Алматының бағы қандай
Алмасының дәмі балдай
Алма дидар арулар
Қыз Жібек пен Баяндай.
Бұл әнді бала кезімізден білеміз. Жанымызда сақталып қалған әуен. Алматыға күніне келіп-кетіп жатқан жандар қаншама. Расы керек, Тәуелсіздігіміздің төл бесігі Алматы қазір туристер жиі келетін шырайлы шаһарға айналды.
Алматының айналасында таңғажайып табиғи орындар өте көп. Алматы – сырттан келуші шетелдік туристердің саны бойынша абсолютті көшбасшы. Әрбір шетелдік екінші туристің Алматыға келетіні белгілі. Туризм саласына дұрыс көңіл бөлінсе, оны экономиканың толыққанды драйверіне айналдыруға болады.
Алматыға осы жылдың бірінші жартыжылдығында 1 070 358 адам келген, оның 302 358-ы шетелдік туристер. Ал бұл жалпы Қазақстан бойынша турист ағымының 53.3 % екенін көрсетеді. Осынша адам қаламыздың көрікті жерлерін көріп қана қоймай, қазақтың ұлттық тағамдарынан да дәм тататыны сөзсіз. Қазақтың ұлттық асханасы бұл жай ғана тағамдар тізімі емес, бұл – шөлейт жазы мен қытымыр қысы бар далада денсаулықты сақтауға көмектескен көшпелілердің ғасырлар бойғы өмір тәжірибесінің нәтижесі. Көшпелі халықтың негізгі асы жылқы еті мен қой еті болған.
Қазақ дастарханы – дәм мен дәстүрдің айнасы
Алматыдағы қазақ ресторандарының туристерге қызмет көрсету деңгейі соңғы жылдары едәуір жақсарған. Ұлттық нақыштағы мәзірде ет, қазы-қарта, қуырдақ, бауырсақ, айран, қымыз, шұбат сияқты тағамдар кеңінен ұсынылады. Кейбір этно-ресторандарда қызметкерлер ұлттық киім киіп, ерекше атмосфера ұсынады. Бұл қалаға келген шетелдік қонақтардың ұлттық тағамдарға деген қызығушылығы артып отырғанымен байланысты. Енді Алматыға келген әрбір турист міндетті түрде дәм татып көруі керек қазақ асханасының басты әрі ең дәмді тағамдары туралы Sandyq және Sydyk мейрамханаларының мысалында айтып өтейік.
Алматыдағы Sandyq рестораны туристерге қызмет көрсету тұрғысынан сенімді таңдау әрі мәдени тәжірибе ұсынатын орын саналады. Мұнда қазақтың дәстүрлі тағамдарына басымдық береді: ет, қазы, қымыз және т.б. Тағамдар сапалы дайындалып, ерекше ұсынылады.
Ресторан ішінің безені ұлттық стильде жасалып, заманауи декоративтік элементтермен үйлеседі: қуыршақтар, тарихтық бұйымдар және ашық, жайлы интерьер келушілерді өзіне тартары сөзсіз. Жандандыратын ұлттық әуендер мен кейде би қойылымдары да көңілді нұрландыра түседі.
Мейрамхана ішкі көрінісімен қазақ тарихына құрмет білдіреді. Мұндағы тұрмыстық бұйымдар мен ерекше заттар өңірдің мәдени шежіресінен сыр шертеді. Жылы әрі жайлы орта. Sandyq қазақ халқының тағам дәстүрлерін сақтаған шынайы рецептілермен ерекшеленеді. Құнарлы ет пен дәмі ерекше қазыдан бастап, әр тағам шынайы ықыласпен дайындалады – бұл сіздің ұмытылмас дәм сапарыңызға кепіл. Бағалары нарықтан «сәл жоғары» көрсетілген, бірақ тағамдардың сапасы мен қызмет көрсету деңгейін ескере отырып, баға мен сапада баланс сақталған дерсіз.
Sandyq рестораны Алматыда туристер үшін қазақтың ұлттық аспаздық мәдениетін таныстырудағы сенімді орын. Мұнда келушілер ұлттық тағамдар, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қызмет көрсету және қаланың орталығында орналасуымен ерекшеленеді.
Келесі нысан – Sydyk рестораны. Туристер үшін ерекше орын. Өйткені мұнда дәстүрлі қазақ тағамдары, ұлттық сусындар және ұлттық мәдениет атмосферасы сезіледі. Бұл жердің ет, бауырсақ, қуырдақ және ұлттық сусындары сұранысқа ие. Сонымен қатар, еті тамаша, баяу пісірілген, үстел жанына келіп кесіп ұсынғаннан кейін ерекше дәм береді. Қымызы мен шұбатын тек туристер ғана емес, алматылықтардың өздері де іздеп келіп ішеді. Бұл жердің де қазақ дәстүрлеріне арналған заттармен безендірілген және көркем интерьері туристерді қызықтырады. Мейрамхана алдында және ішінде түйелер бейнесі ерекше сәнімен келушілерге ерекше әсер қалдырады. Қазақ мәдениеті мен тағамдарын насихаттауда тамаша орын.
Қазақ ресторандарындағы даяшылар сыпайы, қонақжай, жылы жүзді. Тіпті ұлттық киім киіп, шетелдік қонақтарға ерекше әсер қалдырады. Қызмет көрсету мәдениеті жылдан жылға жақсарып келеді. Даяшылар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлеп, тағам туралы кеңінен ақпарат бере алады. Олар мәзірдегі ұлттық тағамдардың ерекшелігін түсіндіріп, қонақтардың таңдауына көмектеседі.
Ұлттық тағамдар әлемі
Қос мейрамхананың да ұсынатыны қазақтың ұлттық тағамдар болғандықтан, ең таңдаулы тағам түрлерін де атап өтейік.
Ет – қазақ ұлттық асханасындағы ең танымал тағам. Ерте кезде бұл тағамды қолмен жеген, сондықтан да «бесбармақ» деп те атаған, яғни қазақша «бес саусақ» деген мағына береді. Үйде жайылған кең кеспе (уақыты тығыз үй иелері дүкеннен дайын кеспе – кеспе қолдана алады), бірнеше түрлі жақсы пісірілген ет – жылқы еті, қой еті, сиыр еті және пияз, қара бұрыш қосылған қою сорпа. Осы сорпа ет пен кеспенің үстіне құйылады. Кейбір үй иелері сорпаға піскен картоп пен сәбіз де қосады.
Қуырдақ – бауыр, бүйрек пен жүректі ұнататындар үшін тамаша тағам. Жаңа сойылған қой еті, құйрық май және ішек-қарын өнімдері қуырылады, үстіне пияз қосылады, сосын туралған картоп салынады. Дайын тағам көкпен сәнделеді. Тағамның тағы бір нұсқасы – бал қуырдақ. Ол жылқы етінен дайындалады, қаймақпен бұқтырылады.
Сүт өнімдерінен қазақ асханасында түрлері көп. Атап айтқанда, қой, бие, түйе, сиыр сүті. Әсіресе бие сүті саумал ерекше бағаланады. Ол сауылған соң үш сағатқа дейін құнды қасиеттерін сақтайды деп есептеледі. Саумалда бірнеше ондаған биологиялық элементтер бар: аминқышқылдар, ферменттер, майлар, микроэлементтер және дәрумендер (A, C, B1, B2, B6, B12, E, H, PP, бета-каротин, фолий қышқылы). Бие сүтінен – қымыз, түйе сүтінен шұбат дайындалады. Ал сиыр сүтінен қаймақ (қатық), сары май, айран жасалады. Әрине, қазақтың тағы бір ұлттық өнімі – құрт. Бұл тұзды сүзбеден жасалған кептірілген кішкентай домалақтар. Қазіргі таңда құрт түрлі дәмдеуіштермен: базиликпен, бұрыш қосылған, ысталған, көкөніс пен сарымсақпен дайындалады. Сәбіз не қызылшадан алынған табиғи бояумен жасалған тәтті және түрлі-түсті құрттың да түрлері бар.
Қазақ тәттілерінен жарма дақылдарынан тары мен бидай көбірек қолданылады. Мысалы, талқаннан (ұнтақталған бидай), қант пен сары майдан жент дайындалады. Кейде оған езілген ірімшік қосылады. Жентке немесе қазақ халвасына әртүрлі пішін беріледі: домалақ, төртбұрышты және т.б. Ал оған бал, мейіз, өрік-мейіз, жаңғақ қосылса, бұл тағамды дәмді әрі ұлттық сувенир ретінде ұялмай алып кетуге болады. Ірімшік немесе қазақша «Raffaello» қазіргі қазақ асханасындағы тағы бір десерт. Үгітілген ірімшікке сары май, печенье, бал қосып, пішін беріп, үстіне кокос және шоколад ұнтағын себеді.
Ал бауырсақты ашытылған қамырдан қамырды жіпше созып, ұзындығы үш сантиметрдей бөліктерге кесіп, көп майда алтын түске енгенше қуырады. Кейде бауырсақты домалақ, кейде кішкентай, қытырлақ шарик түрінде жасайды. Алматыда бауырсақтың барлық түрін көріп, дәмін татып көруге болады.
Алматы – тек табиғатпен емес, ұлттық тағамдарымен де жүректі жаулайтын мекен. Бұл – дәм мен дәстүр тоғысқан, өткен мен бүгін үндескен өлке. Осы бір асыл қазынаны әлемге паш ету әрқайсымыздың парызымыз.