Депутаттың айтуынша, соңғы уақытта «күлкі үшін шектен шығатын» блогерлердің саны көбейген
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Аралбайұлы әлеуметтік желілерде белең алған қауіпті пранктер мәселесін көтеріп, Премьер-министрдің орынбасары Ержан Жамаубаев пен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Депутаттың айтуынша, соңғы уақытта «күлкі үшін шектен шығатын» блогерлердің саны көбейіп, олардың әрекеттері қоғам мен ел имиджіне кері әсер етіп отыр.
«Адамды қорқытып, қоғамдық орында ақымақтық жасауды қызық көріп, парақшасындағы лүпіл санын арттырғанымен, парасат биігінен омақаса құлағандар қаптап кетті», – деді ол Мәжіліс отырысында.
Аралбайұлы соңғы уақытта орын алған нақты мысалдарды келтірді:
– Астанада блогерлер лифт ішіне «жалған мәйіт» кіргізіп, адамдарды әдейі шошытқан;
– тағы бірі тапанша ұстап, жұртты дүрліктірген;
– ал Алматыда пранкерлер аула сыпырушыларды мазақ етіп, бейнеролик түсірген.
Сонымен қатар депутат шетелде отандық блогерлердің оғаш әрекеттері ел беделіне нұқсан келтіріп жатқанын айтты.
«Қытайда “ұрлық жасап жатқандай” видео түсірген Аружан Айбекова кейін Ташкентте де оғаш пранк жасап, қайта шу тудырды. Бұл – ойын емес, қоғамға қауіп төндіретін әрекет», – деді депутат.
Мәжілісмен жасанды интеллект көмегімен жасалатын пранктердің де көбейіп бара жатқанына назар аударды.
«Бір блогер тірідей табытқа жатып, “24 сағат табытта” атты челлендж бастаған. Бұл — адам психикасына әсер ететін, моральдық шектен асқан әрекет», – деді ол.
Осыған байланысты Нартай Аралбайұлы бірнеше ұсыныс айтты:
«Абай айтқандай, күлудің де, көңіл көтерудің де өлшемі бар. Сол өлшемнен асқандарды заңмен тұсайтын кез келді», – деп түйіндеді депутат.