Кітапта спортшылардың балалық шағы, алғашқы додаларынан үлкен сайыстарға дейінгі кәсіби мансабы ұсынылған
«Қазақ чемпиондары» туралы комикс жарық көріп, мектеп оқырмандарына жол тартты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл жаңалықты ҚР Туризм және спорт министрлігі мәлімдеп отыр
Бес кітаптан тұратын «Қазақ чемпиондары» комиксі Париж-2024 Олимпиада ойындарының жүлдегерлеріне арналған. Соның ішінде дзюдошы Елдос Сметов, боксшы Назым Қызайбай мен Айбек Оралбай, бозкілем шебері палуан Демеу Жадыраев, гимнаст Нариман Құрбанов, дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев, мергендер Александра Ле мен Ислам Сәтбаев және даңқты боксшы, Ұлттық Олимпиада комитетінің Президенті Геннадий Головкин бар. Бұл жинақтарды спорт журналистері Аслан Қаженов пен Азамат Әбілқайыр құрастырып жазып шыққан.
«Мақсатымыз, комикс арқылы қазақ баласына ел намысын қорғап жүрген спортшылардың нағыз батыр екенін және сол батырлардың арамызда екенін көрсету. Әр үлкен арманның артында қажырлы еңбек тұрғанын түсіндіру», – дейді кітап авторлары.
Кітапта ел намысын қорғаған спортшылардың балалық шағы, алғашқы додаларынан үлкен сайыстарға дейінгі кәсіби мансабы бала тіліне түсінікті тілде ұсынылған.
Комикстер туризм және спорт индустриясы қорының қолдауымен жарық көріп, еліміздің барлық спорт мектептеріне тегін таратылмақ.