×

Алматыда «Қобыз – аманат» концерті өтті

Концерт Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі, әнші Мұратбек Жүнісбековтың 80 жылдығына орай ұйымдастырылған

Алматыда «Қобыз – аманат» концерті өтті
Сурет: Алматы облысы әкімдігі

27 қарашада Құрманғазы оркестірінің концерт залында Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, әнші Мұратбек Жүнісбековтың 80 жылдығына орай «Қобыз сарыны» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің «Қобыз – аманат» атты концерті өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.   

Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен өткен кешке Алматы облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Мәдени шаралар, мониторинг және жоспарлау бөлімінің басшысы Төлеужан Ғұмар, Мұратбек Жүнісбековтың асыл жары, көркемсөз оқу шебері, жүргізуші, Сүйінбай филармониясында 40 жылдай еңбек еткен шаңқобызшы Зере Жексембина және филармония музыканттары қатысты.

Мұратбек Жүнісбековтың бастамасымен дүниеге келген «Қобыз сарыны» фольклорлы-этнографиялық ансамблі – еліміздегі жалғыз қобызшылар ансамблі! Ансамбль 2005 жылы Астана қаласында өткен «Шабыт» фестивалінде бас жүлдеге ие болып, 2014 жылы Қызылорда қаласында өткен «Қорқыт және ұлы дала сазы» халықаралық дәстүрлі өнер фестивалінде арнайы сыйлықпен марапатталды. Биыл Тараз қаласында өткен «Көне Тараз күмбірі» атты республикалық фольклорлы ансамбльдер конкурсында да жүлделі орын иеленді. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – ҚР мәдениет саласының үздігі Бекназар Какелеев.

«Қобыз сарыны» ансамблінің орындауында Әлқуат Қазақбаевтың «Қобыз/Тілеп сарыны» күйімен басталған концертте Мұратбек Жүнісбеков жасаған аспаптар экраннан көрсетіліп, әнші Шаба Әденқұл Халық әні «Қази-айды», Жігер Омархан Ақан серінің «Қара торғай» әнін орындады. «Қобыз сарыны» ансамблінің орындауында халық арасына кең танылған халық күйі «Қасқыр» көрерменді ерекше толқытты.

Бұл кеште Мұратбек Жүнісбековтің «Тәуелсіздік таңы», дабыл аспабына арналған «Қабанбай жорық» күйлері мен «Тараз» (Әділ Ахметжанның орындауында), «Алакөлім» (Тілеубай Әнәпияның орындауында) әндері орындалып, ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Өмірқұл Айниязов «Сазген» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің сүйемелдеуімен Мұратбек Жүнісбековтың репертуарынан «Зәуреш» әнін, ҚР еңбек сіңірген әртісі Ұлжан Айнақұлова «Қобыз сарыны» ФЭА сүйемелдеуімен «Еркем-ай» әнін шырқады.

Алматы облысындағы музыка өнерінің қарашаңырағы – Сүйінбай филармониясы өңірдегі ғана емес еліміздегі өнердің дамуына, өрісінің кеңеюіне үлес қосып келе жатқан байырғы ұжым. «Қобыз – аманат» деп аталған осы концерт алдыңғы буын музыканттардың аманатын қазіргі шығармашылық ұжым адал сақтап келе жатқанын анық көрсетті.

Мұратбек Жүнісбеков Эстрада жане цирк студиясында Қазақ ССР-нің халық әртісі Жүсіпбек Елебековтің әншілік мектебінде оқып жүріп, 26 жасында Құрманғазы халық аспаптар оркестрінде әнші-солист болып қызмет атқарды. 1973 жылы жаңадан ашылған Алматы облыстық филармониясына шақырылып, талай өнер саңлағы шыңдалған осы өнер шаңырағында 40 жылға жуық еңбек етті. Саналы ғұмырын өнерге арнаған Мұратбек Жүнісбеков тұрған шаңырақта қазір  музыка аспаптары музейі жұмыс істеп тұр. Отыздан астам әннің, бірқатар күйдің авторы. Қазақтың қара домбырасы мен қобыз секілді аспаптардың түр-түрін жасауда алдына жан салмай, қолөнер шеберлерінің көптеген байқауларында жүлдегер атанған.

 

  

 

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →