La Voz Kids - испан телеарнасында шығатын вокалды телешоу
12 жастағы қазақстандық Жанель Әли Кристина Агилераның "Hurt" композициясын орындап, Испаниядағы La Voz Kids ("Балалар дауысы") бағдарламасының көрмей таңдау кезеңінен өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.
La Voz Kids - испан телеарнасында шығатын вокалды телешоу. Голландиялық The Voice Kids бейімделген танымал нұсқасы.
Бірінші кезеңде қатысушылар "көрмей таңдау" кезеңінен өтуі керек: тәлімгерлер қатысушыларды көрмейді, сахнаға теріс қарап отырады, тек оларды дауысы арқылы таңдайды.
Жанель ән айтқанда оның дауысына тәнті болған үш тәлімгер бұрылған. Осы маусымда вокалдық тәлімгерлер Айтана (Aitana), Росарио Флорес (Rosario Flores), Себастьян Ятра (Sebastián Yatra), Давид Бисбаль (David Bisbal) болды. Қазақ қызы тәлімгер ретінде белгілі әртіс Росарио Флорестің таңдады.
YouTube-тағы қазақ қызының өнері 122 мыңнан астам рет қаралым жинаған, бейненің астына пікір жазу функциясы өшірілген.
Біздің редакцияға қыздың ата-анасы отбасымен үш айдан бері Испанияның Торревьеха қаласында тұратынын айтты.
"Бес баламыз бар: үш қыз, екі ұл. Жанель үшіншісі. Шамамен бір жыл бұрын Испаниядан жұмыс тауып, біраз уақыт осында тұруды шештік. Баламыздың бірі мектепке, бірі балабақшаға барады. Жанель музыка мектебінде оқиды. Ол бала кезінен ән айтады, Астанада және осында тұрғанда әрдайым оны қолдауға тырыстық. Қазақстанда қызымыз ҚазҰӨУ жанындағы мектепте оқыды. Қазір ол опералық вокалды үйреніп жүр", – дейді қыздың әкесі Мақсат Сүннатилла.
Жанель Испаниядағы балалар дауысы жобасында бағын сынап көрмек болғанда, ата-анасы қарсы болмаған.
"Көрмей таңдауға дейін біз Испанияның түрлі қаласында байқаудың бірнеше кезеңінен өттік, бізді La Voz Kids ("Балалар дауысы") телебағдарламасына қабылдады. Байқау ережесіне сәйкес, мен оның қаншалықты сәтті өнер көрсеткенін айта алмаймын. Бірінші кезеңде өздеріңіз көргендей, қазылар алқасы қызымыздың өнеріне тәнті болып, бұрылды, ал Росарио тіпті: "Жарайсың!” деді, – дейді жас әншінің әкесі.
Қыздың анасы көрмей таңдау кезеңі қалай түсірілгенін айтты.
"Ол жерде кезекпен шығарады. Біз кезегімізді өте ұзақ күттік. Тіпті, үйге қайтып кетсек пе деп те ойландық. Қатты алаңдадық. Тәлімгерлердің кей балаларға бұрылмағанын көрдік. Ақыры біздің кезегіміз келді. Жанель ойдағыдай ән салып, тәлімгерлерді қаратты. Әрине, эмоцияға ерік бердік, көңіліміз босады. Сол күні біз қатты шаршадық, бірақ соған тұрарлық еді", – дейді Батырша Гүлшахар.
Жанельдің анасы жобаны түсіру кезінде отбасымен бірге Торревьехеде үш ай ғана өмір сүрсе де, балаларының испан тілінде еркін сөйлеуді үйренгенін айтты.
"Жанель көрмей таңдауда тәлімгерлермен испан тілінде сөйлеуге тырысты. Қанша уақытта тіл үйренгенін естігенде, олар қатты таңырқады", – дейді қыздың анасы.