Бүкіл ТМД аумағындағы жекпе-жек спортының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Сабыржан Махметов өмірден озды
Қазақ халқының басынан өткен қандай кезең болмасын, халық игілігі үшін қызмет етіп, ұлт тарихын жасаған, ұлтына қызмет еткен алғадайлары аз болмады. Сондай азаматтың бірі, Қазақстанның ұлттық спортымен қатар бүкіл ТМД аумағында жекпе-жек спортының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға — Сабыржан Махметов еді. 16 ақпанда ол ақтық сапарға аттанып кетті. Жекпе-жек өнерін жаңғыртып, оны ресми спорт деңгейіне көтеріп, ҚР «Жекпе-жек» ұлттық спорт федерациясын құрған оны жанкүйерлері де, спортшылар да нағыз халықаралық деңгейдегі шебер ретінде таныған.
Qaz365.kz редакциясы Сабыржан Махметовпен бірге 15 жылдай жүрген, «Жекпе-жек» спортынан ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы, жоғары санатты бапкер Арнұр Нұрланұлымен тілдескен еді.
Сабыржан Махметов ұлтжанды болуды, Отанға қызмет етуді насихаттап, жастарды намысты болуға баулыды. Ол кикбоксинг пен ережесіз жекпе-жектен талай жастарды тәрбиелеп, ел намысын әлемдік додаларда асқақтатты. Сабыржан Махметов КСРО-ның және Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Сабыржан Махметов ұлттық спортты мектеп ретіне еліміздің түпкір-түпкірінде қалыптастырған тұлға.
Фото: Мұстафа Өзтүрік, Сабыржан Махметов және басқа да спорт пен мәдениет саласындағы мамандар
Ол 1970–1980 жылдары жас спортшы ретінде кикбоксинг және ережесіз жекпе-жек өнерін меңгеріп, республикалық жарыстарда белсенді қатыса бастады. Сол жылдары ол өз болмысымен, табандылығымен өзгелерге үлгі болды. 1980–1990 жылдар: КСРО кезінде еңбек сіңірген жаттықтырушы атағын алып, ұлттық құраманың дамуына үлес қосты. Бұл кезеңде ол көптеген жас спортшыларды тәрбиелеп, олардың рухын биік ұстауға үйретті. 1990–2000 жылдар: Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық спортты жүйелі түрде дамытуға кірісті. «Жекпе-жек» спортын ресми деңгейге көтеріп, Қазақстанның ұлттық спорт федерациясын құруға бастамашы болды.
Айта кетейік, Сабыржан Махметов кешегі 90-жылдардағы рекетирлердің үзеңгілес досы болды, бірге жүрді деген деректер бар. Сабыр Мүсілім, Рыжий Алмаз, Баха Фестиваль, Қара Алмаз, Атаба, Қаныбек Несіпбай секілді сол кезде аты дүркіреген азаматтардың қылмыс әлемінің серкесі болды деген ақпараттар БАҚ беттерінде де жарияланды. Бірақ көзінің тірісінде Сабыржан Махметов ондай деректерді растаған емес.
ҚР «Жекпе-жек» ұлттық спорт федерациясының бас хатшысы Арнұр Нұрланұлы Сабыржан аға жайлы бірер ауыз сөз айтты.
«Ол әуелі нағыз кәсіби спортшы еді — болмысы бекем, рухы биік жан болатын. Сабыржан ағаның бойынан кекшілдік те, қасақана қиянат та көрген емеспін. Біреуден ағаттық кетсе, ауыр сөзбен, орнықты уәжбен ғана тоқтататын. Өзiне кесірі тиген, ағаттық жасаған жандардың да жайын сабырмен, парасатпен реттейтін. Күш қолдану деген жоқ еді», — деді Арнұр Нұрланұлы.
Арнұр Нұрланұлы оның билікке деген көзқарасы басқаша болғанын да жеткізді. Сабыржан Махметов қандай жағдай болса да, өз ойын ашық айтатын, тура мінезді жан болған. Ол Сабыржан Махметовтің спортқа қазақ халқының «жекпе-жек!» деген ұранын таңдап, жастарға үлгі болсын деп атағанын айтты.
«Билікке деген көзқарасы да көпке ұқсамайтын. Билікпен біте қайнасып кеткен адам емес. Саясаттың қақ ортасына араласпады. Дегенмен азамат ретінде Елбасының ұстанымдарын құп көрмейтін тұстары болды. Қалай десек те, ойын ішке бүкпей, әрдайым ашық айтатын. Қазақ спортының көсегесін көгертуге өлшеусіз еңбек сіңірді. Ең бастысы — ата-бабамыздың рухты ұраны болған ЖЕКПЕ-ЖЕК ұғымын қайта тірілтіп, оны бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіре білді», — деді Арнұр Нұрланұлы.
Фото: Сабыржан Махметов пен Арнұр Нұрланұлы
Ол жекпе-жектің тарихи мәніне де тоқталды:
«Жекпе-жек — қазақ батырларының қанына сіңген көне әскери өнер. Бес қаруды асынған айбынды бабаларымыздың ұрпаққа жол көрсеткен мектебі, жауынгерлік рухы. Жекпе-жек — жай ғана айқас емес. Ол — байыптылық пен бекзаттықтың, тарихқа тағзым мен үлкенге құрметтің, табанды еңбек пен төзімнің тоғысқан тұсы. Нағыз шеберлік атақпен емес, тәртіппен, мінезбен, маңдай термен келетінін ұқтыратын өмірлік мектеп».
Арнұр Нұрланұлы бұл ұранның артында көшпелі дала халқының даналағы жатқанын да айта кетті.
«Тарихқа қарасақ, ұлан-ғайыр даланы бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалғанын көреміз. Жер үшін, ел үшін жанын шүберекке түйіп, нар тәуекелге барған ерлер айқас алдында «жекпе-жек!» деп ұран салған. Бұл – жай ғана сөз емес, намыстың отын тұтатқан айбарлы үн болған. Көшпелі жұрттың арасында дау туғанда, қалың қолды қырып-жойып соғыстырмай, ең таңдаулы батырларын ортаға шығарып, тағдырды солардың айқасына тапсырған. Бұл – қан төгуді азайтып, мәселені ерлік пен әділдік арқылы шешудің жолы болатын. Ғасырлар бойы ірі даулар осылайша жекпе-жек арқылы шешімін тапты. Сол айбынды ұранды ұмыт қалдырмай, қайта жаңғырту – кейінгі буынға аманат еді. Ерлікті ту еткен аталардың жолын үлгі ету үшін жекпе-жек спорт ретінде жүйеленді, ережесі бекітілді, жастар арасында жарыстар ұйымдастырылды. Бұл — Сабыржан ағаның бабалардың рухын өшірмей, олардың ерлігін жас ұрпақтың санасына сіңіру ниетінен туған игі бастамасы еді».
Арнұр Нұрланұлы Сабыржан ағамен студент кезінде жолыққан. Сабыржан Махметов кейін оған сенім артып, федерация қызметін бастауға тікелей араластырған.
«2005 жылдары мен «Спорт және туризм» академиясында білім алып жүрген студент едім. Бір күні бізді Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына қонақ ретінде шақырды. Қазақ жекпе-жегінен жарыс өтеді дегенді естіп, қызыға бардық. Сол сәтте мен Сабыржан ағаны алғаш рет көрдім. Жарысты сырттай бақылап, ерекше әсермен оралғанымыз әлі есімде. Оқуды тәмамдаған соң, тіршіліктің қамымен спорттан сәл алыстап кеттім. Алайда 2011 жылдары жекпе-жекке қайта оралып, жарыстарға қатыса бастадым. Сабыржан ағамыз ұйымдастырған талай доданың бел ортасында жүрдім. 2012 жылдан бастап аға екеуміздің арамыз жақындай түсті. Ал 2013 жылы ол кісі мені төрешілік қызметке шақырды. Кейін бас хатшы ретінде түрлі жауапты міндеттер жүктеп, сенім артты. Спорт саласындағы ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстарының бәріне белсене араластым. Осылайша жекпе-жекті дамыту ісіне түбегейлі ден қойдым. 2014 жылдан бері Сабыржан ағамен бірге еңбек етіп, «Жекпе-жек ұлттық федерациясының» бас хатшысы қызметін абыроймен атқарып келдім», — деді Арнұр Нұрланұлы.
Арнұр Нұрланұлы Сабыржан ағаның ағалық қамқорлығы, қолдауы жайлы да айтты. Сабыржан Махметовтің қолдауымен ол халықаралық деңгейдегі жарыстарға төреші болып, бас төреші міндетін де атқарған. Осылайша Сабыржан Махметов айналасындағы спортшылар мен жаттықтырушыларға ерекше қолдау көрсетіп, қашан да жігер беруге, алға ұмтылдыруға тырысқан. Ұлттық спорт түрі Жекпе-жек федерациясының мүшелері: Ерназар Әлімбетов, Дамир Манарұлы, бізге сұхбат берген Арнұр Нұрланұлы және марқұм Сабыржан Махметов болған.
«2015 жылдан бері еліміздегі талай жарыстарда, Азия және Әлем чемпионаттарында төрешілік етіп келемін. Ірі халықаралық додаларда бас төреші міндетін атқару да маған сеніп тапсырылды. Бұл – үлкен жауапкершілік, үлкен сын еді. Осы жылдар ішінде Сабыржан ағамен қоян-қолтық еңбек еттік. Талай тартысты турнирлер мен ауқымды сайыстарды бірге ұйымдастырдық. Әрбір іс-шараның түпкі мұраты – ата-бабамыздың «жекпе-жек» деген айбарлы ұранын жас ұрпақтың санасына сіңіру, оны тағылым мен тәрбиенің өзегіне айналдыру болатын. Сол табанды еңбектің нәтижесінде жекпе-жек ресми спорт ретінде тіркеліп, ұлттық федерация құрылды, қоғамдық бірлестіктер қанат жайды, ел көлемінде ірі жарыстар тұрақты өткізіле бастады. Осы жолға түскен сәттен бастап, Сабыржан аға сенім артқан ұлттық спорт – жекпе-жекті дамытуға үлес қосқан төрт азаматтың бірі болу мен үшін зор мәртебе».
Ол ұстазының өзіне берген бағасын да есіне алды. Марқұм көзінің тірісінде Арнұр Нұрланұлын «Жекпе-жектің академигі» деп атаған екен.
«Сабыржан ағамыз талай жыл бойы мені қолдап, сенім артты, әрдайым қамқор болды. Ерекше бағасын беріп, «Жекпе-жектің академигі» деп атайтын еді. Бұл атаудың мәні — «Арнұр жекпе-жектің қыр сырын біледі, жауынгерлік, хатшылық, төрешілік жағы болсын, өз ісінің нағыз маманы» деген баға еді. Бұл сөздер мен үшін тек марапат қана емес, өмір бойы ұстаздан алған сенім мен құрметтің белгісі болды».
Арнұр Нұрланұлы 2020 жылдың соңында Сабыржан Махметовтің оған үлкен сенім артып, ұлттық құраманың жаттықтырушысы қызметіне лайық көргенін айтты.
«2020 жылдың соңында Сабыржан аға маған былай деді: «Арнұр, сені осы жекпе-жекте ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы лауазымына тағайындаймын. Сен лайықсың». Осы сенімнің арқасында мен республика деңгейіндегі аға жаттықтырушы дәрежесіне көтерілдім. Бұл – Сабыржан ағамыздың маған артқан сенімі мен қолдауы еді. Қазір мен сол ұлттық спорт — Жекпе-жек құрамасының аға жаттықтырушысы қызметін абыроймен атқарудамын. Бұл мен үшін зор мәртебе, үлкен абырой».
Арнұр Нұрланұлы Сабыржан Махметовті еске алып, Алакөлде үлкен спорттық турнир өткізуді жоспарлап отырғанын айтты. Сөзінің соңында Арнұр Нұрланұлы жекпе-жектің бүгінгі жетістігі – Сабыржан ағаның еңбегінің жемісі екенін айта кетті.
«Жекпе-жекті спорт ретінде дамытып, сол бастаманың арқасында қаншама бала мен жасөспірім спортпен шұғылданып жүр... Қазақстанның түпкір-түпкірінде қазақ балалары ұлттық спортымызбен айналысады. Қайсы бір қазақ баласы жекпе-жекте атойласа, артында Сабыржан ағамыз тұр деп айтсақ, артық айтқандық болмайды. Өйткені бұл сол кісінің игі ісінің арқасында болып жатқан жетістік. Қазір халықаралық ареналарда, Америка, Еуропа болсын, балалар өнер көрсетуде. Сабыржан ағамыздың тікелей еңбегінің арқасында ел намысы әлі талай рет әлемде асқақтай береді деп ойлаймын», — деп сөзін түйіндеді Арнұр Нұрланұлы.
Сабыржан Махметовтің есімі қазақ спортының тарихында мәңгі сақталады. Оның артында қалған үлкен мектеп қазірдің өзінде тоқтаусыз дамып, жас өрендер көк туды жамылып, талай биіктерді бағындырып келеді.