×

Нұрлан Сегізбаевтың соңғы сұхбаты: Қожаның айтылмаған ойлары

Өле-өлгенше ұлтқа қызмет етіп кеткен қазақтың Қожасы кім еді? 

Нұрлан Сегізбаевтың соңғы сұхбаты: Қожаның айтылмаған ойлары
Фото: Alakolmedia және фильмнен кадрлар

26 желтоқсанда белгілі жазушы, сценарист, Қазақстан халқының еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Санжар қайтыс болды. Қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан киносценарист, жазушы, философия ғылымдарының кандидаты Нұрлан Санжар осыдан 60 жыл бұрын «Менің атым Қожа» фильміне түсті. 34 жыл өткен соң «Қош бол, Гүлсары» фильмінде Шораның рөлін сомдады. Өмірінің соңғы жылдары «Қожа. Жаңа саяхат» фильмінде қысқа кадрға түсті. Жалпақ жұрт оны актер ретінде нақтырақ айтсақ, сол бала Қожа ретінде таниды. Бірақ марқұмның қазақ ұлтының әдебиеті мен руханиятына сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Qaz365.kz тілшісі тәуелсіздік алмай тұрған кездері де қазақ халқының мүддесін ойлаған Нұрлан Санжардың қазіргі Қазақстан жайлы, қоғам жайлы ойларын назарларыңызға ұсынады. 

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы жайлы «Аллажар» фильмі, ашаршылық жайлы «Өліара» шығармасы — оның ұлтының тарихи кезеңдегі нәубеттен қалған жан жарасын жеткізе алған шығармаларының бірегейі. 

«Қазақ жері саған аманат»

Ол «Alakolmedia» арнасына 7 ай бұрын берген сұхбатында Қожа жайлы жаңа фильм түсірмек болған жігіттердің келгенін, жас Қожаны көргенін баяндайды. Онда ол Бердібек Соқпақбаевтың өзіне: «Қазақ жеріне ие бол. Ол саған аманат» деп айтқанын тілге тиек етеді. Сөйтіп, Қожа жайлы жаңа фильмге түсетін 15 жастағы Айқын Елубайға да сондай сөзді айтқан. 

«Мен өзім әртіс емеспін, режиссер емеспін. Мен драматургпін, сценарий жазатын адаммын. Екінші бағытым — ғылым. Философия ғылымдарының кандидатымын. Шығармаларым – көркемдік болмаса ғылыми кітаптар», – деді Нұрлан Санжар. 

«Жазушы өзі сенетін ақиқат үшін жұмыс істейді»

Нұрлан Санжар Бердібек ағаны қатты құрметтеген. Одан кейін ерекше атап өтетін жазушысы – Бейімбет Майлин. Ол өз сөзінде новелла жанрының қазақ әдебиетінде даму жолын айтып, оны кеңес одағының кезінде Жазушылар одағының дамытпағанын да атап өтті.

«Қазақ әдебиеті деген – Бейімбет Майлин. Ол әңгіме жазбайды. Ол новелла жазады. Мысалы, «Сары тон» туындысы. Сәкен Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамит» шығармасы, Ғабит Мүсіреповтің «Этнографиялық әңгіме» туындысы бар. Бұл туындыларды новелла деу керек. Себебі құрылымы драмматургия. Бірақ ақыры не болды? Бейімбет Майлинді атып тастады. Сәкен Сейфуллинді жоқ қылды ғой. Енді Ғабит Мүсірепов 40 жыл бақытты ғұмыр кешті. Бірақ ол дәл осы әдебиеттегі бағытты дамытпады. Жазушылар одағы дамытпады. Сол кезеңде дамытуы керек еді. Егер сол кезде дамытқанда, қазір бізде жаппай заманауи қазақ кітаптары шығып жататын еді. Ол жоқ. Том-том кітаптар жазады. Ескі соқпаққа түсіп алып, Қайта өрлеу дәуірінің жолымен моно романдар жазады. Жастар ондай қалың кітаптарды оқуға қорқады. Содан жастар киноға барады», – деді Нұрлан Санжар. 

Сонымен қатар Нұрлан Санжар Жазушылар одағының жүйеге қызмет ететінін айтып өтті. 

«Жазушылар одағы жүйеге қызмет етеді. Ал жазушы жүйеге қызмет етпейді. Журналист өз редакциясына қызмет етеді. Ол билікке қызмет етеді. Ал жазушының бастығы жоқ. Жазушы өзі сенетін ақиқат үшін жұмыс істейді. Сол үшін оның қарны тоқ емес, жоқшылық көреді», – деді Нұрлан Санжар. 

Айта кетейік, Нұрлан Санжар Жазушылар одағына мүше болып кірмеген. Тек өмірінің соңғы жылдарында бір талай еңбек жазғаннан кейін ғана құжатын алған.

Нұрлан Санжар өз сөзінде кеңестік идеологияны насихаттайтын социалистік реализмді Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы қиратқанын айтты.

«Социалистік реализмді «Менің атым Қожа» қиратты. Ол 65 жылда бұл идеологиялық социалистік реализмнің қалың кітаптары ешкімге керек емес екенін көрсетіп берді. Сен неге Достоевскийге еліктейсің? Достоевскийдің өзі болмасаң? Неге сен Толстойға еліктейсің? Мынадай қалың кірпішті жазып. Сен Толстой емессің ғой? Түсініп тұрсыздар ма? Бұл классикалық әдебиет ары қарай кинодан да соққы алды. Аудиомен естіп, көзбен көретін туындылар том-том кітаптардың дәуірін ысырып тастады», – деді Нұрлан Санжар. 

«Қазақ ханы жайлы фильмді түріктерге түсіртіп жатыр»

«Тоқаев енді Жошы жайлы кино керек екенін айтты. Тоқаевқа сыйладым. Сосын менде сценарий бар. Сол сценарийді министрлікке жолдағанбыз. Бірақ 1 жыл өтті үнсіз. Сосын аяқ астынан Қарин түріктерді шақырды. «Қазақтар түсіре алмайды» деп. Қазір сол деректі көркем сериял, алты серия қазақ ханы жайлы туындыны түріктер түсіріп жатыр. Біз енді өкпеледік қой. Содан біз киностудияға қазір бармаймыз. Мүлде бармаймыз. Менде кіретін вип қағазым бар. Бірақ мен бармаймын. Біраз режиссерлер барды. Бірақ кіргізбейді. Неге кіргізбейді? 2 павильон жақта Жошының декорациясын түріктер түсіреді. Біздікілер келіп жанжал шығарады деп қауіптенеді», – деді Нұрлан Санжар. 

Өліара: «Қызыл әскер — қаптаған қасқыр»

Нұрлан Санжар қазақ халқының басынан өткен ең бір нәубет кезең – ашаршылық жайлы «Өліара» туындысын жазған. Сол фильм жайлы ол былай дейді:

«Менің назарымды өліара деген сөздің өзі аударды. Бұл 22 желтоқсан. Қыс мезгілінің бір күні. Бұл уақытта далада 3-4 күн бойы дауыл соғып тұрып алады. Аспанды бұлт торлайды. Содан қазақтар отырып 3-4 күн бойы күтеді. Себебі жұлдыздар көрінбейді жол жоқ. Адамдар арғы күннің не боларын білмейді. Малды жинап, боран қашан басылады деп күтеді. Осы күндер өліара деп аталады. Айналада қасқырлар жүреді. Малды қорғау керек қой. Мен дәл осы кезеңді 1932 жыл ретінде көрсеттім. Бай-манаптардың малын тәркілей бастаған кезеңді. Сондағы қоршаған қасқыр емес, олар қызыл әскер. Келіп малды сойып әкетеді», – деді Нұрлан Санжар. 

Ол сол кезеңдегі қызыл әскерді жалаңдаған қасқырға теңегенін айтты.

«Жалпы ет қайда кетті? Қырып бәрін сойды ғой. Өз революцияларын ақтау үшін, аштықтан құтқару үшін еттің бәрін Петроградқа жіберді. Қазақстаннан ет, балық, Украинадан астық әкетті. Украинада кісі қолымен жасалған ашаршылық болды. Бізде де қолдан жасалған ашаршылық болды. Сталин өз революциясын құтқарды. Ал қазақтар 40% адам өлді», – деді Нұрлан Санжар.

Сонымен қатар ол қазақтың көрнекті жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың анасының ашаршылық кезінде қайтыс болғанын да айтты. 

«Неге Қожаның анасының аты Миллат? 1932 жылы Бердібек ағаның анасы аштықтан қайтыс болған. Содан оның ішінде құса болған. Жетіп өскен ғой. Алты-жеті жаста еді. Сондықтан ол Қожаның анасына Миллат деген есімді қойған. Біз білмеппіз ғой. Сөйтсек, түркілерде, татарларда алтын орден бар. Миллат анасы деген, яғни ұлттың анасы деген мағынаны білдіреді», – деді Нұрлан Санжар. 

Қазақ халқы әлі күнге ашаршылықты ресми түрде кісі қолымен істелген зобалаң ретінде емес, ресми түрде табиғи болған ашаршылық деп қана жазады. Бұл жайлы Нұрлан Санжар былай дейді:

«Біз көпвекторлы саясат ұстанып отырмыз. Орыстарға да, қытайға да, Америкаға да, Украинаға да доспыз дейміз. Содан қазақ ғылымы, саясаты кісі қолымен істелген зобалаң деп, орыстар кінәлі болды деп айтудан қауіптенеді. Ал Украина қорықпайды. Біз қорқамыз. Бәлкім ақырындап кейінірек айтатын шығар». 

«Аллажар»

Бірі білсе, бірі білмес. Атақты «Аллажар» фильмінің сценарийінің Нұрлан аға 60 беттен 19 нұсқасын жазып шыққан. Ол өз сөзінде «Аллажар» фильмінің мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанын айтты. Дегенмен авторлардың атын сол жерге жазбапты. 

«Мен сіздерге айтайын. Асқар Бәпішов деген марқұм болған, журналист досым болған еді. Телевизияда істеген. Маған қоңырау шалып айтады (ред. Күліп): «Әй, мәдениет министрлігінің жиынында болдым. Сол жерде «Аллажар» фильмін мемлекеттік сыйлыққа ұсынады деп айтты». Мен: «Ой, жақсы ғой» дедім. Досым: «Өй, неменеге қуанып отырсың? Тізімде сенің атыңды жазбаған». Мен: «Қалай?» деймін. Сөйтсем, Әдебиет институттың директоры, журналист Қалижан Уәлиханов орнынан тұрые сөйлепті: «Сценарий авторы асфальтта өскен қазақ. Оның мұндай тақырыпты жазуға қандай құқығы бар еді?» деген екен. Мен: «Онда неге өзі жазбаған?» деймін (ред. Күліп). Солай маған қалай тисерін білмей, менің қаланың баласы екеніме тиіскен. Сонымен менің тегім жоқ, Қуат Шілдебаев жоқ, Сашка Дереганов жоқ, Әбілтай Қастеев жоқ. Сонымен киномызға тыйым салынды. Себебі Назарбаевты қоспаған», – деді Нұрлан Санжар.

Нұрлан Санжардың «Өліара» мен «Аллажар» туындылары енген «Қызыл қар» кітабы  Меломанда сатылып жатыр. Жазушы 35 жыл өткен соң «Аллажар» туындысын повесть ретінде шығарған. Фильмді түсіргенде шығармашылық жағынан дау болғанымен Нұрлан аға сол кезеңдегі жолдастарын, әсіресе, Қалдыбай Әбеновты ерекше құрметпен еске алды. Өзінің кітабында ол жайлы былай деп жазды:

«Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі желтоқсан оқиғасы арқасында дәуіріміздің батыры атанғысы келіпті – сол себепті режиссерға ел президентінің үлесін де ұмыт қалдырмай, фильмге қосыңдар деген ұсыныс түскен. Бірақ Қалдыбай Әбенов ерлік танытып, бас тартқан. Онымен қоймай, революцияшыл жастар Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаҺарманы» атағын беруді талап етіп, дегеніне жетті», – деп жазады кітабында Нұрлан Санжар. 

Жазушы Қаңтар және Желтоқсан оқиғалары жайлы да пікірін айтты.

«Билік өзінің құбыжықтығын бір нәрсемен ақтауы қажет қой. Желтоқсан да нашақор деді. Қаңтарда экстремист деді. Кез келген авторитарлы мемлекет себеп табады. Назарбаевтың Рим философы Тертуллианың сөздерін қайталап айтқанды ұнататын. «Халық жартылай аш болуы керек. Сонда оларды басқару оңай болады». Бұл әлі күнге солай. Толық тойдырмай керек. Сонда ол сенің сөзіңді екі етпейтін болады», – деді Нұрлан Санжар.

Жазушы азаматтық қоғам қалыптастыруды ойлау қажет екенін айтты. 

«Бізге азаматтық қоғам қалыптастыруды ойлау қажет. Азаматтық қоғам тек біліммен келеді. Балаларға жақсы білім беру қажет. Нағыз білім, мүмкіндігінше техникалық білім беру керек», – деді Нұрлан Санжар. 

Жазушы Еуропадағы Lambert академиялық баспасынан алты ғылыми кітабы жарық көрген ғалым, «Жошы», «Бату», «Періште», «Қызыл қар» романдарының авторы. Бұған қоса, баспадан шықпаған тоғыз қолжазбасы бар. Өмірінің соңында осы кітаптарын шығару үшін «Кітап палатасынан» жауап күтті. 

Нұрлан Санжар – саналы ғұмырында қазақ киносы мен әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Оның «Өліара», «Оралман», «Аллажар» секілді фильмдері тарихи және көркемдік тұрғыдан қазақ руханиятына қосқан жауһар туындылар болды.

Айта кетейік, жазушы өмірінің соңында өкпе ауруына шалдыққан болатын. Оның жақындары, шәкірттері қиналғанда жылу жинау жайлы ұсыныс жасады. Дегенмен Нұрлан Санжар үзілді-кесілді қарсы болып, халықтан ақша жинағысы келмеді. Дегенмен кәсіпкерлерден, тағы басқа қалталы азаматтардан көмек сұраған кейбір шәкірттері ауруы жайлы деректі елдің құлағына жеткізді. 

Нұрлан Сегізбаевты 28 желтоқсанда Жазушылар одағынан ақтық сапарға шығарып салады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер, киногер Нұрлан Санжардың жаназанасы мен қоштасу рәсімі 28 желтоқсанда сағат 10-да Жазушылар одағының ғимаратында өтеді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →