Сауалнама нәтижесінде оқырмандардың таңдауымен отандық әдебиеттің ең үздік туындылары іріктеледі
Елімізде қазақстандық ең үздік 100 кітапты анықтайтын ұлттық сауалнама басталды. деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сауалнама нәтижесінде оқырмандардың таңдауымен отандық әдебиеттің ең үздік туындылары іріктеліп, Абай күні – 10 тамызда жарияланбақ. Бұл тізім бір жағынан әрбір қазақтың үй кітапханасын қалыптастыруға сеп болса, екінші жағынан – баспа саласына, әдеби сын мен пікірге серпін беріп, жаңа дәстүрдің бастамасына айналуы мүмкін.
Былтырғы жылы Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында мемлекет басшысы елімізде кітап оқу мәдениетін насихаттау мақсатында арнайы бір күнді Ұлттық кітап күні ретінде белгілеуді ұсынған болатын. Бұл бастама қоғам тарапынан қолдау тауып, биыл біз осы мерекені тұңғыш рет республикалық деңгейде атап өтіп отырмыз. Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірінде осыған орай түрлі мәдени шаралар, кітап көрмелері мен әдеби кездесулер ұйымдастырылып жатыр. Мұның барлығы – ұлт ретінде рухани серпіліске ұмтылғанымыздың, кітап оқуға деген көзқарастың өзгеріп келе жатқанының көрінісі.Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайда сөйлеген сөзінде:«Озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу», – деген еді. Шынында да, қазіргі заманның басты үш тірегі – ғылым, білім және мәдениет. Ал осы үшеуінің негізінде кітап жатыр. Бүгінгі шара аясында Ұлттық құрылтай мүшелерінің бастамасымен тағы бір жаңа жоба іске қосылып отыр. Бұл – қазақ авторларының үздік 100 кітабын анықтауға арналған жалпыұлттық сауалнама. Мұндай игі дәстүр көптеген елдерде бар. Мысалы, Ұлыбритания мен Францияда жыл сайын сауалнама арқылы үздік әдеби шығармалардың тізімі жасалады. Біз де осы үлгіге сай, ұлттық мазмұнмен үндесетін жоба бастағалы отырмыз. Сауалнаманың мақсаты – жай ғана тізім жасау емес. Бұл – халықты әдеби талқыға тарту, авторлардың еңбектерін ұжымдық ой елегінен өткізу, оқырман талғамын қалыптастыру. Бір сөзбен айтқанда, бұл – рухани серіктестік алаңы, - деді Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин.
Электронды үкіметтің ресми сайтында (eGov.kz) арнайы бөлім ашылып, онда әрбір ниет білдірген азамат Қазақстан жазушыларының өзі ұнататын шығармаларына дауыс бере алады.
Еліміздің қалаларында дауыс беру парақшасына өтуге мүмкіндік беретін QR-код бейнеленген баннерлер орнатылады. Сауалнамаға қатысушылар проза мен поэзия, фантастика, публицистика, тарихи романдар және басқа да түрлі жанрлар бойынша 10 кітапқа дейін таңдау жасай алады.