Жігер балам аласы аздау, құла жағы көбірек, еңбекқор шәкірт. Күйші боламын деген адамға талант аздық етеді. Оған байсалды болмыс, терең таным, әріден ойлайтын ақыл керек, содан соң жанкешті еңбек керек. Еңбектенбесең күй қашып кетеді. Оны аялап ұстаған жөн.  Шәкіртімнің қанаты қатайып, өрісі кеңейіп осындай кеш беріп жатқанына қуаныштымын, ауылдан әке-шешесі, елдің азаматтары да келіп отыр екен. Өнер адамына осындай қолдау керек, өйткені олардың жаны тым нәзік. Сол себепті бүгінгі кешке күйшінің өнерін қолдап келгендеріңізге мың алғыс! Күйді көп тыңдаңыздар!”, – деді ұстаздық лебізін білдіріп Біләл Ысқақов.

Одан әрі кеш иесі «Ақ жауын» оркестрімен бірге Тәттімбеттің  «Сарыжайлауын», Әбікен Хасеновтің «Қоңырын», Төлеген Момбековтың «Салтанатын», Секен Тұрысбековтың «Дарабозын» орындағанда сайын даланың сарыжайлауын мекен еткен еркін халықтың бүгінгі ұрпағы қазақ даласын күй күмбірімен ойша шарлап, қоңыр халықтың қоңыр болмысына тағы бір үңілді. «Салтанат» болып мұңайды, «Дарабоз» күйіне арқау болған батырлардай рухтанды. 

Күй – тек ұлттық мұра ғана емес, қазақтың музыкалық танымының тереңдігін аңғартатын рухани тірек! Оны тыңдаған жан сөзсіз түрлі эмоцияға бөленеді. Құрманғазы, Дина, Тәттімбет, Нұрғиса Тілендиев сияқты күйшілердің күмбірлеген күйлері – ғасырлардан қалған аманат. Бұл күйлердің сазы халқымыздың өр рухын, қайтпас қайсарлығын дәлелдейді.

Күй өнерінің өрісін кеңейтуге үлес қосып қана қоймай, осы саладағы ұрпақ сабақтастығын жалғап жүрген Жігер Бертісов бұл кеште өзі тәрбиелеп жүрген шәкірттерінің жолын ашып, Құрманғазының «Адай» және М. Әубәкіровтың «Талас» күйін орындады.

Кеш барысында ақын,  халықаралық Әдебиет және өнер қауымдастығы вице-президенті Саят Қамшыгер, ҚР Мәдениет саласының үздігі, республикалық Күйшілер Одағы Алматы филиалының төрағасы Талап Қараш сөз алып, кеш иесін мерейлі сәтімен құттықтады. Абай облысы Үржар ауданынан келген аудан әкімінің кеңесшісі Сайлауғазы Орынбайұлы Шарықбаев аудан әкімінің марапатын табыс етті.

Қарағай домбыраның шанағынан күй күмбірлеген қоңыр кештің соңында  Алматы облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Абзалиденұлы сөз сөйлеп, кеш иесі Жігер Бертісовтің ата-анасына, Шығыстағы елден келген азаматтарға, Сүйінбай атындағы филармония қызметкерлеріне алғыс айтты.   

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының жеңімпаздары белгілі болды
Бүгін, 09:45

Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының жеңімпаздары белгілі болды

Биылғы «Дарын» сыйлығының жеңімпаздары қатарында түрлі байқаулар мен фестивальдердің лауреаттары, спорттық жарыстардың жеңімпаздары бар
Қоғамдық марапат он номинация бойынша берілді
Фильмге ел арасында кеңінен таралған әйгілі әннің тарихы негіз болғаны белгілі
Жеңіске жеткен қазақ аруы  "Әлем аруы" сұлулық байқауына қатысады

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →