Әскери әнші – ел рухының шырақшысы. Оның дауысы сап түзеген сарбазға жігер, ал қарапайым халыққа сенім сыйлайды. Сахна төрінде ол Отанға деген адалдық пен темірдей тәртіптің үлгісін көрсетуші тұлға. Осындай қос жауапкершілікті қатар арқалаған жандардың бірі – Музыкант, ҰҰ ансамблінің солисі, Мәдениет қайраткері Жұлдыз Жабелова, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Музыкант ару 1982 жылдың 8 қаңтары. Атырау облысы Құрманғазы ауданына қарасты Балқұдық ауылында бір әулеттің шаңырағына шаттық орнады. Жеті қыздың кенжесі болып өскен Жұлдыз бала күнінен әуенге сусындап өсті. Әпкелерінің бірі – биші, бірі – қобызшы, бірі – әнші. Үй ішінде домбыраның үні ешқашан тынған емес. Қысқасы, бұл әуелден-ақ өнерлі шаңырақ.
Әкесі Жүсіп Жабелов елге сыйлы, білімді, өз ұстанымы бар азамат еді. Домбыраны қолына алса, күмбірлеген күймен ауылдың еңсесін көтеретін. Анасы Зүлфат Қабдрахманова, сахнаға шықпағанымен, дәстүрлі әннің қасиетін жүрегіне сақтаған жан. Сынық салумен, ем-дом жасаумен де жұртқа шарапат тигізген мейірімді ана болатын. Анасының нағашысы – күйші, әкесі жақ тұтас бір өнер әулеті еді. Алматы консерваториясын тәмамдап, дирижёр болған туған ағасы Орал қаласында тұңғыш домбырашылар оркестріне атақ алып берген тұлға еді. Өкінішке қарай, ол өмірден ерте кетті. Осы ортаның өзі-ақ болашақ әскери әншінің тағдырына бағыт сілтегендей еді. Алдымен би үйірмесіне қатысып, сахнаның сиқырын сезінді. Алайда әкесінің бір ауыз сөзі оның болашағын мүлде басқа арнаға бұрды:
– «Бидің ғұмыры қысқа, домбыра – мәңгі», – дейді ол.
Содан бастап қара домбыраны жанына серік етті. Әкесінің арманы – қызын Дина Нұрпейісова сынды ғұмыр бойы сахнадан түспейтін өнер иесі ету еді. Бұл арман ақырындап шындыққа айналды.
Колледж қабырғасынан бастап, консерватория маңында жүріп республикалық, халықаралық байқауларға қатысты. Әр сахна – тәжірибе, әр жеңіс – жігер болды. Студент кезіндегі ұстаздарының ықыласы мен сенімі оның жолын айқындай түсті. Кейін дәстүрлі домбыра мен эстрадалық бағытты ұштастырып, тың стильге бет бұрды. Бұл жолда Жасаралы Еңсепов пен Асылбек Еңсеповтің өнері мен ықпалы шешуші рөл атқарды.
2012 жыл ол үшін жай ғана күнтізбедегі сан емес, үлкен белестің бастауы болды. Көршілері кішкентайынан «солдат қыз» деп еркелеткен ару, шынымен де әскери форма киіп, сап түзеді. Ұлттық ұлан ансамбліне шақырту алған сәттен бастап, оның тағдыры өнер мен темірдей тәртіптің арасында өрілді. Бүгінде ол – Ұлттық ұланның кіші сержанты, өз ісінің шебері, аға маман және білікті концертмейстер.
Ұлттық ұлан оған темірдей тәртіпті, өмірге деген нақты көзқарасты үйретті. Әскери орта оның болмысындағы табандылықты шыңдап, өнеріне де жауапкершілік қосты. Ол үшін ән – жай ғана өнер емес, қызметтің бір бөлшегі, рух көтерудің құралы.
Өмірлік тірегі – отбасы. Жолдасы да – әскери офицер. Екеуі бір мақсатқа, бір ұстанымға қызмет етеді. Үш перзенті – Айару, Айсұлтан, Айша – өмірінің ең үлкен бақыты. Ол өзін тек әскери әнші ғана емес, ең алдымен, анамын деп біледі. Бүгінде Жұлдыздың репертуары 50-ден астам топтық, 100-ден аса жеке орындаған шығармалардан тұрады. Әр әнінде туған жердің топырағы, әке аманаты, ананың әлдиі, әскери саптың рухы бар. Ол сахнаға шыққанда көрермен ішкі қуатты, рухани беріктікті сезінеді. Кейіпкеріміз ата-анасынан алған тәрбиесін, әпкелерінен көрген өнер жолындағы табандылықты, ұстаздарының сенімін өмірлік бағдар етті. Өз шаңырағын, ұрпағын, кәсібін мақтан тұтады. Оның өмірлік ұстанымы қарапайым: қолыңнан келгенше адал өмір сүру, ұрпағыңа үлгі болу, Отаныңа өнермен қызмет ету.
Бүгінде ол – сахна мен саптың арасын жалғаған алтын көпір. Ән арқылы елдің рухын тірілтіп, әскери антына адалдық танытып келе жатқан ерекше болмысты тұлға.