×

Енді шетелдік әртістер Қазақстандағы концерттерде орындайтын әндерін әкімдікпен келісуі қажет

Енді шетелдік әртістер Қазақстандағы концерттерде орындайтын әндерін әкімдікпен келісуі қажет
Pixabay

Қазақстанда шетелдік және отандық әртістердің концерттері қосымша шектеулермен өтетін болады. Бұл туралы Сенат кулуарында журналистерге мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның айтуынша, алдағы уақытта концерт өткізу туралы шарттарда әртістердің орындауға міндетті талаптары нақты жазылады. Бұл талаптар, ең алдымен, сахнада орындалатын музыкалық репертуарға қатысты болмақ. Билік өкілдері заңға қайшы деп бағалануы мүмкін шығармаларды орындамауға кеңес береді.

«Жергілікті атқарушы органдарға көмектесетін боламыз. Келісімшартта әртіс бұзбауы тиіс міндеттемелер көрсетіледі. Ол міндеттемелер, ең алдымен, орындалатын әндерге байланысты. Бұл шығармалар елдің ұлттық құрылымына нұқсан келтірмеуі, порнографияны немесе есірткі қолдануды насихаттамауы тиіс», – деді вице-министр.

Евгений Кочетовтың сөзінше, бұл – заңға қайшы контенттің толық тізбесі. Егер аталған талаптар сақталса, әртіс Қазақстанның кез келген қаласында өнер көрсетуге құқылы.

«Біздің ойымызша, бұл – қисынды әрі дұрыс қадам», – деп атап өтті ол.

Журналистердің «егер әртістің шығармашылығында тыйым салынған тақырыптар болса, ол Қазақстанда мүлде өнер көрсете алмай ма?» деген сауалына вице-министр: «Біз мұндай музыкалық композицияларды орындамауды ұсынатын боламыз», – деп жауап берді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →