×

Атырау маңындағы патшалық обадан жүзге жуық алтын бұйым табылды

Атырау облысында 500-ге жуық сармат обасы бар

Атырау маңындағы патшалық обадан жүзге жуық алтын бұйым табылды
Сурет: Атырау облысының әкімдігі

Атырауда сармат дәуіріндегі патша обасынан жүзге жуық алтын бұйым табылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы ақпаратты Атырау облысы әкімдігі мәлімдеп отыр.

“Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Қарабау ауылының солтүстігінен 10 шақырым жерде орналасқан "Қарабау-2" қорғанының диаметрі 70, биіктігі 3 метр. 2023-2024 жылдары қорғанға жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 9 қабір зерттеліп, оның жетеуінің тоналмағандығы анықталды.Қабірлерді зерттеу барысында олардың біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда салынғаны белгілі болды. Олардан түрлі әшекей бұйым, заттар, қару-жарақтар мен керамикадан, сүйектен жасалған ыдыстар табылды. Археологтардың сөзінше, мәйіттерді топтап жерлеген жағдайлар да кездескен. Обалардан табылған әшекейлер мен пайдаланған бұйым мен қару-жарақтарға қарап мамандар "патшалық обалар" деген баға беріп отыр”, – делінген әкімдік ақпаратында. 

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің 2 жылдық археологиялық жұмысының нәтижесі "Сармат алтындары" көрмесінде таныстырылды. Қазба жұмыстарына 20 жұмысшы мен музейдің 5 қызметкері қатысқан. 

"Ғалымдар осыған дейін біздің аймақты Сармат империясының шеті деп есептеп келген. Біз жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесіне қарап Каспий ойпаты, Жайық, Жем өзенінің маңы кезіндегі үлкен империяның орталығы деп айтуға болады. Жалпы табылған жәдігердің саны мыңға жуықтайды. Оның жүз шақтысы  алтын әшекей мен зергерлік бұйым. Олар аң стилі негізінде жасалған. Сол дәуірде өңірді мекендеген жыртқыштардың бейнесі (барыс, қабан, жолбарыс, киік) табылған заттардан байқауға болады. Осы зерттеу жұмысының аясында бұрын кездеспеген ағаштан жасалған қос тостаған жақсы күйде сақталыпты. Қазіргі уақытта олар реставрацияда", – деді археологиялық экспедицияның басшысы Марат Қасенов.

Жалпы 3 оба қазылған. Әрқайсысынан шамамен 10-15 қабір анықталып отыр. Археологтардың айтуынша, сарматтар тәңірлік діни көзқараста болғандықтан қолданған бұйымдарымен қатар, қолданған заттары мен қару-жарақтарымен бірге жерленген. "Қарақұдық-1", "Қарақұдық-2" қорғандары Қарабау ауылынан солтүстік батысқа қарай 9,7 шақырым қашықтықта орналасқан. Қос қорғанды зерттеу барысында да күміс пиктограмма(ақбөкеннің, қасқырдың суреттері), зергерлік бұйымдар,тұрмыстық бұйымдар, темір мен қоладан жасалған қару-жарақтар сынды дүниелер табылды.

"Елімізде бұрын-соңды кездеспеген алтын тұтқасы бар сынама тастың екеуі "Қарабау-2" қорғанынан табылды. Бұрын сарматтықтар алтынның дұрыстығын, яғни, сапасын осы тас арқылы анықтаған. Қазіргі уақытта осындай тасты алтын сатып алумен айналысатындар пайдаланады. Жерлеу орындарынан адамның киіміне тағылған алтын жапсырмалар табылғанын да айта кетейін. Олардың салмағы 2 граммнан басталады. Ең ауыр алтын әшекей – екі жағында тау барысы бейнелеген білезік. Оның салмағы шамамен 370 грамды құрайды", – деді Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің археология-ғылыми зерттеу қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Ғаламат Базарбаев.

Астана мен Алматы қаласынан антропологтар шақырылған. Жалпы барлау жұмыстарының нәтижесінде Қарабау ауылының маңындағы обалар 2005 жылы анықталыпты. Археологтардың айтуынша, қазіргі уақытта Атырау облысында 500-ге жуық сармат обасы бар.

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
«Теміртас» реквиемі: бүкіл елдің сыры, бір дәуірдің жүгі...
28.01.2025ж. 15:43

«Теміртас» реквиемі: бүкіл елдің сыры, бір дәуірдің жүгі...

Ортадағы қақтығыс және уайым тек сахнада ғана емес, көрермендер залында да сезілді
Кітап қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаевтың өмір жолына арналған
Болат Мажағұлов өткен жылдың қыркүйек айында ұсталған
Кітапта спортшылардың балалық шағы, алғашқы додаларынан үлкен сайыстарға дейінгі кәсіби мансабы ұсынылған

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →