Құжат аясында бірқатар нормалар өзгеріп, қаржылық бақылау құралдары күшейтіледі
Мәжілісте кірістерді жылыстату мен терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылға бағытталған заң жобасы талқыланып жатыр. Құжат аясында бірқатар нормалар өзгеріп, қаржылық бақылау құралдары күшейтіледі, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Заң жобасын таныстырған қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов заң бастамасының негізі ретінде халықаралық FATF стандарттарын атады.
Негізгі өзгерістер қандай?
Заң жобасында келесідей ұсыныстар бар:
• Қаржылық мониторингтің жаңа субъектілерін (ұялы байланыс операторлары, «Азаматтарға арналған үкімет») енгізу;
• Күдікті қаржылық әрекеттер туралы хабарлау жөнінде міндетті талаптарды бекіту;
• Кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қатысты тәуекелдерді бағалау жүйесін жаңарту;
• Жекелеген операциялар үшін шекті сома мөлшерін қайта қарау.
Ең маңызды өзгерістердің бірі – мәдени құндылықтарды Қазақстанға әкелу немесе елден әкету операцияларына қатысты. Бұрын мұндай операциялар үшін шекті сома 45 млн теңге болса, енді бұл шек 1 млн теңгеге дейін төмендетілмек.
«Бұл шектеу күмәнді мәмілелерді ерте кезеңде анықтап, бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді», – дейді Елемесов.
Агенттіктің өкілеттігі кеңейеді
Қаржылық мониторинг агенттігіне енді коммерциялық емес ұйымдардың да қаржылық операцияларын талдауға мүмкіндік беріледі. Бұл қадам арқылы күмән тудыратын әрекеттерге дер кезінде тосқауыл қойылады.
Сондай-ақ, ұялы байланыс операторлары мобильді шотты толықтырулар туралы ақпарат береді. Ал «Азаматтарға арналған үкімет» 50 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік мәмілелері жөнінде хабарлама ұсынады.
Цифрлық активтер мен жаңа талаптар
5 млн теңгеден асатын цифрлық активтермен операциялар да енді қаржылық мониторингке жатады. Сонымен бірге, қаржы ұйымдары клиенттің әрекеті күмән тудырса, автоматты түрде агенттікке хабарлауға міндетті болады.
«Мысалы, шекті мәннен аспайтын шоттар арасындағы жиі аударымдар жасалса, бірақ қаражаттың қайдан келгені анық болмаса – бұл хабарлануға тиіс жағдай», – деп түсіндірді агенттік өкілі.
Ұлттық және секторлық тәуекел бағалауы енгізіледі
Жаңа жүйе бойынша тәуекелдерді бағалау екі деңгейде жүргізіледі:
• Ұлттық деңгейде – Қаржылық мониторинг агенттігі атқарады;
• Секторлық деңгейде – әр мемлекеттік орган 3 жылда бір рет өз саласын бағалайды.