×

Нұрғиса Тілендиев оқыған мектепте композитор атында кабинет ашылды

Қонақтар оқушылардан құралған шығармашылық ұжым сахналаған Нұрғиса Тілендиевтің өмірбаянына құрылған көрініс пен ансамбль мүшелерінің концертін тамашалады

Нұрғиса Тілендиев оқыған мектепте композитор атында кабинет ашылды

КСРО халық артисі, Халық Қаһарманы, дәулескер күйші, композитор Нұрғиса Тілендиев оқыған Ш.Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназияда Нұрғиса Тілендиев атындағы музыка кабинеті ашылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Композитордың туғанына 100 жыл толуына орай арнайы жабдықталған кабинетті осы кабинеттің меңгерушісі, музыка пәнінің мұғалімі Сәуле Оспанғалиева толық таныстырды: «Талапқа сай жабдықталған кабинетке домбыра, қобыз, шертер, ұрмалы т.б. ұлттық аспаптар және фортепиано қойылды. Оқу үрдісін жаңаша жүргізуге мүмкіндік беретін панельдік тақта ілініп, бір сөрені Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығына арнадық. Онда ұлы композитордың өмір жолы, музыкалық еңбектері мен рухани мұралары қамтылған».

Мектеп директорының міндетін атқарушы Лариса Уатайқызы бастаған ұжым ұйымдастырған салтанатты шараға композитордың қызы, «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі, бас дирижері Дінзухра Тілендиева және   ардагер ұстаздар қатысты. Қонақтар оқушылардан құралған шығармашылық ұжым сахналаған Нұрғиса Тілендиевтің өмірбаянына құрылған көрініс пен ансамбль мүшелерінің концертін тамашалады. Концертте композитордың бірқатар шығармасы орындалып, «Назқоңыр» ансамбльінің орындауындағы  «Құттықтаймын мама, туған күніңмен» атты әнге 2 сынып оқушысы Ерназар Сәкенұлы дирижерлік жасады.

Дінзухра Нұрғисақызы мектеп ұжымының даңқты композиторға арнап сынып ашқанына алғыс айтып, оқушылардан құралған ансамбль мүшелеріне сәттілік тілеп ризашылығын жеткізсе, осы мектепті ұзақ жыл басқарған ардагер ұстаз Рахима Бөлекбайқызы Нұрғиса Тілендиевтің өзі білім алған мектеппен тығыз-қарым қатынаста болғанын айтып, жақсы деректер келтірді.

Ардагер ұстаз, педагогика ғылымдарының кандидаты Рахима Бөлекбайқызы: «Жүз жылдық тарихы бар, қазақ мектептерінің қарашаңырағы – №12 мектепті бітірген айтулы тұлғалар өте көп. Олардың бірі де, бірегейі,  –  КСРО халық артисі Нұрғиса Тілендиев. Ол біздің мектепті 1943 жылы бітіріп, бірден соғысқа аттанады. Ол кісімен бірге белгілі режиссер Абдолла Қарсақбаев оқыған. Екеуінің достығы атақты «Менің атым Қожа» фильм түсірген кезде де жалғасып, Нұрғиса Тілендиев фильмнің музыкасын жазады. Сонда орындалатын «Туған ел», балалар лагерьге кетіп бара жатқанда айтылатын «Біз – Отанның ұланымыз» атты әнді  №12 мектептің оқушыларынан құралған хор орындаған. Ол ән «Қазақ радиосының» алтын қорында сақтаулы.

Нұрғиса Тілендиев көзі тірісінде біздің мектеппен ешқашан байланысын үзген емес. Мектептің 60 жылдығы 1984 жылы Социалистік Еңбек ері Рафика Нұртазина директор болған кезде аталып өтті. Содан бастап, 60 – 70 – 80 жылдық мерейтойларында Нұрғиса ағамыз өзі арнайы оркестірін алып келіп, алғашқы номерді ылғи да ол кісінің дирижерлігімен «Отырар сазының» орындауындағы музыкадан бастайтынбыз.   

Нұрағаң мен Дариға апайымыздың тұңғыш ұлы Данияр да біздің мектепте білім алған еді. Өте жақсы оқыды. Нұрағаң баланы алып кету үшін мектепке келгенде, осы мектептің түлегі, әйгілі композитор бола тұра қарапайымдылығын сақтап, Даниярды мектеп қоршауының сыртында күтетін. Көппен бірге келіп, көппен бірге жүретін».

Айта кетейік: 1936 жылы №12 мектептің Роза Шамжанова есімді 5 сынып оқушысы «Еңбек қызыл ту» орденінің иегері болған. Мектеп-интернат ол кезде білім берумен қатар, балаларды шаруашылыққа баулитын. Сабағын да жақсы оқып, шаруашылықтағы қозыны күтіп-бағып өсіргені үшін Мәскеуге барып, Кремльде кеудесіне орден таққан Роза Шамжанованы №12 мектептің ансамблі 2 Алматыдағы темір жол вокзалынан күтіп алған. Ансамбльдің жетекшісі Бақытжан Байқадамов еді. Ал Нұрғиса Тілендиев сол ансамбльдің белді мүшесі болған. Ол кезде түсірілген сурет қазір мектептің музейінде тұр.  

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →