×

165 жыл: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 5 томдық таңдамалы жинағы шықты

Биыл оның туғанына 165 жыл

165 жыл: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 5 томдық таңдамалы жинағы шықты
Фото: Qaz365.kz

Биыл Алаш жұртының әйгілі перзенті, ғұлама ғалым, ақын фольклоршы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына 165 жыл. Осыған орай бүгін ғалымның Астанада 5 томдық таңдамалы жинағының тұсауы кесілді, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Бес томдыққа «Сенімен болашақ» бірлестік құрылтайшысы Нүркен Асанов бастамашы болып, Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты құрастырып шығарған.

 «Бұл кітаптың басты ерекшелігі- жаңа академиялық тұрғыда басылып шықты. Яғни біздің қазіргі мақсатымыз - 100 мектеп, 100 университет, 100 мешіт, 100 ауылды мекендерге тегін тарату. Әр ұрпағымыз, әр ұстазымыз, әр ата-анамыз Мәшһүрден нәр алсын деген ниет», - дейді Нүркен Асанов.

Аталған институт директорының орынбасары, филология ғылымының кандидаты, доцент Төрәлі Қыдырдың айтуынша, аталған бес томдықтың алғашқы кітабында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өмірбаяндық және әр түрлі тақырыптағы өлеңдері берілген. Одан кейінгі кітаптарында ой-толғаныстары, тұғалар жыры, аңыз өлеңдер немесе рауаяттары, жетпіс баптан тұратын ғибратнамасы, дастандары, аңыз хикаяттары, айтыстары, арнаулар мен жоқтаулары және мысал өлеңдері енген. 

«Мәшһүр Жүсіп бабамыздың руханияты өзгеше. Осыдан бес-алты ай бұрын «Сенімен болашақ» ұйымы біздің институтпен келісіп, жоба бастаған уақытта қатты қуандық. Себебі – ғылым мен бизнесті ұштастыру дейтін талаптарымыз бар. Сол жағынан қатты қуандық. Кәсіпкерлеріміздің қазақ руханиятына көңіл бөлуі – бізді бір ерекше сезімге бөледі. Соның нәтижесінде бес томдық еңбек дайындалды», –  дейді Төрәлі Қыдыр.

ҚР Президентінің кеңесшісі, Ұлттық ғылым академиясының академигі Бауыржан Омаров бұл таңдамалы жинақ ғылыми тұрғыдан сараланған, жаңаланған деп баға берді.

«Текстологиясы қайта түзілген. Елдің ең мықты ғалымдарының қолынан өткен. Мәшһүр Жүсіптің ғалым ұрпақтарының өзі – бір институт. Ескі мұраны заманға сай жаңартып жүрген жігіттердің бірлескен еңбек дәрежесінің арқасында осындай еңбек дүниеге келді. Былай қарасаң, Мәшһүр Жүсіптің еңбектері көптеп шығып жатыр. Бірақ оның тұлғалық деңгейіне салсақ, әлі де жеткіліксіз. Себебі, біріншіден Мәшһүр Жүсіптің шығармаларын жалпыға бірдей түсіну қиын. Оған рухани және діни тұрғыдан да дайын болу керек. Екіншіден, діни мәтіндер өте көп. Шығыстанушылардың араласуынсыз бұл мұраны шығару қиын», –  дейді Бауыржан Омаров.

Ол Мәшһүр Жүсіптің ұрпақтарының арасында әдебиетшілер, фольклортанушылар, шығыстанушылар жеткілікті екенін айтты. Бәрінің де ғылыми атағы бар екен. 

«Кейде Мәшһүр Жүсіпке арналған шығармалардың ұрпақтарының ғана дүиесі сияқты көреміз. Өздері де шығарады ғой деп, жауапкершілікті ұрпақтарына арта саламыз. Ондай түсініктен кетіп, қазақтың ортақ дүниесі ретінде қарастыруымыз қажет», –  дейді ғалым.

Кітаптың тұсаукесер рәсімінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің құттықтау хаттары оқылды.

«Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының бес томдық шығармалар жинағын зор ықыласпен қабылдадым. Мәшһүр Жүсіп – ұлтымыздың ұлы перзенттерінің бірі. Қазақ руханиятының бастауында тұрған тұлғалардың қатарынан саналады. Оның шығармашылығын жас ұрпаққа таныстыру маңызды іс. Бұл таңдамалы жинақтар – Мәшһүртануға зор үлес қосады деп сенемін», – деген Ерлан Қариннің құттықтау хатында.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Бұл туралы 2024 жылдың көктемінде хабарланды
Бұл комикс - оқырмандарға қызық әлемге сапар шегу мүмкіндігін сыйлайды
Бұл жөнінде “baurynasalu.film”  Instagram парақшасында хабарланды

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →