×

Бибігүл Төлегенованың ХІІ Халықаралық вокалистер конкурсының жеңімпаздары анықталды

Бибігүл Төлегенованың ХІІ Халықаралық вокалистер конкурсының жеңімпаздары анықталды

17 қыркүйек күні Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында Бибігүл Төлегенованың ХІІ Халықаралық вокалистер конкурсының лауреаттарының қатысуымен гала-концерт өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Марапаттау кешіне ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Алматы әкімдігінің өкілдері мен Бибігүл Төлегенованың ХІІ Халықаралық вокалистер конкурсының қазылар алқасы қатысты. Конкурстың әлеуметтік серіктесі - «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры. 

Кеште конкурсқа қатысқандар ішінде арнайы сыйлық иегерлері мен Гран-при жеңімпаздың есімі анықталды. Сонымен биылғы нәтиже бойынша Әзірбайжан астанасы – Бакуден келген Махир Тагизаде Бибігүл Төлегенованың ХІІ Халықаралық вокалистер конкурсының жеңімпазы атанды. 

1 премия және лауреат атанғандар: 
Азиза Омарова – Астана, Қазақстан
Абылай Бекен – Астана, Қазақстан

2 премия және лауреат атанғандар:
Нұрғалым Аманбай – Алматы, Қазақстан
Аташ Караев – Баку, Әзірбайжан
Ляньцзе Хао – Цзыбо, Қытай

3 премия және лауреат атанғандар: 
Аяжан Қуанышәлиева – Алматы, Қазақстан
Дияр Нұрсұлтанов – Алматы, Қазақстан
Мақсат Саматов – Алматы, Қазақстан
Галина Цолакян – Ереван, Армения
Қазақстан композиторларының туындысын шебер орындағаны үшін марапатталғандар: 
Махир Тагизаде - Баку, Әзірбайжан

Арнайы сыйлық иегерлері:
Бибігүл Төлегенованың репертуарынан Қазақстан композиторларының әндерін үздік орындағаны үшін марапатталғандар: 
Айбек Хайрулла (Астана, Қазақстан)
Мәриямгүл Төлегенова атындағы «Үміт» сыйлығын иеленгендер:
Жоян Ю (Қытай)
Конкурстың үздік концертмейстері атанғандар: 
Виктория Иванова – Ресей 
Зәру Жазықбаева – Қазақстан

Конкурстың қазылар алқасының төрайымы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарының иегері, академик, қазақ классикалық өнерінің бұлбұлы Бибігүл Төлегенова арнайы құттықтау сөзін арнады:  

"Біздің вокалдық конкурстың барлық қатысушыларын, жас талантты орындаушыларды шын жүректен құттықтай отырып, осы байқауға қолдау білдірген ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне және министр А.Балаеваға, Алматы әкімдігіне, «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қорына, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрына және біздің барлық демеушілерімізге алғыс білдіремін. Олардың қолдауының арқасында конкурс ойдағыдай өтті. Бибігүл Төлегенованың Халықаралық вокалистер конкурсы Бибігүл Төлегенованың жеке конкурсы емес, бұл Қазақстан туралы, ел мәдениетінің игілігі. Конкурс ең алдымен Қазақстанның атын шығаратын жоба. Біз тек мұнаймен, газ, уран және бидайымызбен ғана бай емеспіз, біз мәдениетімізбен, жоғары деңгейдегі классикалық өнерімізбен де баймыз. Бұл байқау Орталық Азия елдеріндегі классикалық өнердегі жалғыз жоба болғандықтан біздің конкурсқа қатысу үшін алыс және жақын шетелдерден көптеген талант иелері келіп, кәсіби опера және концерттік камералық әншілер жиналады. Бұл біз үшін жетістік, қуаныш. Биылғы конкурс әдеттегідей жоғары деңгейде өтті. Конкурста жаңа есімдер аталды, классикалық өнердің жас қарлығаштары қанаттарын қақты және олар Бибігүл Төлегенованың Халықаралық вокалистер конкурстының лауреаттары атанады. Бұл дегеніміз Қазақстанның мақтанышы. Дәл осы конкурстың лауреаттары әлемдік сахнаға шығып, Қазақстаннан шыққан әншілер еліміздің атын шығарады».
 

Бибігүл Төлегенованың ХІІ Халықаралық вокалистер конкурсының жеңімпазы Махир Тагизаде журналистерге берген сұхбатында:

«Қуанышым қойныма сыймай тұр, бұл конкурсқа үш рет қатысқым келсе де бірде бір жол түспеген еді. Енді міне, қатысы, жеңімпаз атандым. Мен өз елімдегі және басқа да көптеген халықаралық конкурстарға қатысқанмын. Бұл жолы Алматыда, Қазақстанда, Бибігүл Ахметқызының Отанында өткен байқауға қатысқаныма өте қуаныштымын. Қазақстанды екінші үйім деп санаймын. Конкурс талабы бойынша біз қазақ романсын орындадық, одан өзге өзімнің жеке қалауым бойынша финалда «Абай» операсынан ария орындадым. Қазақтың классикалық музыкасын орындау жаныма рахат сыйлайды».
         

Гала-концертте Абай атындағы Қазақ ұлттық  опера және балет театрының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен (дирижері Е.Ахмедьяров) конкурс лауреаттары ең танымал қазақ және шетелдік классикалық әндерді орындап, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. 

Айта кетейік, Бибігүл Төлегенованың Халықаралық вокалистер конкурсы 2001 жылдан бері әр екі жыл сайын өткізіліп тұрады. Биыл Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының мерейтойлық 90-ашылу маусымының аясында өткізілді. 


Биыл он екінші рет өткізіліп отырған конкурсқа 70-тен астам өтініш келіп, оның 66-сы қатысты. Яғни әлемнің 11 елінен жас таланттар бақтарын сынады. Қазақстанның, Ресей, ҚХР, Чехия, Люксембург, Италиядан әлемдік опера өнерінің майталмандарынан тұратын жоғары деңгейдегі кәсіби халықаралық қазылар алқасы қатысушылардың өнеріне баға беріп, үздіктерін анықтады. 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Қуыршақ театрында «Шинель» қойылымының премьерасы ұсынылмақ
23.04.2024ж. 14:11

Қуыршақ театрында «Шинель» қойылымының премьерасы ұсынылмақ

Бұл айрықша есте қалатын қуыршақ образымен ерекшеленетін спектакль болмақ
Ақын, аудармашы Саят Қамшыгермен сұхбат

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →