×

150-ден астам кілем тоқыған Роза Қалдыбайқызы: «Әулетімізде бұл кәсіптің екі ғасырлық тарихы бар»

Роза Қалдыбайқызы өмірінің 55 жылын қолөнердің кілем, алаша, ши тоқуға арнаған

150-ден астам кілем тоқыған Роза Қалдыбайқызы: «Әулетімізде бұл кәсіптің екі ғасырлық тарихы бар»
Qaz365.kz

 

Алатау бөктерінде өткен халықаралық екі күндік этнофестивальде қала тұрғындары мен шетелдік меймандардың назарына қолөнершілер мен ұсталардың, зергерлер мен шеберлердің ең үздік жұмыстары көрермен назарына ұсынылды. Өз ісінен қуат алатын туындыгерлердің қатарында саналы ғұмырының 55 жылын қолөнердің кілем, алаша, ши тоқуға арнаған Роза Қалдыбайқызы да бар. Ол 10 жасынан бастап әжесінің ертегісін тыңдап, ұршық иіргенін көріп өскен. Роза апамыздың жасы 65-тен асса да әлі тың. Қимылы ширақ.

Көненің көзі деп асыл әжесінен қалған алашаның жібін иіретін тоқпақ тарағы ескіргеніне қарамастан, жаңасын алмай, екі ғасырлық тарихы бар жәдігерді көзінің қарашығындай сақтап, осы кәсіппен береке тауып отырғанын айтады.

«Кілем тоқу – оңай жұмыс емес. Бұл – әжеме, одан анама беріліп келе жатқан кәсіп. Дәл осы ісіміз шаңырағымыздың берекесін кіргізіп отыр. Бүгінгідей технология дамыған уақытта қалалықтар мұндай жұмысы ауыр, қолды байлайтын іспен айналыспайды. Сол үшін де ұмыт бола бастады. Өзім қолымнан келгенше ұрпақтар сабақтастығы үшін ағайын-туыс, немерелерім мен әулетімізге ғана үйретіп қоймай, сонымен қатар  көрші-көлем мен үйренемін деген жандарға тегін шеберлік сағаттарын өткізіп келемін. Шәкірттерім өте көп. Атадан балаға мұра боп жеткен осындай тарихи-мәдени ұлттық құндылықтарымызды ұрпақ жадынан өшірмей, үлкендер өскелең жасқа үнемі насихаттап отыруы керек», – дейді Роза Қалдыбайқызы.

Қаһарлы қыста да, жаздың шіліңгір ыстығында да қолдары қатар қимылдап, аяқ-қолы тынбай ұршық иіретін Роза әжейдің көрмеге қойған туындыларына қарап, еріксіз бас шайқайсың. Жұмысының мінсіз болуы үшін саусағының ұшығымен ширатылған жіптерді әп-сәтте тегістеп те үлгеріп отыр.

Кілем тоқу шеберлік сағатына жиналған қонақтарға егжей-тегжейлі түсіндіріп, енді бір шетелдік меймандарға көз алдымызда тоқып біткен алашасын сатып, саудасын да қатар жасап, еріксіз сүйсіндірді.

Зауыттан шыққандай шебердің үздік қолөнері кім-кімді болмасын таңдай қақтырады. Шараға ерекше дайындалған Роза апай бірінші кезекте немерелеріне  шұлық-қолғаптарын тоқып беретінін айтады.

«Қыркүйек басталды, қоңыр күз келді. Бұл менің ұршық иіріп тынбай, бала-шаға, немереден бастап, тапсырыс бергендер үшін дамылсыз еңбектенетін маусымым», –  дейді жылы жымиған Роза Қалдыбайқызы.

Көңілі дархан даладай кең апамыздың «қартайдым, болдым, толдым» демей, өмірінің соңына дейін атакәсіпті өзінен кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырмақ ниеті жайлы айтқанда, көпшілік ісмердің тың туындысына сүйсініп, «бәрекелді» деп жылы сөздерін аямады. 

«Боралдай» сақ қорғандары археологиялық паркінде екі күн бойы қала тұрғындары мен шетелдік қонақтар қолөнершілердің жұмысын жоғары бағалады.

Айта кетейік, айтулы шара Қала күніне орай «Алматы – Шанхай ынтымақтастық ұйымының мәдени және туристік астанасы» жобасы аясында ұйымдастырылды. Көшпенді елдердің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, ежелгі тарихы мен тілін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жиында рухани-мәдени жаңғырған, төл өнері мен ұлтын сүйген патриот азамат пен азаматшалар саны артты.

Қолөнершілер секциясында көш бастап, өз жұмысын көптің назарына ұсынған Роза апай күні бүгінге дейін 150-ден аса кілем тоқыған. 2018 жылдан бері тапсырыс бойынша шағын кілемдер тоқуға көшкен.

«Ең алғаш тықыр кілем тоқып үйрендім. Кейін сұраныс бойынша түкті кілемдерді де тоқимын. Кілемнің көлемі мен оюдың қиындығына байланысты жұмыс ұзаққа созылады. Шағын кілемшелерді екі аптада тоқып бітіремін. Ал тұтынушы  қонақ бөлмесіне үлкен кілем тоқуға тапсырыс берсе, ол кемі бір ай уақыт алады», – дейді Роза Қалдыбайқызы.

Жасыратын несі бар, бұрындары ауылда тұратын үлкендердің көбі ұршық иіріп, шұлық, кеудеше былай тұрсын,  кілем мен алаша секілді төсеніштерді өздері тоқитын.  Қазір бұл ертегідей көрінеді. Себебі ол кезеңдерге де шамамен 60-70 жыл уақыт өткен. «Заманына қарай адамы» демекші, көз майын тауысып, тоқыма тоқуға әйел затының құлшынысы жоқ. Бұл сөзімізді Роза апай да растайды.

«Маған тоқыманы үйренгім келеді деп айтатындар аз. Керісінше мен «үйретейін, бұл біздің ұлттық жәдігеріміз» деп үнемі айтумен келемін. Мұндай кәсіпті ақылы өткізу дұрыс емес. Бірақ уақытыңды алып, біреуге жаңа ілімді үйрететін болғандықтан, әрі үйренуші өз жауапкершілігін сезіне алуы үшін тегін болмағаны да дұрыс шығар деген ойда қаламын. «Апа, үйретіңіз» деп келетін де сол қаладағылар емес, өзіміздің ауылдың қыз-келіншектері. Үлкендеріміз «үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің маған жақсы» деуші еді ғой. Кілем тоқуды меңгерсе, өздеріне кәсіп қылып, бір жағы ұлттық сананы жаңғыртып, көненің көзінен қалған қолөнердің түрін дамытатынын жете түсінсек екен деймін», – дейді Роза апай.

Тоқымашы іскер ауылдың қарапайым тұрғыны болғанына қарамастан, еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс қабылдап, кәсібін өрге домалатып отыр. Шебер тоқыған кілемдердің түрлі-түсті өрнектері мен сапалы бояуы бірнеше қабатты кілемдердің бетінде айшықталып, ажарын ашып тұр.

Шеберлік сағатында жіптерді қиюластырып, әдемі көрініспен сурет шығарған Роза Қалдыбайқызының өнері расында ерекше шыдамдылық пен төзімділікті қажет етеді. Мұндай кәсіп түрімен айналысатын қолөнершілердің барлығы дерлік сабырлы болып келетінін осыдан-ақ оңай байқауға болады.

Ісмер әңгімесін айтып отырып, тапжылмай еңбектеніп отырып жасаған туындысы асқан ықтияттылықпен, ерекше сүйіспеншілікпен жасағандықтан да болар, әлі күнге дейін ешқандай тұтынушыдан бірде-бір шағым естіп көрмеген.

Роза Қалдыбайқызы – бүгінде үлкен әулеттің тірегі, ақылшысы. Шаңырақта жастарға батасын беріп, ұл-қызының тілеуін тілеп отырған ардақты ана, асыл әже. Жылдар бойы үйренген тәжірибесімен өзгеге де пайдалы болуды көздеген Роза апайға немере мен шөпшектің қызығына тоймай, тек шаттыққа кенеле беруін тілейміз!

Жұлдыз Әбіл

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Бұл туралы 2024 жылдың көктемінде хабарланды
Бұл комикс - оқырмандарға қызық әлемге сапар шегу мүмкіндігін сыйлайды
Бұл жөнінде “baurynasalu.film”  Instagram парақшасында хабарланды

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →