2025 жылы театр Қазақстанның 16 қаласында 68 спектакль қойып, 26 125 көрерменге рухани демалыс тарту етті
Биыл Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының құрылғанына 100 жыл. Ғасырлық тарихы бар өнер қарашаңырағының мерейтойын театр әкімшілігі үш кезеңмен атап өтуді жоспарлаған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Осы күнге дейін салтанатты іс-шаралардың екі кезеңі ойдағыдай өтті. Оның бірі – театрдың 100-ші маусымының ашылуы, яғни «Ғасырға басқан қадам» атты театрландырылған салтанатты кеш. Екіншісі – 13 наурыз – театрдың туған күніне орай «Тұңғыш ұлт театрына 100 жыл: Дәстүр, Жаңашылдық және көркемдік трансформация» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция. Алқалы жиыннан соң, дәл 100 жылдан кейін «Еңлік-Кебек» спектаклі қайта қойылып, көрермен назарына ұсынылды.
Үшінші – негізгі кезең театр ғимараты толық жаңарып, қайта ашылған сәтте кең көлемде, салтанатты түрде аталып өтеді деп жоспарланған. Онда көрермен назарына арнайы мерейтойға арналып жазылған қойылым ұсынылмақ. Әзірге бастапқы атауы «Әуезов және театр» деп алынып отыр.
Елдегі ең байырғы театрда фото, костюм, т.б. жәдігер қоры өте мол. Театр музейі 100 жылдық тарих бедерінде оның алтын діңгегі болып, әрбір айтулы іс-шараларда жүйелі түрде көрмелер ұйымдастырып жүр. Гастрольдік сапарлар кезінде де еліміздің әр өңірінде көшпелі көрмелер қойып, төл жәдігерін көрерменнің емін-еркін тамашалауына мүмкіндік жасалады.
Маусымның ашылуы кезінде музей қоры «Ғасыр жасаған Ұлт театры» көрмесін ұсынса, ғылыми-теориялық конференция аясында да осы атаумен мазмұнды экспозиция ұйымдастырылды. Көрмелер «100 жылдыққа – 100 жәдігер» концепциясына негізделіп, ұлттық сахна тарихындағы маңызды кезеңдерді айшықтайтын сирек архивтік фотосуреттер мен бүгінгі репертуардан көріністерді қамтыды.
Сонымен қатар «Еңлік–Кебек» қойылымы аясында «Ұлттық театрдың бастауы – «Еңлік–Кебек» қойылымы» атты арнайы көрме өтті. Онда әр кезеңдегі спектакльдерден сақталған костюмдер, тарихи фотосуреттер мен бірегей жәдігерлер ұсынылды. Бұл көрмелер көрерменге қазақ театрының қалыптасу жолын тереңірек тануға мүмкіндік берді.
2024 – 2025 жылдары театр гастрольдік сапарларға өт жиі шықты.
2024 жылы Қазақстанның 10 қаласында 34 спектакль қойып, 11 868 көрерменге өнер көрсеткен. Сонымен қатар шетелдің 3 елінде 11 спектакль ұсынып, 4 273 көрерменді қамтыды.
Ал 2025 жылы гастрольдік сапарлар ауқымы кеңейіп, еліміздің 16 қаласында 68 спектакль қойылып, 26 125 көрерменге рухани демалыс тарту етті.