Ондай байқаулар кейінгі жылдары көп жарияланып жүр.
Әдебиет – өзге салаларға қарағанда нарықтық қатынастарға өте баяу бейімделіп келе жатқан сала. Оны қаламгер қауымның қаламақы мәселесін, кітап таралымының аздығын жиі сөз етуінен байқауға болады. Бұл мәселе еліміз тәуелсіздік алғалы бері сөз болып келе жатқаны көзі қарақты қауымға белгілі. Мемлекет мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың авторларына қаламақы береді. Мемлекеттік тапсырыспен кітап шығару тәртібі егжей-тегжейлі түрлі басылымдарда жазылып, айтылып жүр. Оның бірі биыл наурыз айында «Түркістан» газетінде жарияланды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Еліміздегі қаламгерлердің ендігі табыс көзінің бірі – әдеби байқаулар. Ондай байқаулар кейінгі жылдары көп жарияланып жүр.
2022 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тұңғыш рет (сол жылы министрлік осылай аталған) «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына байқау жариялады. «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драма», «Үздік көркем аударма», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік комикс» және «Үздік кітап дизайны» аталымдары бойынша үздік деп танылғандарға 5 миллион теңгеден ақшалай сыйлық беріліп, олардың еңбектері 500 данамен жарық көретін болды.
2024 жылы бұл сыйлыққа 7 номинация бойынша 176 шығарма авторы өтінім берген екен. «Үздік проза» – 57, «Үздік поэзия» – 37, «Үздік драматургия» – 16, «Үздік әдеби сын» – 13, «Үздік әдеби аударма» – 14, «Үздік балалар әдебиеті» – 31 және «Үздік комикс» – 8.
Мәдениет және ақпарат министрлігі бұдан бөлек жас қаламгерлер арасында Президенттік арнаулы әдеби сыйлық, Мәдениетаралық және этносаралық бірлікті нығайтуға арналған әдебиет саласындағы «Дарын» сыйлығы секілді арнайы сыйлықтар мен байқаулар ұйымдастырып келеді.
Жалпы әдебиетті дамыту мақсатында мемлекет жазушыларға қаламақы беруден бөлек түрлі әдеби байқаулар да ұйымдастырады. Мұндай байқауларды министрлік қана емес, түрлі жекеменшік ұйымдар мен облыстық, аудандық әкімдіктер де ара-кідік ұйымдастырады. Ол кейде айтулы даталарға немесе өмірден өткен белгілі қаламгерлердің мерейтойына байланысты жарияланады.
2009 жылы қоғамның әр саласында еңбек етіп жүрген Қуат Домбай, Досым Сатпаев, Кенже Жұманұлы, Расул Жұмалы және Айдос Сарым сынды азаматтардың бастауымен қолға алынып, 2010 жылдан бастап түрлі ұйымдардың демеушілігімен беріліп келе жатқан «Алтын қалам» тәуелсіз әдеби байқауы, «Freedom Шапағат» корпоративтік фондының Freedom Holding Corp. компаниялар тобының еншілес ұйымдарының эксклюзивті демеуіндегі Mecenat.kz роман байқауы қазір қаламгерлер мен әдебиет сүйер қауымға жақсы таныс. Балалар әдебиетіне арналған халықаралық «Дарабоз» байқауы да 2006 жылдан бері «ZHERSU» корпорациясы мен Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен қолға алынып, қаламгерлер арасында кең танылды. Дарабоз 2017 жылы «Алтын қалам» жүлдесі аясында өтті.
Мұндай әдеби байқаулар әдебиеттің дамуына қаншалықты ықпал етеді? Шынында ол қаламгерді ынталандыра ма? Біздің тілшілер осы төңіректе әдеби шығармалар байқауын ұйымдастырушылар мен қаламгер қауымның пікірін біліп көрді.
Бейбіт САРЫБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, жазушы, «Жас қалам-жаңа роман» жобасының идея авторы, үйлестірушісі:
Әсіресе, Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» романы тың жаңалық болды. Көп жақсы пікірлер мен игі әңгімелерге арқау болды. Сауатты сындар да жазылды. Дәл сондай пікірді Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл» романы туралы да айтуға болады. Оның да шығармасы, қаламгерлер мен оқырмандар тарапынан көп оқылып, көп талқыланды. Қанаттың кітабы үш қайтара, Мақсаттың кітабы екінші қайтара басылды. Әлібектің қолына ұстатқан бес жүз кітабы да таусылған дейді, «Мұтылған» туралы да жақсы пікірлер айтылды, кәсіби әдебиеттанушылар талдап мақала жазды.
Мұның барлығы романдардың бүгінгі қоғамның, бүгінгі оқырманның талабынан, талғамынан шығатын шығарма екенін көрсетіп тұр.
Осы тұрғыдан алғанда, «Жас қалам-жаңа роман» жобасы әдебиеттің алға жылжуына аз-кем ықпал етті деп айтуға болады.
Ал жалпы алғанда әдеби байқаулар әдебиеттің ілгері жылжуына міндетті түрде ықпал етеді. Осы кезді ғана айтпай, өткен күнге де бір оралып, сол күндерді мысалға алып көрейікші.
Осыдан біраз жыл бұрын Жазушылар одағының ұйымдастыруымен, Басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин болған жылдары «ZHERSU» корпорациясының басшысы Бауыржан Оспанов демеушілік жасап, «Дарабоз» атты Халықаралық конкурс басталған. Сол «Дарабоз» конкурсының арқасында балалар әдебиетіне қаншама жақсы, керемет-керемет шығармалар қосылды, қаншама жас таланттың жұлдызы жанды, қанша оқырман қалыптасты. Егер «Дарабоз» бәйгесі болмағанда, сол дүниелер жазылар ма еді, жазылмас па еді?.. Әр жылда жүлде алған шығармалар жинақ-кітап болып жыл сайын жарық көріп отырды. Ал жүлде алмаған шығармалар қаншама! Олардың барлығы да, жүлде алмай қалды екен деп, жыртылып тасталған жоқ, өртеніп кеткен жоқ. Олардың барлығы да сол авторлардың игілігіне айналды, кейін кітаптарына енді, газет-журналдарда жарияланды.
Жазушылар одағында әдебиетті дамытуға арналған бұдан өзге де ауқымды жобалар бар. Басқасын айтпаған күннің өзінде, былтыр Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлескен «Стратегиялық әріптeстік» орнату бойынша үш жаңа жоба жүзге асырдық. Оның бірі «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы негізінде жас қаламгерлер еліміздің әр өңіріне барып, сол өлкенің тарихымен, мәдениетімен, бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, он баспа табақ көлемінде шығарма жазып өткізді. Жыл соңына дейін қазақ әдебиетіне 20 жаңа туынды қосылып, әр жас қаламгер 4 млн теңге көлемінде қаламақы алды. Осы жоба аясында жас қаламгерлерге арналған «Жазушылардың шеберлік мектебі» ұйымдастырылып, отандық және шетелдік беделді қаламгерлердің дәрістері мен шеберлік сыныптары өтті.
Қазақстан Жазушылар одағында мұндай жобалар баршылық. Мен айтқан «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» биыл да жалғасады. Жоспарға сай жұмыс жүзеге асса оның да игі әсері болары анық.
Әдеби байқаулардың ішіндегі жүлде қоры қомақтысы ( Қазақстан туралы ең үздік роман байқауының жеңімпазы өмір бойы ай сайын төленетін 500 АҚШ долларын ұтып алады) «Mecenat.kz» роман байқауы. «Mecenat.kz» ресми сайтында бұл байқаудың «мақсаты – Қазақстандық көркем әдебиетті дамыту, халықтың оқуға деген ынтасын арттыру, жазушылардың кәсіби тұрғыда жетілуіне қолдау көрсету, олардың шығармаларын әлемдік кітап нарығына шығару», – деп жазылған.
Гүлсім РЗАБАЕВА, Mecenat.kz менеджері:
Дейтұрғанмен, «Абай жолы» романының сюжеті шамамен ХХ ғасырдың басында аяқталады. Келесі 120 жыл бойы сөйлемдері қанатты сөзге, ал кейіпкерлері әлемге танымал болатындай шығарма кең таралып, танылмады. Біздің байқаудың мақсаты осы олқылықтың орнын толтыру.
Бұл әдеби байқауға жаңа кәмелет жасқа толған 18 жастағы жігіт-қыздар да, 80 жастағы қария да қатысып, жеңімпаз атануы мүмкін. Астананың орталығының немесе шалғай жатқан ауыл тұрғыны да жеңімпаз атана алады, тек Қазақстанның төлқұжаты болса болғаны.
Байқаудың мақсаты – халықтың санасын оятатын, тарихымыз бен салт-дәстүрімізді бүкіл әлемге танытатын жазушы-романистерді анықтап, оларға күнделікті тұрмысын ойламай, тек жазуға жағдай жасап беріп, қазіргі қазақстандық әдебиеттегі қоғамдық мұраттарды анықтау, әдеби шығармашылықты ынталандыру, мәдени дамудың жаңа векторларын, мәдениетаралық ықпалдастықтың жаңа бағыттарын іздестіру арқылы Қазақстандық әдебиетті дамыту және әлемдік әдеби кеңістікке шығару.
Осы уақытқа дейін үш шығарма жүлде алды. 2024 жылғы жүлдегер шығарма Сәуле Досжанның «Өмір бәйтерегі» романы орыс және ағылшын тілдерінен бөлек, түрік тіліне аударылып, Түркияның Анкара қаласында таныстырылды. Осы байқаудан жүлде алған шығармалар негізінде жазылған бірнеше сценарий фильм түсіру үшін қарастырылып жатыр. Оның нәтижесі туралы кейінірек баспасөзге хабарлаймыз.
Байқау ережесі тұрақты, барлық қаламгерге ортақ. Оған ауылдағы механизатор да, үй шаруасындағы әйел де қатыса алады. Біз қазір ел ішін түгел аралап байқау туралы түсіндіріп жүрміз. Жылдан жылға байқауға келген шығармалардың сапасы артып келеді. Алғаш бізге 62 үміткер қатысып еді, биыл 21 үміткер ғана қатысты. Шығармалар жылдан-жылға пісіп-жетіліп, қаламгерлер арасындағы бәсеке де артып келеді.
Біздің байқаудың төртінші маусымы аяқталды. Осы жылдар ішінде шығарма талқыға жастардың көп қатысатынын анық байқадық. Дауыс беруде де, әсіресе, жастар белсенді. Жастар біздің болашағымыз десек, бұл әдебиеттің болашағынан едәуір жақсы хабар беретін секілді.
Байқау ұйымдастырушыларының пікірі біз сауал тастаған қаламгерлердің пікірімен ұқсас, дегенмен қаламгерлердің айтары жоқ емес.
Ділдар МАМЫРБАЕВА, балалар жазушысы:
Жеңімпаз шығармалар баспасөзге жарияланса...
Әдеби байқаудың түпкі мақсаты – жаңа есімдерді іздеу, әдебиетке жаңа тақырып әкелу, жазушыны ынталандыру болу керек. Осының барлығы бірде баяу, бірде қарқынды, бірде әділ, бірде әділетсіз өтсе де, жалпы алғанда әдебиеттің дамуына, әдеби процестің қарқын алуына себеп болады. Балалар әдебиеті бойынша айтсам, «Дарабоз» байқауы осы міндеттерді толықтай орындады дер едім.
Алайда, байқаудан жүлде алған шығармалармен оқырман көбіне толық таныса алмай қалады. Себебі жеңімпаз шығармалар жинақ болып жарық көргенмен, таралымы тым аз болады. Кейде тіпті жинақ ретінде шықпай қалатын жағдайлар да жоқ емес. Байқауға дейін жарнама жасалады, пәлен деген автордың, түген деген шығармасы үздік деп танылды, деген ақпарат кең тарайды. Алғашқы бір-екі күн гу-гу әңгімеге арқау болған жаңалықтың лебі басылғаннан соң, әлгі шығарманы ешкім іздемейді. Қазір электронды нұсқаға көштік дегенімізбен, жүлде алған шығармаларды ешқандай сайт, ешқандай басылымның веб-сайты жарияламайды. Тек білетінім, «Заң» газеті жариялайтын детектив шығармалар байқауына жолданған шығармалар газетке де, сайтқа да шығады.
Әдеби шығарма оқырманның талғамына қарай бағаланатыны жасырын емес, 100 оқырман болса, 100 түрлі талғам бар. Ал ол кейде ақын-жазушылар ұстанатын көркемдік талаптарға сай келе бермейді. Дейтұрғанмен, жүлде алған шығармалар баспасөз бетіне басылып, сайттар жариялап, шығарма автордың танымал, танымал еместігіне қарамай талдануы керек.
Кейде бір айда үш байқау өтсе, осы үш байқауда да бір адамдар жеңімпаз болып жүреді. Бір шығарманың тақырыбы мен алғашқы азат жолын өзгертіп қатысып, жүлде алып кететіндер де бар. Бұл енді «Сыбайлас жемқорлықпен күрес» мәдениетінің әлі де қалыптаса қоймағандығының нышаны.
Байқау жарияланып, жүлдегер анықталып, қаламгерге шабыт бергенмен шығарманың оқырманға жетуі әлі де түйіні көп мәселе болып тұр.
Есболат АЙДАБОСЫН, жазушы, «Janr» әдеби клубының президенті
Әдеби байқаулардың механизмі жетілсе...
Әлбетте, әдеби байқаулар әдебиеттің дамуына оң ықпал етеді, өйткені бірінші кезекте ол қаламгерді қаржылық тұрғыда ынталандырады , шабыт береді. Екінші кезекте, әсіресе, жаңадан жазып жүрген қаламгерлердің өзіне деген сенімін арттырады, танылуына, әдеби ортаға қосылуына мүмкіндік береді. Мұның барлығы жиылып келіп әдеби процестің дамуына сөзсіз ықпал етеді.
Өзім де ең алғаш жазып жүрген кезде «Алтын қалам» бәйгесіне қатысқан болатынмын, сол кезде «Сүлікқара» деген әңгімемді «Тайжарыс» деген атпен жібергенмін, шорт-листке ілінді. Сәкен Сыбанбай т.б. белгілі қаламгерлердің шығармаларымен қатар, төрт шығарманың бірі болып тұрғаны, сол кезде мен үшін кәдімгідей жетістік болып көрінген. Қалыптасып, аты танылып қалған қаламгерлермен қатар тұрғанымды көргенде «Менің де қолымнан бірдеңе келеді екен-ау!..», «Тағы да жазуым керек!» деген ой туды, өзімді-өзім қамшылауыма түрткі болды. Сондықтан әдеби байқаулар керек. Бірақ олардың механизмін жетілдіру керек деген ойдамын. Мәселен, байқаулардың кейбірінің қорытындысын халық беретін дауысқа байлап қойған. Меніңше, ол дұрыс емес, өйткені соңғы жылдары «WhatsApp» желісі арқылы дауыс сұрау, ағайын-туысты жұмылдыру, одан қалса қаламгерді бір өңір тұтас қолдап, жершілдікке, топшылдыққа, рушылдыққа қарай тартып, шығармалар әділ бағаланбайтын жайттар қайталанып жүр. Бұл – жеңімпазды дауыс беру арқылы анықтаудың кемшін тұсы. Бейтарап дауыс беруге, авторды емес, таза шығарманы ғана бағалауға біздің қоғам әлі дайын емес секілді. Соңғы болып жатқан үрдістер соны көрсетіп тұр. Негізі әр нәрсенің бағасын сол саланың маманы береді. Әдебиеттанушы-ғалымдар, әдебиет сыншылары, әдеби танымы жоғары қаламгерлерден қазылар алқасын жасақтауға болады. Бірақ, мұнда да назар аударатын бір кілтипан, қазылар алқасының кейбір мүшелері шығармаларды оқымай, автордың танымалдылығына қарай дауыс бере салады. Ондай кезде танымал емес авторлардың шығармалары оқылмай қалуы әбден мүмкін. Ұйымдастырушылар қазылар алқасына қомақты қаламақы жазса, әр шығарманы мұқият оқу керек деген талап қоя алады. Қазылар алқасы шығарманы оқыған соң, ең болмаса шорт-листке ілінгендерге шамамен екі беттік рецензия жазып, оның несімен озық екенін талдап берсе. Байқау біткен соң жазылған рецензиялар жарияланса, рецензиялардың негізінде бір тізім жасап, оны әлеуметтік желіге шығарса болады. Сол кезде халық қай шығарма, не үшін озық шыққанын, қай шығарма кемшін түскенін біле алады. Бұл негізі жақсы пікірталастың туындауына себепкер болар еді.
Қазір бізде әдеби байқаулар жиі өтеді, жеңімпаздары анықталады, автор мен шығарманың аты ғана жарияланады. Жеңімпаз шығарма өте сирек жарияланады. Жеңімпаздар несімен озық болғаны, қанша шығармадан үздік деп танылғаны беймәлім күйі қалады. Егер қазылардың әрқайсысында рецензия жазатындай мүмкіндік болса онда көпшілік олардың қай шығармаға не үшін дауыс бергенін анық білер еді. Біреу қазының пікірімен келісер, келіспес бірақ одан қорқудың қажеті жоқ, керісінше, ол әдеби процесске қан жүгіртіп, конструктивті пікір-талас тудырар еді.
Жалпы әдеби байқаулардың көп болғаны және оның жүлде қорының қомақты болғаны әдебиетті алға жылжытады. Бізде қазақ күресі неге дамып кетті, өйткені «Қазақстан барысы» деген жоба қолға алынып, оның жеңімпазына пәтер, 20 000 000 теңгенің үстінде сыйақы берілді. Осыдан шабыт алған басқа күреспен айналасып жүрген жігіттер қазақ күресіне ден қойды. Ынталандыру болды, қазақ күресінен кеткен жігіттер қайта оралды. Мұндай ынталандыру әр салаға жан бітіреді, сондықтан әдеби байқаулардың көп болғаны қаламгерлерге ғана емес, оқитын ұлт болу үшін біздің қоғамға керек.
Қанат ӘБІЛҚАЙЫР, жазушы, «Жас қалам – жаңа роман» жобасының жеңімпазы:
Әдеби байқау қаламгерлерге едәуір демеу
Осы күнге дейінгі жазған шығармаларымның қай-қайсысын болса да әдеби байқауға қатыстырдым. Он шақты әңгіме мен бір-екі хикаятым байқауға қатыспай жарияланып кеткені болмаса, қазір міндетті түрде әдеби байқауда бақ сынаймын. Егер жолы болып жатса қуанамын. Жолы болған шығармаларымның бірі «Ағыраптағы аты жоқ адам» «Жас қалам-жаңа роман» байқауында топ жарды. Бұл байқау бұрыннан жазсам деп ойлап, ізденіп, дайындалып жүрген тақырыбымды жазуға ықпал етті. Үш айдың ішінде роман жазылды. Осы уақытқа дейін ол кітап 4000 данадан астам тиражбен басылып, оқырманға тарады. Егер бір әдеби байқау осындай деңгейге жеткізсе, онда әдеби байқаулардың әдебиетті дамытуға ықпалы бар деп сеніммен айта аламыз.
Тауар өндірушілердің арасында «тауарды өндіру оңай, тарату қиын» деген сөз бар. Әдеби байқаулардың көбеюі біздің қоғамда әдеби шығарма өндіру ісіне серпін бергені байқалады, оны бүгінгі спикерлердің сөзінен анық аңғардық. Бұл, әрине, жақсы нышан. Дегенмен, өндіруден кейінгі өткізу мәселесі әлі де ашық күйінде қалып тұрғандай...