Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 24 қыркүйекте Париж қаласында ЮНЕСКО бас директорының мәдениет жөніндегі орынбасары Эрнесто Оттонеге «Үстірт» аралас мұра нысанының номинациялық құжаттамасын ресми түрде табыс етті. Бұл жоба Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу үшін алдын ала бағалауға жіберілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Министрдің айтуынша, «Үстірт» құжаты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әзірленді. Мемлекет басшысы еліміздің бірегей тарихи-мәдени және табиғи нысандарын халықаралық деңгейде насихаттау қажеттігін бірнеше рет атап өткен болатын.
Айрықша атап өтерлігі, аралас мұра объектісі посткеңестік елдер тарихында алғаш рет ұсынылып отыр. Үстірт – археологиялық ескерткіштер, дәстүрлі аңшылық тұзақтар-араны және табиғи тұтастықта үйлескен қайталанбас мәдени әрі табиғи ландшафт.
ЮНЕСКО Бас директорының мәдениет жөніндегі орынбасары Эрнесто Оттоне Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықтағы белсенді ұстанымына ризашылығын білдіріп, ұсынылған бастаманың аса маңызды екенін атап өтті.
Кездесу соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді.