×

Ұлытау облысында Қайрат Байбосыновтың мерейтойы аталып өтті

Кеш соңында шәкірттері мен Жаңаарқа жұртшылығы атынан Қайрат Әукенұлына автокөлік кілті табыс етілді

Ұлытау облысында Қайрат Байбосыновтың мерейтойы аталып өтті
Ұлытау облысының әкімдігі

Қазақтың біртуар бұлбұл әншісі, дәстүрлі ән өнерінің дарабозы, Қазақстанның халық әртісі Қайрат Әукенұлы Байбосыновтың 75 жылдық мерейтойы дара тұлғаның туған жері Жаңаарқа ауданында жоғары деңгейде аталып өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Әсерлі сәттерге толы мерейлі шара қонақтарды құрметпен қарсы алудан басталып, әрі қарай аудандық Мәдениет үйінде өткен «Қазақтың Қайраты» атты тағылымды кешке ұласты. Кеш барысында ән өнерінің абызы атанған тұлғаның шығармашылық жолы мен өнегелі өмірі кеңінен насихатталып, сахна төрінде шәкірттер мен өнер жұлдыздары ұстазға деген шынайы ықыласын әнмен өрнектеді.

Мерейтой иесін құттықтап, мерейін үстем етуге Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Мағжан Табылдин, сондай-ақ Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов арнайы келіп, жылы лебіздері мен ақ тілектерін жеткізді.

Сондай-ақ кеш барысында Жаңаарқа ауданының әкімі Қанат Қожықаев халық әртісіне аудан атынан Құрмет грамотасын табыс етіп, сый-сияпат көрсетті.

Өнер кешінде Қайрат Әукенұлының шәкірттері мен дәстүрлі әнді дәріптеп жүрген еліміздің танымал өнерпаздары – Ғалым Мұхамедин, Серік Оспанов, Еркін Шүкіман, Айтбек Нығызбаев, Айгүл Қосанова, Жақсыкелді Кемалов, Сержан Мұсайнов, Ардақ Исатаева, Ержан Базарбеков, Сырым Мұхамеджанов және өзге де өнер иелері халық әнінің жауһарларын орындап, көрерменге рухани ләззат сыйлады. Шараны жаңаарқалық Айтуған Ырысалды жүргізді.

Сондай-ақ кешке зиялы қауым өкілдері мен өнер жанашырлары арнайы шақырылды. Астана қаласынан – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай, әнші, жыршы, қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан, сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен меценаттар Жайсаң Ахметов, Азамат Ахметов, Қанат Ахметов, өнер иесінің інісі Ахат Байбосынов пен оның жұбайы Роза Байбосынова, ұлы Мұхтар Байбосынов және әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Береке Көшенов, дәстүрлі әнші Қайрат Әбеуов, «Тайжан Қалмағамбетов атындағы Ұлытау облыстық филармониясы» директоры Қарагөз Абдулшарипқызы қатысты.

Кеш соңында шәкірттері мен Жаңаарқа жұртшылығы атынан Қайрат Әукенұлына автокөлік кілті табыс етілді. Бұл – елінің өз ардақты ұлына деген шынайы ықыласы мен зор құрметінің көрінісі болды.

Қайрат Байбосынов –тек Жаңаарқаның ғана емес, барша қазақ халқының мақтанышы. Ол ұлттық өнердің қара шаңырағын көтеріп, қазақ ән мектебін әлемге танытқан дара тұлға.
Мерейтой кеші – өнердің өлмес рухы мен ұстазға деген ұрпақ алғысының салтанаты іспетті әсер қалдырды.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Атырауда Жұмекен Нәжімеденовтің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды
Бүгін, 11:31

Атырауда Жұмекен Нәжімеденовтің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов өз сөзінде ақын шығармашылығының ерекшелігін атап өтті
Түркістан қалалық сазды-драма театрының құрылғанына 25 жыл толды. 
Ол 5 қазанда әйгілі Madison Square Garden сахнасында концертін өткізеді. 

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →