Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай әншілердің фонограммамен ән айтуына қарсы шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қолданыстағы заңнама бойынша әнші фонограммамен ән айтатын болса, бұл туралы концертті ұйымдастырушылар көрерменді хабардар етуге міндетті. Бізде ол ереже мүлде жұмыс істемейді. Сондықтан заң жобасына фонограммамен ән айтуға тыйым салуға бағытталған түзетулер енгізуді ұсындық, бірақ министрлік оны қолдап отырған жоқ. Оған айтатын сылтау көп.Біріншіден, өңірлерде техникалық құралдар 70 пайызға тозғанын алға тартты. Біз норманы жеңілдетіп: «концерт залы техникалық құралдармен толық қамтамасыз етілсе ғана фонограмманы пайдалануға тыйым салынады» дедік, бірақ бұл норма да өтпеді, - дейді Мақсат Толықбай.
Оның айтуынша, әншілер жанды дауыспен айтуға көбіне дыбыс режиссерлерінің жетіспейтінін айтып, сылтау жасайды екен.
Оларға сұраныс болмаған соң, әрине, жетіспейді. Біз норманы тағы да жеңілдетіп: «егер орын жеткілікті түрде жабдықталмаған және концерттерге бейімделмеген болса, осы туралы көрерменді хабардар ете отырып, фонограммаға рұқсат етіледі» дедік. Сіздер бұған да қарсысыздар, біздің ұсынысымыз екінші оқылымға дейін қолдау таба ма?, - деді депутат.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов алдағы уақытта үлкен отырыс болатынын хабарлап, мәселенің сол кезде нақты шешімін табатынын айтты.