×

Атырауда Сарайшықты жаңғырту мәселесі халықаралық деңгейде қаралды

Атырауда Сарайшықты жаңғырту мәселесі халықаралық деңгейде қаралды

Атырау қаласында «Сарайшық – Шығыс пен Батысты тоғыстырған өркениет ордасы: Ұлы Даланың тарихы мен мәдениеті» атты халықаралық ғылыми симпозиум өз жұмысын бастады. Шараға ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының өкілдері, отандық және шетелдік ғалымдар, археологтар, тарихшылар, музей ісінің мамандары мен өлкетанушылар қатысты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Алғашқы күні симпозиумның салтанатты ашылуы мен пленарлық отырысы өтті. Іс-шарада мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыздықов мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің “Мәдениеті озық елдің рухы биік” атты мақаласында Сарайшық қалашығының тарихи маңызын ерекше атап өтіп, оны жаңғыртудың қажеттілігін айтты. Ортағасырлық Сарайшық – Шығыс пен Батысты байланыстырған, Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі саяси, экономикалық және мәдени орталықтардың бірі. Оның зерттелуі мен жаңғыруы – тек Қазақстан үшін емес, күллі түркі әлемі үшін маңызды», – делінді министрдің құттықтауында.

Вице-министрдің айтуынша, Жайық өзені бойында орналасқан көне Сарайшық қаласы ғасырлар бойы Еуразия кеңістігіндегі саяси, экономикалық және рухани өмірдің өзегіне айналған.

«Сарайшық – Жошы ұлысының, Ноғай ордасының және Қазақ хандығының астанасы болған тарихи орда. Оны сақтау, зерттеу және қайта жаңғырту – баршамыздың қасиетті парызымыз», – деді Айбек Сыздықов.

Симпозиум барысында Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев аймақ әкімдігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

«Жайық өзенінің тасуынан қорғау мақсатында ұзындығы 1,5 шақырым, биіктігі 3,6 метрлік қорғаныс бөгеті салынды. Сонымен қатар, ортағасырлық Актөбе-Лаэти қалашығында да археологиялық, реставрациялық және музейлендіру жұмыстары басталады. Ал Сарайшық пен Хиуа арасындағы керуен жолында орналасқан көне Таскешу керуен-сарайы зерттеліп, реставрацияға арналған ғылыми құжаттар дайындалды», – деді ол.

Симпозиум аясында қатысушылар назарына 2023–2024 жылдары Қарабау-2, Қарақұдық-1 және Қарақұдық-2 қорғандарында жүргізілген археологиялық қазбалар кезінде табылған бірегей жәдігерлердің көрмесі ұсынылды.

Күннің екінші жартысында Абай орталығында секциялық отырыстар өтеді.

Ертең симпозиум қатысушылары Махамбет ауданындағы Сарайшық ауылына барып, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының жұмысымен танысады. Олар қазба және қалпына келтіру жұмыстарын аралап, тарихи ескерткіштің қазіргі жағдайы мен болашақтағы дамуы туралы ақпарат алады.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →