×

Дүбірлі той, өнер кештері, айтыс, бәйге мен күрес: Абайдың 180 жылдығы 10 күн бойы қалай аталып өтеді

Тамызда Абай облысында дүркіреген ұлы той өтеді

Дүбірлі той, өнер кештері, айтыс, бәйге мен күрес: Абайдың 180 жылдығы 10 күн бойы қалай аталып өтеді

Биыл - қазақ халқының ұлы ақыны, философ әрі реформатор Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы. Осыған орай Абай өңірінде жүзден аса шара өтіп, ұлы ақынның рухани мұрасын дәріптеп, ұлттық болмысты жаңғыртуға үлес қосатын думанды той он күнге созылады. Бұл – кезекті ресми іс-шара емес, бүкіл халық болып тойлайтын, қазақ мәдениеті мен руханиятына үңілетін, қоғамдық тұрғыда мазмұны жоғары айтулы мереке болмақ, деп хабарлайды Qaz365.kz.

10 күндік бағдарлама

Әуелі оқырманға Абайдың 180 жылдығына орай өтетін іс-шаралардың легін ұсынсақ дейміз. Осы тізім негізінде Абай облысына барғысы келетін азаматтар өздері қызыққан шараларға бара алады.

Qaz365.kz тілшісі айтулы тойдың маңыздылығы жайлы Абай облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшының орынбасары Олжас Соғымбаймен тілдесті. Олжас Соғымбайдың айтуынша, «Абайға құрмет» деген республикалық акция аясында Қазақстанның барлық өңірі Семей қаласына, Абай облысына әлеуметтік-мәдени ғимарат немесе қандай да бір қоғамдық кеңістік тарту етеді.

«⁠Өздеріңізге белгілі Абайдың 180 жылдығы туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы өзінің жаңа жылдық құттықтауында тоқталып өтті. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес Абайдың 180 жылдығы ел көлемінде тойланып өту керек. Содан бері Абай облысының әкімдігі мен Үкіметтің, Президент әкімшілігінің қолдауымен бірқатар шара жоспарланып, нақты бағдарламалар бекітілді. Оның ең алғашқысы – Абайға құрмет деген республикалық акция басталды. Сол акция Қазақстанның барлық өңірі Семей қаласына, Абай облысына әлеуметтік-мәдени ғимарат, немесе қандай да бір қоғамдық кеңістік сияқты дүние тарту етеді. Мәселен, Ақтөбе облысы «Жекпе-жек» сарайын саламыз десе, Солтүстік Қазақстан өңірі «Рәміздер алаңын» тарту етпек. Бұл – жеке тоқталатын тақырып», - дейді ол.

Олжас Соғымбайдың сөзінше, ауқымды бағдарлама 1 тамыз күні ең әуелі "Abai akademiasy" энциклопедиялық порталының ашылуымен басталады. Аталмыш платформа ақын мұрасын цифрландыру, жүйелеу және ғылыми ортаға қолжетімді етуге бағытталған. Сол күні Алакөл жағасында белгілі күйші Секен Тұрысбеков пен  «Ақ жауын» оркестрінің концерті өтеді. Сондай-ақ Абай облысында зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы жаңадан кітапхана ғимараты ашылады.

1-10 тамыз аралығында  "Aspan Cinema" жобасы арқылы онкүндік аясында Абайға арналған деректі фильмдер көрсетіліп, ұлттық кино апталығы өтеді. Сонымен қатар "Бейбітшілік" аралында үлкен этноауыл бой көтеріп, онда “Асыл мұра" облыстық қолөнер шеберлерінің фестивалі туын көтереді.

2 тамыз күні 180 команданың қатысуымен "Абай Quiz" зияткерлік ойыны өткізіледі. Сонымен қатар 2-6 тамыз аралығында  облыс әкімі Берік Уәлидің «Туған жерге туың тік» деген бастамасымен Қазақстанның халық әртістері - Майра Ильясова мен Секен Тұрысбеков сынды өнер майталмандары Абай облысына арнайы өздерінің гастрольдік концертін қояды. Ары 3 тамыз күні "Абай әлемі" атты ұлттық рухани кеш өтеді. Онда елге белгілі дәстүрлі өнердің өкілдері – Рамазан Стамғазы,  Еркін Шүкіман, Ерлан Рысқали сияқты әншілер өнер көрсетеді. Ал 4 тамызда Секен Тұрысбеков пен «Ақ жауын» оркестрінің қорытынды концерті ұсынылады.

Тоғызқұмалаққа дейін автокөлік тігіледі

5 тамызда Қазақстанның халық әртісі Шахмардан Әбіловтің "Ой толғау- Хәкім Абай" монооперасы сахналанады. Ал 6 тамызда "Өлең сөздің патшасы" атты ақындар мүшәйрасы өтсе, дәл сол күні Абай алаңында "Абай елі – өнер кеніші" атты облыстық көркемөнерпаздардың фестивалі ұйымдастырылады.

«7-9 тамыз күндері халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Асқар Алтайдың шығармашылық кеші аясында жас ақындардың "Абай Құнанбайұлы кім?" деген кітаптың тұсаукесері болады. Сонымен қатар 7 тамыз күні Қазақстандағы жас әртістердің қатысуымен орталық алаңда үлкен мерекелік гала-концерт өтеді. Сол күні Абайдың кіндік қаны тамған киелі Қарауылда, яғни Семейден Қаруылға дейін 180 шақырымдық спорттық марафон жарыс жүзеге асырылады. 8 тамызда "Адамзаттың Абайы" республикалық ақындар айтысына Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртай, Жансая Мусина, Мейірбек Сұлтанхан сияқты «Алтын домбыра» иегерлері қатысады. Айтыстың бас бәйгесіне автокөлік тігіліп отыр. Сондай-ақ «Жеті қазына» ұлттық байқауының ашылуы өтсе, 9 тамызда Шәкәрім университетінде халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылады. Қазақта “7 қазына” деп өзіміздің қазақ рухани танымында кеңінен танылатын. Оның ішінде ер жігіт, сұлу әйел, берен мықтық, ілім, білім бар. Абайдың 180 жылдығына орай республикалық ұлттық байқау жүзеге асырылады. Онда тоғызқұмалақ сайысы бар. Абай атамыздың сүйікті ойыны болған. Сол тоғызқұмалақтың жүлделі жеңімпазына да автокөлік тігіліп отыр», - дейді Олжас Соғымбай.

Тойдың негізгі шарықтау шегі 8-9-10 тамызға тұспа-тұс келіп отыр. 9 тамызда "Абай әлемі: «Жиделі-Бөрібай музейінде көрме, Ақберен Елгезек бастаған республикалық "Абай" баспасының "Абай әлемі: аударма, тағылым, мұра" кітаптар топтамасының тұсаукесері ұйымдастырылады. Сонымен қатар Абай атындағы музейде "Абай. Уақыт. Өнер" тақырыбында республикалық суретшілер көрмесі, Шәкәрім университеті базасында Абайдың 180 жылдығына арналған "Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным" халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтпек. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген абайтанушы ғалымдар қатысады. Оған қоса, халықаралық ТҮРІКСОЙ ұйымымен бірлескен "Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп" халықаралық ақындар фестивалі болады.

9 тамызда барлық өңірден келген өнерпаздар Семей қаласында "Абайға тарту" концерттік бағдарламасын қояды.

Абай күні не өтеді

10 тамыз – Абай күні деп бекітілген. Бұл күні Жидебай әдеби-мемориалдық кешенінде ұлы ақын Абай Құнанбайұлының рухына Құран бағышталып, құрбан шалу рәсімі болады. Одан кейін еліміздің барлық облысында бір мезетте Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі болады.

Содан Қарауылтөбеде "Бала Абайдан дана Абайға" атты театрландырылған қойылымы ұсынылады.

«Бала Абайдан дана Абайға дейін»: мазмұны мен маңызы

Басқарма басшысы орынбасарының сөзінше, «Бала Абайдан дана Абайға дейін» атты тұжырымдамасы – ұлы ойшылдың өмір жолын, рухани-мәдени кемелденуін кезең-кезеңімен таныстыруға бағытталған. Бес негізгі бөлімнен тұратын бұл шара Абайдың тұлғалық қалыптасуын, шығармашылық дамуын және қоғамдық рөлін кеңінен ашып көрсетуді көздейді.

«Біз осы шараның тұжырымдамасын жасаған кезде "Бала Абайдан дана Абайға" деп 5 этнографиялық бөлімге бөліп отырмыз», - дейді ол.

I бөлім: Балалық шақ және отбасылық тәрбие

Бірінші бөлім Абайдың балалық шағына арналады. Мұнда жас Абайдың Семейде білім алып, алғашқы таным көкжиегінің қалыптасуы, Зере мен Ұлжан аналарымыздың тәрбиесін көріп өсуі, Құнанбай әкенің өнегесі мен отбасылық құндылықтар жүйесіндегі орны көрсетіледі. Бұл бөлімде «әже институты», «ана мейірімі», «әкелік тәрбие» секілді ұлтқа тән дәстүрлі отбасылық тәрбие үлгілері этнографиялық тұрғыда ұсынылады.

II бөлім: Бозбала Абай және ұлттық дәстүр

Екінші бөлімде бозбала Абайдың табиғатпен үндескен өмір салты – саятшылық, аңшылық өнері және ұлттық тұрмыс көріністері назарға ұсынылады. Бұл кезеңде Абайдың «Абай жолы» эпопеясында суреттелетіндей, әр жыл мезгілінде табиғатпен байланыста болып, аңшылықпен шұғылдануы, ел арасындағы салт-дәстүрлерге белсене араласуы бейнеленеді. Сонымен қатар, ұмыт бола бастаған қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрлері мен тұрмыс-салт көріністері қайта жаңғырып, жұрт назарына ұсынылады.

III бөлім: Ақын Абай және көшпелі мәдениет

Абайдың ақын ретінде кемелдену кезеңі осы үшінші бөлімде көрініс табады. Бұл бөлімде қазақтың көшпелі өмір салты, мәдениеті және табиғатпен етене байланысы кең сахналық қойылымдар арқылы беріледі. Абайдың жылдың төрт мезгіліне арнап жазған өлеңдері (мысалы, «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жазғытұры») негізге алына отырып, осы мезгілдердің әрқайсысы ұлттық дүниетаныммен астасқан күйінде сахналанады. Бұл – қазақ халқының табиғатпен үндескен өмір салтын көрсетудің маңыз­ды тәсілі болмақ.

IV бөлім: Ағартушы Абай және рухани биік

Төртінші бөлім – Абайдың даналық жолына түскен, халыққа ой айтқан, ағартушылық қызметке ден қойған шағы. Бұл кезеңде Абай қара сөздері арқылы елге ой тастап, ұлттың дамуына, парасат биігіне жетуіне жол нұсқады. Сонымен қатар, Абайдың Михаэлис, Долгополов, Гросс, Коншин сынды орыс және еуропалық ойшылдармен араласуы, Лермонтов, Пушкин, Крылов шығармаларын қазақ тіліне аударуы оның әлемдік әдебиетпен байланысын тереңдетіп, көркем ой көкжиегін кеңейтті.

V бөлім: Дана Абай – халықтың рухани тірегі

Бесінші бөлім Абайдың тұлғалық биігіне, рухани кемелдікке жеткен шағына арналған. Бұл бөлімде Абай тек ақын, ағартушы ғана емес, тұтас бір халықтың рухани ұстазы, даналықтың символы ретінде көрсетіледі. Оның шығармалары халық ауыз әдебиетімен үндесіп, ұлттық болмысқа айналды. Бұл кезеңде Абайдың ел қамын жеген, руханияттың, әділдіктің жаршысы ретіндегі бейнесі кеңінен ашылады. Абайдың бүкіл әлем мойындаған даналығы көрініс табады.

Бәйге мен күрес

Сонымен қатар тағы бір тойдың ерекше тұсы - Абайдың 180 жылдығына орай ұлттық ат спортының ойындары аламан бәйге, топ бәйге, жорға бәйгелері өткізіледі. Нөмірі бірінші жүйрік тұлпарлар қатысады деп күтілуде. Онда да бас бәйгеге автокөлік тігіледі. Сонымен қатар түйе палуан - Қазақстанның ауыр салмақтағы қазақша күресте жүрген батырлардың бәсекесі өтеді. Жүлдеге автокөлік тігіліп отыр. Онда “Қазақстан барысын”жеңіп алған тараздық Ғалымжан Қырықбай, қызылордалық Мақсат Исағабыл, Семейден Дәурен Нұралинов, батыстан Нұрдаулет Жарылқап сияқты атақты палуандар қатысады.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Димаш Құдайбергенге Қырғызстан ең жоғары атақты берді
Кеше, 23:15

Димаш Құдайбергенге Қырғызстан ең жоғары атақты берді

Димаш Құдайберген фестиваль қонақтарының алдында концерттік бағдарламасын ұсынды.
Бұл жолғы сапардың ерекшелігі — Димаш Құдайберген ақысыз өнер көрсетеді
Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның бишілері Түркияның Бурса қаласында өнер көрсетті

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →