Церебралды сал ауруы, психикалық дамудың тежелуі, сирек кездесетін генетикалық және өзге де дерттерге шалдыққан балалар мен ересектер Алматы облысы Талғар аудандық Мәдениет үйінде өткен «Жүректен жүрекке» атты облыстық шығармашылық фестиваліне қатысты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Іс-шараға қатысушыларға жас шектеуі қойылған жоқ. Іріктеу кезеңдерінен өткен облыс тұрғындары өзіне деген сенімділікті, күш-жігер мен өмірге деген шынайы сүйіспеншілікті паш етіп, бір сахнада өнер көрсетті.
Мысалы, Жамбыл ауданынан келіп қатысқан Акбота Жалғасбай мен Бекжан Базарқұлдың орындауындағы «Аға мен қарындас» әні көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Бұл дуэт достық пен өзара түсіністіктің, шабыт пен бауырмалдықтың символына айналды.
Фестивальдің ең жас қатысушысы Конаев қаласынан келген жеті жастағы Диас Қуандық болды. Оның өнері мен өзін сахнада ұстай білуі көрермендердің жүрегін елжіретіп, жүректен жүректерге жетті.
Фестивальді Алматы облысының әкімдігі мен облыстық халық шығармашылығы орталығы бірлесе ұйымдастырды. Шараның салтанатты ашылуында облыстық Мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев пен Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков құттықтау сөз сөйлеп, мұндай бастамалардың ерекше қажеттіліктері бар жандардың шығармашылық әлеуетін ашуға және қоғам өміріне белсене араласуына мүмкіндік беретінін, сондай-ақ қоғамдағы мейірімділік пен өзара сүйіспеншілікті арттыруға зор ықпал ететінін айтты.
Барлық қатысушылар облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің атынан алғыс хаттармен марапатталды, сондай-ақ шығармашылық үйірмелерді ұйымдастырушылар ұсынған ақшалай ынталандырулар мен естелік сыйлықтар алды.