×

«Перекрёсток» телехикаясының актері қайтыс болды

Ол орыс театр өнерінің дамуына айтарлықтай үлес қосты

«Перекрёсток» телехикаясының актері қайтыс болды
Фото: АПН

Қазақстанның театр өнері қайғы жамылды. Алматыда 75 жасқа қараған шағында Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театрының актері Анатолий Креженчуков қайтыс болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Актердің қайтыс болғаны туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.

«ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әртіс Анатолий Креженчуковтың қайтыс болуына байланысты туыстары мен жақындарына, әріптестеріне және бүкіл театр қоғамдастығына қайғыра көңіл айтады», – делінген көңіл айту хабарламасында.

Өзі ұзақ жылдар бойы еңбек еткен театрында Креженчуковтың көптен бері ауырып жатқандығын айтқан. Әріптестері оны науқасынан айығып шығады деп үміт үзбеген, бірақ айналдырған ауру алып тынған.

Анатолий Креженчуковтың шығармашылық жолы 1973 жылы басталды. Құрманғазы атындағы өнер институтының актерлік факультетін бітіргеннен кейін ол Лермонтов атындағы театрға келіп, қырық жылдан астам уақыт бойы оның сахнасында жүзден астам бейнелерді сомдады. Ол сондай-ақ «Перекресток» телехикаясындағы жарқын образы арқылы халықтың есінде қалды.

«Анатолий Николаевич еңбекқорлығымен, өнерге деген құштарлығымен, бойындағы талантымен және қабілетімен ерекшеленді. Ол орыс театр өнерінің дамуына және классикалық мектептің дәстүрлерін сақтауға айтарлықтай үлес қосты, ал оның принциптілігі мен талапшылдығы әріптестері үшін, әсіресе жас әртістер үшін бағыт-бағдар болды. Анатолий Николаевичтің жарқын бейнесі жақындарының, әріптестері мен көрермендерінің жүрегінде мәңгі сақталады», – делінген министрліктің жазбасында.

Qaz365.kz актердің отбасына және ағайын-тумаларына, барша театрсүйер қауымға қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →