Көрме ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде осы жылдың 19 маусымына дейін жалғасады
Парижде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде ұлы композитор, қазақ музыкасының заңғар тұлғасы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Шабыт бастауы: Нұрғиса Тілендиевтің мұрасы» атты халықаралық көрменің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеп отыр.
“Халық қаһарманы, дирижер, аса көрнекті өнер иесінің ғасырлық мерейтойы – тек қазақ халқы үшін ғана емес, барша өркениетті әлем үшін елеулі оқиға. Бұл маңызды дата ЮНЕСКО тарапынан халықаралық деңгейде аталып өтетін мерейтойлар қатарына енгізілді.Аталмыш көрмеде Алматы қаласындағы Музейлер бірлестігінің қорынан алынған 70-ке жуық құнды жәдігер қойылған. Олардың қатарында композитордың өз қолымен жазған партитуралары, сирек фотосуреттері, жеке заттары, сондай-ақ Ахмет Жұбанов сыйға тартқан «Дариға домбыра» да бар. Айта кетейік, кезінде бала Нұрғисаның музыкалық білім алуына Ахмет Жұбанов себепкер болған еді. Алты тақырыптық бөлімнен тұратын көрме композитор шығармашылығының сан қырын аша түсіп, қазақ музыкасының терең тамыры мен өрісі кең болмысын бейнелейді.Көрмені Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Музейлер бірлестігі ұйымдастырды. Жобаның жүзеге асуына Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігі, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры атсалысты. Жоба «Отырар сазы» оркестрінің негізін қалаған көрнекті тұлғаның шығармашылығын насихаттауға, қазақтың бай музыкалық мұрасын шетел жұртшылығына кеңінен танытуға бағытталған”, – делінген хабарламада.
Нұрғиса Тілендиевтің еңбектері біртұтас ұлттың мәдени мұрасына айналды. Ол 500-ден астам музыкалық туындыны дүниеге әкелген, 50-ден аса драмалық қойылым мен 20-ға жуық кинофильмге музыка жазған. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының, Құрманғазы атындағы халық аспаптар академиялық оркестрінің бас дирижері қызметін атқарған, кейін өзі негізін қалаған «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің көркемдік жетекшісі болды.
Көрме ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде осы жылдың 19 маусымына дейін жалғасады.