Әлемге танымал қазақстандық диджей және продюсер Иманбек Зейкенов (Imanbek) тағы да беделді музыкалық сыйлық «Грэмми» жүлдесіне үміткер атанды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
2021 жылы Иманбек Saint Jhn — «Roses» трегіне жасаған ремиксі үшін «Грэмми» алып, Қазақстан тарихында ғана емес, бүкіл ТМД мен посткеңестік кеңістіктегі алғашқы музыкант атанды. Бұл туынды YouTube желісінде 367 миллионнан астам қаралым жинап, TikTok-та вирусқа айналған болатын. Ән сонымен бірге U.S. Billboard Hot 100 чартының үздік бестігіне енді.
Биыл қазақстандық музыкант әлемдік жүлдеге екінші мәрте ұсынылып отыр. Оның аргентиналық әнші Taichu-мен бірлескен композициясы «Best Latin Electronic Music Performance» (Латын электронды музыкасының үздік орындалуы) номинациясына енді.
68-ші «Грэмми» сыйлығының марапаттау рәсімі 2026 жылдың 1 ақпанында АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтеді.
Соңғы жылдары Иманбек әлемдік деңгейдегі жұлдыздармен — Usher, Wiz Khalifa, David Guetta, Rita Ora-мен жұмыс істеді. Сонымен қатар ерекше жобаларға да қатысып жүр: мысалы, 2021 жылы Ресейдегі Ленинград атом электр стансасына барып, «атомның дыбысын» жазып алған.
2022 жылы музыкант жайлы «Imanbek — өзінікіндей жат» атты деректі автобиографиялық фильмнің шығатыны хабарланды. Фильмде оның үш жасынан бастап өмірі мен шығармашылық жолындағы маңызды кезеңдер көрсетілген.