×

Қарқарада Қымызмұрындық-2025 мәдени шарасы мен «Жолан жүйрігі» Республикалық ат бәйгесі өтті

Қымызмұрындыққа Әлемнің 10 мемлекетінен 10 000-нан аса адам жиналған

Қарқарада Қымызмұрындық-2025 мәдени шарасы мен «Жолан жүйрігі» Республикалық ат бәйгесі өтті
Фото: Досжан Балабекұлы/«Фотоөнер» ҚБ

Әйгілі Қарқара жайлауында өткен «Қымызмұрындық-2025» мәдени шарасы мен «Жолан жүйрігі» Республикалық ат бәйгесі ұлттық рухты көтеріп, дәстүрді дәріптеген ұлы тойға айналды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Әлемнің 10 мемлекетінен 10 000-нан аса адам жиналып, қазақ халқының байырғы салт-дәстүрі мен ұлттық спорт түрлерінің мерекесіне куә болды.

Қымызмұрындыққа жаналған қауымды күбі піскен 100 келіншек қарсы алды. Тағы 100 бойжеткен қонақтарға қымыз, ыстық бауырсақ пен майлы құрт ұсынды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеген игі шарада қонақтарға 1000 литр қымыз тегін таратылды.

Ары қарай кимешектер көрмесі, қолөнер шеберлерінің, этномәдени орталықтардың, ауыл шаруашылығы өнімдері мен техникаларының, қолөнер және суретшілер көрмесімен жалғасты. Ал Қазақстан этнодизайнерлер одағы мүшелері келушілерге шеберлік сабақтарын өткізді.

Театрландырылған қойылым, концерттік бағдарлама, спорттық жарыстар мен шоу да Қымыз­мұрындықтың әрін келтіре түсті.  Қыз қуу, бөрене көтеру, қазақ күресі, теңге ілу, жамбы ату, «Толағай» палуандар сайысы, 15 келі қымыз ішуден жарыс және «Топжарған» шоу бағдарламасы көпшіліктің делебесін қоздырып, нағыз мерекеге айналды.

Жарыстардың қорытындысы бойынша «Толағай» алыптар сайысында Азамат Макулбеков (Арыс қаласы) алтын алқа тағып,  1 000 000 теңге иеленді. 2 орын Евгений Инкинде (Іле ауданы) – 600 000 теңге, ал үшінші орын Астана қаласынан келген Жаннұр Маутан алды. Олар тиісінше 600 мың, 400 мың теңге ге ие болды.

Ал қазақ күресінен алтынға Кеген ауданы атынан қатысқан Бексұлтан Әнуарұлы, Еңбекшіқазақ ауданынан келген Аян Байғазы 2-ші, Жетісу облысынан келген Жансерік Жұмабай 3-ші орын алды.

Жетісу облысынан келген Айдын Нұғыманов қошқар көтеруде алдына жан салмады. 120 келілік қошқарды 30 рет көтеріп, жеңімпаз атанды.

Арқан тартыста «Қазақ күресі» командасы 1-ші орын, Тұйық командасы, Сүмбе командасы тиісінше 2-ші, 3-ші орынға ие болды. Барлық жеңімпаздар диплом, медаль, кубок және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Бұдан кейін Қымызмұрындық салтанатты театрландырылған қойылыммен ашылып, 50 шабандоздан құралған салт атты шерумен жалғасты. Шеруді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері Омар Қиқым бастап, дәстүрлі бата берді.

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым облыс әкімі  Марат Сұлтанғазиевтің құттықтауын оқыды.

«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда: «Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына  сай жаңғыртып, барынша насихаттауымыз керек», – деген еді. Қымызмұрындық – бабадан қалған мұраның бірі. Бүгінгі іс-шарамызға онға жуық шет мемлекеттің өкілдері, еліміздің айтулы мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі әдебиет және мәдениет майталмандары, республикалық қоғамдық ұйымдар, этномәдени бірлестік өкілдері қатысып отыр. Осының өзі қазақ халқы мен оның ұлттық мәдениетіне деген үлкен құрмет деп білемін. Қымызмұрындық – рухани кодымызды жаңғыртатын мазмұнды бастама. Қымыз дайындау – ұлтымыздың өмірлік философиясы. Бие байлау, қымыз ашыту, сақтау, оны келген қонаққа ұсыну халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ерекше дәстүрі. Біз бүгін баба жолын жалғастыру мақсатында заманауи технологияларды пайдаланып, қымыз өндірісі көлемін арттырып, оны сақтау, тасымалдау және сауда желілеріне жеткізу жолын жалғағымыз келеді. Қымыз өндірісі жылқы шаруашылығына тікелей байланысты. Бүгінде Алматы облысындағы жылқы саны 268 мың басқа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға өсіп отыр», делінген құттықтауда.

Фестивальдің құрметті қонақтары қатарында Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысы Түп ауданының әкімі Канибек Абиев, ҚР Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Күлкенов, қоғам қайраткері Тоққожа Естенов және Республикалық аналар кеңесінің төрайымы Назипа Ыдырысқызы құққытау лебізін білдірді. Жолан Омарұлының әкесі Ыбырайақын ақсақал ұйымдастырушылар мен Кеген жұртшылығына алғысын білдіріп, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаевқа ризашылығын жеткізді.

Фестивль мерекелік концертке ұласып,  ҚР және Қырғызстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлық иегері Алтынбек Қоразбаев, сондай-ақ «Алатау серілері», Ұлту Қабаева, Нұрболат Абдуллин, Бейбіт Қорған, «Абырой» тобы өнер көрсетті. «Сүйінбай сазы» мен «Топжарған» топтары, жергілікті жыршылар мен ақындар алаңды ән мен жырға бөледі.

Ал «Жолан жүйрігі» Республикалық ат бәйгесіне Қазақстаннфң әр өңірі мен Қырғыз Республикасынан 150-ге жуық жүйрік тұлпар мен шабандоздар қатысты. Оның нәтижесі бойынша Аламан бәйгеде (31 шақырым) Мейір Дәулетбай мінген Жамбыл облысы Қордай ауданынан келген Айбалта топ жарып, ат иесі Айдар Нұрмұхаметов Changan кроссоверіне ие болды. Шабандоз Манас Замирбеков мінген Қарагер екінші келіп (ат иесі: Шаабиден Токтосартов, Қырғыз республикасы) 2 500 000 теңге жүлдесін алды. Аңсар Арыстанбек мінген жүйрік – Отырар, мәре сызығын үшінші болып кесіп (ат иесі: Сапарғали Сәтбаев, Алматы облысы Балқаш ауданы) 1 000 000 теңге жүлде алды.

Топ бәйгеде (18 шақырым)  Нұрислам Амангелді (Қалқаман; Ат иесі: Мағауия Қазбеков, Алматы облысы Талғар ауданы) бірінші келіп, Changan кроссоверін ұтып алды. Екінші орын Мерей Ғарипуллинде (Мамайқара; Ат иесі: Секенай Бөбекбаев, Қарасай ауданы Тұрар ауылы, жүлде: 1 000 000 теңге). Ал Раян Тілеубай мінген Мерседес (ат иесі: Азамат Молдатайұлы, Райымбек ауданы Қайнар ауылы, жүлде: 700 000 теңге) үшінші орынға ие болды.

Құнан бәйгеде (9 шақырым) бірінші орын Арсен Болотбеков мінген Роки атты тұлпардың (Ат иесі: Сталбек Жаманкулов, Қырғызстан, Ыстықкөл, жүлде: 2 000 000 теңге) қанжығасында. Екінші орын Айбатыр Сейт­ботқаловта (Айбатыр, ат иесі: Ертай Құрманғалиев, Алматы қаласы, жүлде: 1 000 000 теңге). Үштікті Аян Әміртай мінген Бойтұмар (ат иесі: Нұрғали Жайлауов, Жамбыл облысы Тереңөзек ауылы, жүлде: 500 000 теңге) түйіндеді.

Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаевтың айтуынша аудан жұртшылығы Қымызмұрындықты соңғы уақытта екі жылда бір рет, аудандық деңгейде өткізсе, соңғы екі жылда рес­публикалық жиын, тіптен халықаралық фестиваль деңгейіне жеткізуге тырысып келеді.

«Бұл іс-шара өңір басшысы Марат Елеусізұлының қолдауымен және халыққа салт-дәстүрді насихаттау мақсатында ұйымдастырылған, тек қана той емес, шын мәнінде мағыналы жиын. Салт-дәстүрмен жалғасқан ауыл шаруашылық көрмелері, қолөнер шеберлері және ұлттық құндылықтарды дәріптеу, мәдениетімізді насихаттау, ұлттық спорт түрлерін қолдау мақсатында үлкен мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Қымызмұрындықта елуге жуық киіз үй тігіліп, оған аудан әкімдері, мекеме өкілдері мен инвесторлар қолдау білдіріп, халықты қарсы алып жатыр. Яғни бұл жиын тек той тойлау емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, мәдениетті көтеру, туризмді дамыту және ұлттық спортты насихаттау мақсатын көздейді. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» дейді халқымыз, бұл үлкен іс-шара да сондай бірігудің нәтижесі. Алқалы бас қосуды бір мен емес, барлық әріптесім, облыстық басқарма басшыларынан бастап аудан әкімдеріне дейін бірге ұйымдастырып отыр. Облыс әкімінің орынбасарлары арнайы келіп, жиынымызға белсенді қатысып жүр.  Туризмді насихаттап жатқан кәсіпкерлердің жұмысы да осы қымызмұрындық арқылы көрініс тапты. «Жолан жүрегі» атты үлкен бәйге мен ұлттық спорттық жарыстар да осы іс-шараның бір бөлігі ретінде өтіп жатыр», дейді аудан әкімі.

Фестивальдің тағы бір ерекшелігі -  Қымызмұрындыққа арнап арнайы бюджет бөлінбеген.

«Әр ауданның әкімдері мен кәсіпкерлері демеуші болып, киіз үйлер тігіп, қонақтарды күтіп, ұлттық көрмелерін ұсынып жатыр. Ал мәдени және спорттық іс-шараларға келсек, ол бағыттарға арнайы қаржы басқармалар тарапынан қарастырылды. Биылғы бәйгеге екі автокөлік тігілді. Бұл автокөліктер Жолан Омаровтың ағасы – Ұлан мырзаның және оның жолдастарының демеушілігімен ұлттық спортты қолдау мақсатында беріліп отыр. Ауданымыздың табиғаты өте көркем, сұлу. Осындай табиғат аясында туризмді дамыту тек Көлсай мен Қайыңдымен шектелмейді. Мысалы, Мыңжылқы ауылы, Шарқұдық, Қарқара жайлауы, Тұйық өзені маңайы – бәрі де туристік әлеуеті зор орындар. Қазір солардың бәрінде туристік инфрақұрылымды дамыту жұмысы жүріп жатыр. Келесі жылға арналған қымызмұрындық жобалары да нақ осы бағытқа негізделмек. Келесі жылы бұл іс-шара бұдан да ауқымды деңгейде өтеді деген ойдамыз. Биылғы қымызмұрындық пен «Жолан жүйрігі» бәйгесі – соның алғышарты», – дейді Нұрбақыт Теңізбаев.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →