Фильмге ел арасында кеңінен таралған әйгілі әннің тарихы негіз болғаны белгілі
7 қарашадан бастап Қазақстан кинотеатрларында «Нурикамал» драмасы көрсетіле бастады. Отандық кино деген кезде тек комедиядан көз ашпайтын көрермен «Нурикамалға» әу баста мән бере қоймады. Бірақ әлеуметтік желідегі қызу талқы «бұл қандай кино екен» деген сұрақ туғызды. Фильмнің прокатқа шыққанына бүгін тура бір ай болды. Көрермен оны қалай қабылдап, қанша ақша жиналғанын Qaz365.kz тілшісі фильмнің сценарисі Қанат Рамазаннан сұрап білді.
«Әйелдеріңді апармаңдар»
Алғаш фильм кинотеатрларға шыға бастаған кезде туындыға сыни пікір қарша бораған еді.
«Бұл фильмді көруге әйеліңді апарма! Өйткені ол сенің ашынаң бар деп ойлап қалады, көңіліне бекер күдік саласың», «Бұл киноны көргеннен кейін ерлер мен әйелдер, әсіресе, жастар осындай отбасылық қатынастар қалыпты екен деп сеніп қалмайды деген үміттемін», «Нурикамал әні ұнайтын. Бірақ бұл өлеңнің шығу тарихын алғаш рет біліп, көңілім қалды», – деп ашық жазғандар көп болды.
Үш баласы бар ақынның басқа қызға ғашық болғанын көрермендердің кейбірі қабылдамады. Әрине, жағымды пікір жазғандар да табылды. Қалай дегенмен де, туынды әлеужеліде көпшілікті жалт қаратқаннан кейін оны барып көргісі келетіндер көбейді. Бұл фильмнің кассалық түсіміне жақсы әсер етті.
Фильмге ел арасында кеңінен таралған әйгілі әннің тарихы негіз болғаны белгілі. «Нурикамал» әнінің музыкасын композитор Тұрдықылыш Ізтаев, сөзін оның әйелі, ақын Ханбибі Есқарақызы жазған. Фильмнің ұзақтығы – 1 сағат 40 минут. Режиссері – Ернат Байұзақ.
Фильм қанша табыс тапты
Фильмнің сценарисі Қанат Рамазанның айтуынша, драма жанрындағы «Нурикамал» фильмінің прокатынан бүгінге дейін 300 млн теңгеге жуық қаражат түскен.
«Әу баста кинотеатрлар бизнесті көздейтіндіктен, отандық «Шекер» фильміне көбірек басымдық берген. «Нурикамал» фильміне олар тарапынан көп көңіл аударылмаған. Алайда прокатқа шыққаннан кейін әлеуметтік желіде резонанс туған соң, фильмге билет сұраушылар көбейгенімен, кинотеатрлардан орын болмай қалған. Сеанс аз. Оған қоса кинотеатрлар отандық фильмді прайм-таймға емес, көбінесе күндіз қойған», - дейді ол.
«Шекер» қазіргі уақытқа дейін 900 млн теңге табыс тапқан. Кинотеатрларда «Нурикамал» драмасы әлі де көрсетіліп жатыр.