Мәдениет және өнер қайраткері 79 жасқа қараған шағында бақилық болды
Атақты күйші, композитор, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің жары – Дариға Тілендиева 79 жасқа қараған шағында өмірден өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы қаралы хабарды кеше Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің өкілдері жеткізген.
"Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, талантты актриса, күйші, сазгер, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің жары – Дариға Тілендиеваның өмірден озуына байланысты қайғыра көңіл айтады. Дариға Тілендиева ұлттық мәдениетіміздің дамуына сүбелі үлес қосқан көрнекті өнер иесі. Ол – Халық қаһарманы, күйші, композитор Нұрғиса Тілендиевтің өмірлік жары ғана емес, сазгердің шығармашылық мұрасын сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізген тұлға. Дариға Тілендиева "Қазақфильм" киностудиясында түсірілген "Алты жасар Алпамыс", "Құлагер", "Ақ машина", "Жамбылдың жастық шағы", "Қоштасқым келмейді" сынды көркем фильмдері арқылы, ұлттық кино өнерінде өшпес із қалдырды. Дариға Тілендиеваның өнері мен рухани мұрасы қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталады. Жақындарына сабыр, марқұмның рухына мәңгілік тыныштық тілейміз", – делінген оркестр өкілдерінің көңіл айту жеделхатында.
Ал бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі мәдениет қайраткері Дариға Тілендиеваның дүниеден өтуіне байланысты туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.
Дариға Тілендиева 1946 жылы 4 тамызда Алматы облысы Көксу ауданына қарасты Ақтекше ауылында туған. "Қазақфильм" киностудиясының 2 жылдық курсын, кейін Абай атындағы педагогикалық институтын бітірген.
"Қазақфильм" киностудиясының актрисасы болған, сондай-ақ "Отырар сазы" оркестрінде қызмет істеген. Нұрғиса Тілендиев атындағы халықаралық қоғамдық қорды басқарған.