Сенат депутаттары «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының заңын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл заң Түркістан қаласының тарихи және мәдени мұрасын сақтау мен дамытуға бағытталған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Енді Түркістан еліміздің мәдени-рухани астанасы мәртебесіне ие болады. Сондай-ақ заң жобасы шаһарды туристік орталық ретінде одан әрі дамытуға бағытталған. Басты мақсат - ғасырдан-ғасырға сақталып келе жатқан ескерткіштерді қорғауға алу және ұрпаққа жеткізу. Бұл бойынша археологиялық резерват құрылады. Түркістан қала әкімдігі мен мәслихатына 44 түрлі жаңа өкілеттіктер беріледі. Арнайы сәулет жоспарлары әзірленеді. Қаланың дизайн коды дайындалады. Туристік әлеуетін халықаралық деңгейге көтеру жұмыстары жанданады. Осы заң шеңберінде Жер кодексіне өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік қажеттілік үшін алынған жерлерге әлеуметтік нысандар салынады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жүргізіліп жатқан зерттеулер 3 жылды қамтыды. Биыл аяқталады. Қорытындысына қарай тиісті министрліктермен бірлесіп жұмыс атқарамыз, - дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев.
Ол отырыс барасында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев заң қолданысқа енгеннен кейін оны кең ауқымда іске асыру қажеттілігіне айрықша тоқталды.
Түркістанның рухани мазмұнына ерекше мән беріп, елге танытуда тың бағытта белсенді әрекетке көшу керектігін атап айтты. Талқылау кезеңінде депутаттарды алаңдатқан сұрақтарға вице-министрлермен бірге жұмысшы топтың мүшесі әрі облыс әкімдігінің өкілі ретінде жауап бердім. Түркістанға ресми мәртебе берілуі тек символикалық атаумен шектелмейді. Шаһар ежелден білім мен ғылымның, өркениет пен мәдениеттің ордасы болған. Енді жаңа заманның ағымына сай әлеуметтік-экономикалық, туристік, мәдени-рухани бағыттарда таныла түсетін болады. Осы орайда Түркістан жұртшылығына мәртебелі міндет пен ерекше жауапкершілік жүгі артылып отыр, - дейді Бейсенбай Тәжібаев.
Заңға сәйкес, Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени ескерткіштерді, соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қорғау аймақтарында орналасқан нысандарды басқару, сақтау және олардың тұтастығын қамтамасыз етудің тиімді жүйесін құру көзделген.
Сонымен қатар заңда мынадай бағыттар қарастырылған:
Заңда тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі нормалар нақты көрсетілген. Түркістан қаласының археологиялық және инфрақұрылымдық ескерткіштеріне қатысты ережелер де белгіленген.