×

Мұстафа Шоқайдың бұрын еш жерде жарияланбаған суреттері табылды

Отбасылық фотоальбомның түпнұсқасы көпшілік назарына ұсынылмақ

Мұстафа Шоқайдың бұрын еш жерде жарияланбаған суреттері табылды
Фото: Ғалымжан Тілеуқабыл

Ұлт тарихы үшін айрықша маңызы бар құнды жәдігер Ұлттық музей қорына тапсырылды. Алаш көсемі Мұстафа Шоқай мен оның жары Мария Шоқайға тиесілі отбасылық фотоальбомның түпнұсқасы көпшілік назарына ұсынылмақ, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл мұраны музейге Мұстафа Шоқайдың туысы Гүлбаршын Заирова табыстады. Бұл альбом оған белгілі мұстафатанушы, зерттеуші Бақыт Садықова арқылы жеткен. 

«Бұл жәдігер соғыс жылдары тұтқында болып, Мұстафа Шоқайдың арқасында аман қалған, Мариям анамызды соғыстан соң паналап, рухани перзентіне айналған тұңғыш скрипкашы Әлім Алматтың (Ғалымжан Тілеуқабыл) қолында көп жылдар сақталған. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін Әлім Алмат елге келіп, Мұстафаның жазу машинкасын, «Яш Түркістан» газеті тұсында қолданған үш түрлі мөрін, үйлену портреті мен альбомды мұстафатанушы Бақыт Садықова апамызға аманаттаған. 2022 жылы осы альбом маған сеніп тапсырылды. Ал 2025 жылдың 25 желтоқсанында, Мұстафа Шоқайдың 135 жылдығында, Астана қаласындағы Ұлттық музейде өз орнын тапты. Тарихқа құрмет – болашаққа аманат», – деп жазды Гүлбаршын Заирова.

Мұстафа Шоқай – ХХ ғасыр басындағы қазақ және бүкіл түркі дүниесінің көрнекті саяси қайраткері, публицист. Ол Алаш қозғалысының идеялық серіктерінің бірі, Түркістан автономиясын құруға атсалысқан көшбасшы.

Кеңес билігі орнағаннан кейін шетелге эмиграцияға кетіп, өмірінің соңына дейін Түркістан халықтарының еркіндігі мен дербестігі үшін күресті. Еуропада жүріп «Яш Түркістан» журналын шығарып, отаршыл саясатты әшкерелеген еңбектер жазды.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →