Мэриленде орталықтың таныстырылымы өтті
Американың Мэриленд штатында қазақтың халық жазушысы Мұхтар Мағауин атындағы Қазақ мәдени-ағарту орталығы ашылады, деп хабарлайды Qaz365.kz порталы 24.kz-ке сілтемемен.
Қазақ әдебиеті мен тарихына өлмес мұра қалдырған Мұхтар Мағауиннің Силвер-Спринг мекеніндегі үйі алдағы 3 жылда руханият орталығына айналады. Бұл туралы жазушының туған күніне орай өткізілген жиында ұлы Едіге Мағауин хабарлады. Жобаның таныстырылымына АҚШ-тағы қазақ диаспорасы, сонда білім алып жүрген жерлестер қатысып, жазушының жазбалары мен күнделігін және жеке кітапханасында сақталған мол мұрағатымен танысты.
«Бұл алдағы уақытта атамыздың жаңағы 100 жылдығы тойланатын кезде бұл жер расында мұхиттың бер жағындағы Америкадағы қазақтардың бас қосатын, қазақтығын сезінетін, тамырын танитын, болашағын меңзейтін бір қазақтың мәдени-ағарту орталығына айналу керек. Әртүрлі мәдени шаралар ұйымдастырамыз деп ойлап отырмын. Бұл жерде қазақ тілін оқыту курстарын ұйымдастыру жоспары бар. Қалай болғанда да бұл жер, осы мына көрдіңіз, әкеме ұнаған жер болатын, тұрған жері де, үйдің ішіндегі атмосфера да. Сол алдағы уақытта қазақ руханиятының орталығына айналуы керек деп ойлаймын», - дейді қаламгердің ұлы Едіге Мағауин.
Еске салсақ, Мұхтар Мағауин биыл 9 қаңтар күні 85 жасқа қараған шағында дүниеден озып, АҚШ-тың Мэриленд штатындағы Parklawn Memorial зиратына жерленген еді.