×

Бегзат Ағияр, “Алтынай” би ансамблінің жетекшісі: Қазақ биі қимылға өте бай

Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның бишілері Түркияның Бурса қаласында өнер көрсетті

Бегзат Ағияр, “Алтынай” би ансамблінің жетекшісі: Қазақ биі қимылға өте бай
Сурет: Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармония

Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның бишілері Түркия Республикасының Бурса қаласында 7-12 шілде аралығында өткен «Алтын Қаракөз» халықаралық фестиваліне қатысып, арнайы жүлде алып қайтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

1987 жылдан бастап ұйымдастырылып келе жатқан дәстүрлі фестивалда «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы мен Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен филармонияға қарасты «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблі, «Сазген» фольклорлы-этнографиялық ансамблі және «Қобыз сарыны» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.

Qaz365.kz тілшісі «Алтынай» би ансамблінің жетекшісі Бегзат Ағиярға хабарласып, өнер сапары туралы әңгіме өрбіткен еді.

 

– «Алтынай» би ансамблі Түркияда өткен фестивальге барып келген екен. Қандай билерді дайындап апардыңыздар?

– Байқаудың шарты бойынша үш, бес және сегіз минуттық би қою талап етілген. Әр мемлекет өзінің ұлттық ерекшелігін, табиғатын, болмысын көрсететін, салт-дәстүріне байланысты билер қойсын дегендіктен, біз бірінші «Үкілі домбырам» деген биді апардық. Қазақтың қоңыр үнді қара домбырасына деген құрмет пен сүйіспеншілікті би тілімен жеткіздік. Биді ұстазым Нағима Тайырмен бірігіп, күйші-композитор Айбол Құдайбергеннің «Қарқара»  шығармасына қойдық.

Екінші биіміз – «Ұласпалы билер». Сегіз минуттың ішінде үш биді, яғни «Аңшылар», «Киіз басу», «Буын биін» қамтып бір би жасадық. Жігіттеріміздің сал-серілігін, қыран бүркітімізді көрсетейік деп аңшылар биін өзім бастадым, әрі қарай ата-бабамыздан келе жатқан тұрмыс-салтымызды паш ететін киіз басуды қыздар орындады. Сосын қазақ биінің бастауы болған «Буын биіне» жалғадық. Ол енді жас, кәрі, ер мен әйел деп бөлінбейтін ортақ би. Оны біздің қыз-жігіттеріміз билеп шықты.

Үшінші би  – «Батырлар биі». Қазақ тарихында батырлар аз болмаған, олардың ерлігін қашанда паш етіп келеміз. Бұл жолы бұл биді сюжеттік биге айналдырып, сюжетке бейбітшіліктің символы ретінде ақкөгершінді қосып, әлемді бейбітшілікке шақырып, бидің атын «Рух» деп атадық. Оны да «Алтынай» ансамбліне жаңа келіп қосылған жас биші қыз-жігіттер орындап шықты. 

Осылайша, «Үкілі домбырам», «Дәстүрім – қазынам», «Рухты ел» атты үш биді фестивальге апардық.

Басты талап әр шығарма ұлттық ерекшелікті, әр ұлттың болмысын, табиғатын, салт-дәстүрін көрсететін фольклорлық би болуы қажет деген соң осы үш биді апаруды жөн көрдік.

– ⁠Дайындыққа қанша уақыт кетті?

– Филармонияның тәртібіне сай, бишілеріміз үнемі гастрольде жүреді. Бұрыннан билеп жүрген дайын биді емес, жаңа би апаруды жөн санадық, ал ол үшін уақыт керек. Дегенмен, бар күш-жігерімізді салып, екі аптаның ішінде бес биді қойып үлгердік. Биге лайық  музыкаларды талдадық. Бұл жолғы ерекшелік – бишілер ансамбльдің  сүйемелдеуімен өнер көрсетті. Ансамбльде қобыз, жетіген, шаңқобыз, нарқобыз, прима қобыз, домбыра, дабыл, сыбызғы сынды аспаптар бар. Демек, музыкада да, биде де қазаққа жат үн мен қимыл жоқ. Бишілер ансамблінің қазіргі мүшелері бұрын-соңды ансамбльдің сүйемелдеуімен билемеген еді. «Алтынай» ансамблі алғаш «Адырна» ансамблімен бірге құрылып, сол ансамблдің сүйемелдеуімен көптеген билер орындалған екен. Кейін ол үрдіс музыкалық аппараттардың жетілуіне байланысты үзіліп қалған. Осы фестивалдің арқасында біз осы үрдісті қайта жаңғырттық. Бишілеріміз «Сазген» мен «Қобыз сарыны» ансамблдерінің сүйемелдеуімен өнер көрсетті.

– Бишілердің киімі несімен ерекшеленді?

– Әр шығармаға лайық киім үлгісі болуы заңдылық. Оның музыканың ырғағына, сюжеттік мазмұнына, би қимылының өзіндік ерекшелігіне сай болғаны жөн. Бұл жағынан да біз нағыз қазақы стильді ұстандық. Қазақ халқы үшін үкінің орны ерекше. Қазақ халқы бас киімге, домбыраға үкі таққан. Ол тіл-көзден, пиғылы жаман сұқ көзден сақтайды деп ырымдаған. Біз де биші қыздардың бас киіміне үкі тақтық. Қос етек көйлек киді. Аңшылар биінде де қолымызға  бүркітімізді алып, түлкіні көрсетіп би-қойылым көрсеттік. Әр костюм бидің мағынасына сай пішіліп, тігілді. «Киіз басу» биінде де сахналық емес, тұрмыстық костюм болды. Әр ауылдың келіндері жан-жақтан келіп, жүн түтіп, киіз басып, білек сыбанып істейтін көрініс сахналанды. Қыздар басына сәукеле немесе тақия емес, кәдімгі ақ жаулық тағып   шықты. Қара жорға биіне ою-өрнегі бар костюмдер таңдалды. Жігіттеріміз басына шыт тағып, қыздарымыз қос етек көйлек киіп шықты. Бүкіл дене бітімін көрсететіндей, биге лайықты костюмдер тігілді. Ал батырлар биінде қыз-жігіттер батырлардың сауытына сай костюм киді. Қыздарымыздың көйлегінің бір жақ етегі жырық болды.   Бұрын қыздар атқа міну үшін көйлектің бір жағын жырымдап, атқа мініп-түсуге ыңғайлы еткен. Сондықтан бидің мағынасына сай, тарихымызда болған киім үлгілерін пайдаландық. Соңында, үкілі домбыра биінде — бишілеріміз қолына домбыра ұстап, бірде жігіттеріміз, бірде қыздарымыз, сол домбыраны әдемі күйдің ырғағында ұстап биледі.  Бидегі қимылдар да қазақтың би өнеріне тән «үшкүл», «бес саусақ»,   «сылану», «тарану» сияқты нәзік қимылдар болды. Ал батырлар биінде — рухты, жігерлі қимылдар көрініс тапты. Қазақ биіне тән барлық қимылды пайдалана отырып, оларды бір-бірімен үйлестірдік. Бір қимылды қайта-қайта қайталау болмады. Барынша әртүрлі, жаңа қимылдарды қосып, биді жасадық. Осы бес бидің барлығы да — мән-мағынасы, сюжеттік желісі, айтар ойы бар, басы, ортасы, соңы бір-бірімен үйлескен, қабысқан, толыққанды шығармалар болды. Бұл — нағыз қазақи болмыс пен мазмұнды бейнелеген билер.

– Өзге елдердің биінен қандай жаңалық, ерекшелік көрдіңіздер?

– Әрине, әр елдің өз болмысы мен салт-дәстүріне сай ерекшелігі, табиғаты бар. Әдетте музыкада тіл болмайды деп жиі айтамыз. Сол секілді би тілі де – әлемге ортақ тіл. Бидің тілімен адамдар бірін-бірі өте жақсы түсіне алады. Басқа елдердің биінен біз өзге ұлттарының ерекшелігін айқын көрдік. Мысалы, кейбір ұлттар тек қана аяқты қозғалтып билейді. Кейбірі қолына сылдырмақ алып, соны шытырлатып, қимылдарына сай сылдырмақтан шыққан дыбыспен үйлесіп билейді. Фестивальге 16 мемлекет қатысқандықтан, 16 түрлі ерекшелік көрдік. Би барысында қолданған реквизиттері де ұлттық ерекшелікті паш етті. Мысалы, біз қолымызға домбыра алып шықсақ, ресейлік бишілер барабандарын, испаниялықтар сылдырмағын алып шықты.

– Бұл байқаудан қандай ой түйдіңіздер?

– Биыл байқауға 16 мемлекет қатысты. Байқаудың бағалау шарты да күрделі болды. Жеті бағалаушы баға қояды, ең жоғарғы балл мен ең төменгі балды алып тастайды да, қалған бес бағаны есептеп, нәтижесін шығарады. Олар әрбір детальға, яғни костюмге,  бидің музыкасына, ырғағына, қимылына баға берді. Сондықтан, бұл оңай байқау емес. Біздің бишілеріміз де аз уақыттың ішінде күрделі билерге дайындалып, өздерін жақсы жағынан көрсетті. Күні кеше ғана, небәрі бұдан үш жыл бұрын қайта құрылған «Алтынай» ансамблінің бишілері үшін осындай ауқымды байқауға қатысып, ТҮРСКОЙ халықаралық ұйымының арнайы жүлдесін алу үлкен жетістік. Біздің бишілердің ішінде күні кеше ғана оқу орнын бітіріп келген, бүкіл әлемдік сайысқа алғаш рет қатысқан жастар болды. Әрине, жүрексінді, қобалжыды,  соған қарамастан күрделі билерді тамаша алып шықты. Ал басқа  мемлекеттің бишілері 10-15 жылдан бері сахнада әбден ысылған,  тәжірибесі бар, кәнігі мамандар. Сондықтан да бұл жолғы байқау бізге  өте мол тәжірибе болды. Жас мамандар көп жылдық тәжірибесі бар мамандармен кездесті, танысты, білісті, жүздесті, білмегенін үйренді, тәжірибе алмасты. Әлемдік деңгейдегі байқаудың қандай болатынын көрді. Үлкен сахнаға шығу асқан жауапкершілікті талап ететіндігін сезінді.

– Өзге халықтардан қазақ биі несімен ерекше екен?

– Байқағаным – қазақ биі қимылға өте бай екен. Біздің қолымыз,  бетіміз, көзіміз, аяғымыз, он екі мүшеміз түгел бидің тілін біледі екен.   Көптеген мемлекеттерде ол жоқ. Сосын, біздің қимылдарымыздың әрбірінің атауы бар. Мысалы, ұялу қимылдары болса, «білезік айналдыру», «қайнар бұлақ», «тарану», «сылану», «сырға сипау», «қос етек жаю». Ал батырларға қатысты «мақтаншақ қимыл», «кеуде қағыс», буын биімізде шалқайып билеу, білезікті айналдыру, иықтардың қозғалысы, аяқ буындарының қозғалысы, неше түрлі секіріс, ұршықша айналу т.б. қимылдардың барлығын көрсеттік. Бұл көрерменге өте түсінікті екен, бір көрген адамға биіміз сөйлеп тұрғандай әсер қалдыратынын сездік. Фестиваль «Алтынай» ансамблінің 40 жылдық мерейтойы қарсаңында бишілерді шыңдап, ширатып, шабытына-шабыт қосты. Бұл өнер сапарынан соң қыз-жігіттер 40 жылдыққа ерекше қарқынмен, асқан ықыласпен дайындалады деп сенемін. Осындай сапарға шығуға қолдау білдірген Алматы облысы әкімдігіне алғысымыз шексіз.  

Байқау барысында «Алтынай» би тобының билерін «Қобыз сарыны» фольклорлы-этнографиялық ансамлі сүйемелдегенін айта кеткен абзал. Ансамюль жетекшісі Бекназар Кәкелеевтің айтуынша, бұл байқау «Қобыз сарыны» ансамблінің жаңа мүшелері үшін де мол тәжірибе жинауға ықпал еткен.

«Бишілердің биін сүймелдеудің сахнаға шығып жәй ғана шығарма орындаудан ерекшелігі көп. Бұл музыканттардан бұрынғыдан да қырағы, ширақ болуды талап етеді. «Сазген» мен «Қобыз сарыны» ансамблдері бұл талаптың үдесінен шыға білді. Түркия халқы ғана емес, байқауға келген 16 мемлекеттің өкілдерінің біздің өнерге деген ерекше қошеметі олардың жоғары бағасынан хабар берді. Музыканттарымыз да өзге елдердің ансамбль мүшелерімен тәжірибе алмасып, өнеріміздің өрісін кеңейтті. Өнерпаздарды ерекше шабыттандырды».

Айта кетейік, Түркияның өнер ордасы саналатын Бурса қаласында өткен «Алтын Қарагөз» байқауына Қытай, Египет, Кипр, Аргентина, Болгария, Оңтүстік Корея, Грузия, Испания, Колумбия, Македония, Ресей, Мексика, Панама, Қазақстан, Португалия және Греция өнерпаздары қатысқан.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, биыл еліміздегі концерттік ұйымдар алты ай ішінде 279 шара өткізіп, оны 300 мыңға жуық көрермен тамашалаған. Бұл Қазақстандағы музыка саласының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.

Мемлекеттік концерттік мекемелер республика аймағына 12 рет, шетелге 7 рет гастрольдік сапармен барған. Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйым Болгарияда, БАӘ-де, Әзірбайжанда және Ұлыбританияда өнер көрсетті. Алда Канадa, Франция, Қытай, Түркия және басқа мемлекеттерге гастрольдік сапарға бару жоспарланған.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →