×

Қазақ оянуға мұқтаж. «Міржақып. Оян, Қазақ!» фильмінің культке айналуына тарихшылардың пікірі қандай?

Мемлекет қаражатына түсірілген «Міржақып. Оян, Қазақ!» фильмі көрерменнің көзайымына айналды. 

Қазақ оянуға мұқтаж. «Міржақып. Оян, Қазақ!» фильмінің культке айналуына тарихшылардың пікірі қандай?
Коллаж: Qaz365.kz

«Міржақып. Оян, Қазақ!» фильмі қазір кинотеатрларда аншлагпен көріліп жатыр. Тіпті билет таппай жүргендер қаншама?! Мұндай жағдай бұрын-сонды тарихи қазақ фильмдерінде болмаған. Кинодан шыққан жастар рухтанып, әлеуметтік желіге әсерлерін жазып жатқандарын байқауға болады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұған фильмнің прокаттан түсіп қалып, кейіннен қайта жалғасуы да себеп болса керек. Кейде осындай қадамдар пиар-ход тұрғысынан сәтті де болады. Мұның айғағы «Міржақып. Оян, Қазақ» фильмі.

Әлеуметтік желіде әсіресе TikTok желісінде «Оян, қазақ!» фильміне дейін» атты тренд қатты таралған.

«Біз қайта Міржақып Дулатұлының кім екенін білеміз. Бізден кейінгілер мүлдем мақұрым, орысша сөйлейді. Біз нашар ұрпақпыз», - деген видеолар тараған.

Түрлі пікірлер жазылған, қолдау реакциялары жоғары болып жатыр. Бірақ фильм авторы, режиссер Мұрат Есжан сүйінішке һәм күйінішке толы жазбалардың арасында өзге халыққа, басқа ұлтқа кіжінген, бүгінгі демократиялық, құқықтық, бейбіт құндылықтарымызға қабыса бермейтін де пікірлер бой көрсетіп жатыр деп отыр.

«Бұл - кезінде Міржақып көтерген «оян» ұранының да, бүгінгі фильмнің де басты идеясын дұрыс түсінбегендік. Патша заманындағы әйгілі цензор Смирновтың өзі «Міржақыптың «Оян, қазағы» жастарды білім-ғылымға, қазақ оқығандарын бірлікке үндейді», деп баға берген. Біз де сол идеядан алыс кетпей, ұлттың интеллектуалдық, рухани, кәсіби оянуын мұрат тұттық. «Оян» - ең әуелі ішкі қуатымызды, сыртқы сапамызды арттыруға арналған ұран. Оны әлдекімдердің арандатушылыққа бұрмалап әкетуіне жол бермеуіміз керек. Бұған алаң қып отырған себебім - көрші елдің кейбір телеграм каналдарында «қазақтар өз жастарын солтүстікке қарсы айдап салып, ксенофобтық жобалар жасауда, ол жобаларды мемлекеттің өзі қаржыландыруда» деген сықпыттағы «сараптамалардың» жазылып жатуы», - дейді Мұрат Есжан.

Ол Алаш қайраткерлері орыс ұлтына қарсы күрескен жоқ. Империализмге, большевизмге қарсы күресті деп отыр.

«Талай-талай Потанин, Гришин-Алмазов, Вологодский секілді орыс демократтарымен тізе қосып күресті. Қызыл террордан қазақ қана емес, талай орыс зиялысы өлім құшты. Сондықтан, идея мен ұлтты, жеке адамдар мен қарапайым халықты шатастырмайық. Арандатуға түсіп қалмайық, не арандатушылардың басқа біреуді арандатуына себеп боп қалмайық. Әзілдесек те, шындасақ та, барлық мәселеге елдік, мемлекеттік мүдде тұрғысынан келсек дегім келіп еді», – дейді режиссер.

Осы ретте бұл фильмнің жастар арасында культтік деңгейге жетуіне не әсер етті? Жастардың санасына қаншалықты сілкініс жасады? Міржақып Дулатұлының «Оян Қазақты» жазудағы идеясы қандай еді деген сұрақты еліміздегі белгілі тарихшыларға қойдық.

Мәмбет Қойгелдиев, тарих ғылымдарының докторы, алаштанушы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:

– Міржақып Дулатұлының «Оян қазақ» туындысы ұлт тарихында өшпес із қалдырған шығарма. Шын мәнінде қазақ халқын оятқан шығармалардың бірі. Өзім тарихшы ретінде Ахмет Байтұрсынұлы шығарған «Қазақ» газетінің барлық нөмірін парақтап шыққанмын. Сол кезде Міржақып Дулатұлының шығармашылығымен таныстым. Архивтерді ақтарғанда оны №1 ұлтшыл деп жазған. Тергеу материалдарында солай көрсетілген. Бұл жаңсақ пікір емес, шын мәнінде солай. Ұлтын терең түсінген, мінезін, табиғатын қабылдай білген, шын сүйген ұлдар аз болады. Міржақып сондай таңдаулылардың қатарында. Ұлтты Абай сияқты, Гоголь сияқты, Бальзак сүю керек. Ұлты жақсы көру үшін де құдай адамға жүрек, ақыл береді. Алладан осындай ұлтқа деген махаббат алған жан деп Міржақып ағамызды айтар едім. «Оян қазақ» XX ғасыр басында ағартушылық жүргізген қазақ зиялыларының ұраны болған.

 Ал Мұрат Есжанның фильмінің қазақ қоғамында сілкініс тудырғаны – бұл жайдан жай емес. Қазақ оянуға мұқтаж. Жаңа сұраныстарға, жаңа заманға байланысты, тағдырлы кезеңге байланысты оянуға мұқтаж. Қазіргі кезеңде оңай уақыт деп айта алмайсың. Күрделі жағдай. Осындай тұста қазақ көрермендерінің «Оян қазақты» көріп, жастардың жылап қайтуы жайдан жай емес. Адамдардың өзінің бабалары туралы ойда жүргенінің көрінісі. Оның тілі, мәдениеті, болашағына бей-жай қарамайтының белгісі. Кейбіреулер қорқып, тоқтатып тастағанын да естідім. Егер рас болып жатса, жақсы шешім емес деп санаймын. Кезінде «Оян қазақтан» Патша үкіметі, Совет үкіметі қорыққан. Біз одан қорықпауымыз қажет. Қайта түсінуге тиіспіз. «Оян қазақты» көру аз, тыңдау аз, жастарға бойға сіңіру маңызды. Сол себепті, фильмді тоқтатып тастағанда қоғамда дүрбелең тууы қалыпты нәрсе деп қабылдаймын. Мұның бәрі Міржақып Дулатұлын қабылдағанының белгісі. Жалпы, Алаш арыстары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлының идеясын түсініп, сол үшін күрес жүргізсек, ел болып қаламыз. Мұндай кезде болашағымыз жарқын деп санаймын. Ал олардан теріс айналсақ, болашағымыз бұлыңғыр.

Берекет Кәрібаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы:

– Соңғы екі аптада Алматы қаласындағы кинотеатрларда «Міржақып. Оян, Қазақ» фильмін көрушілердің қатары қалың. Әсіресе, жастар тарапынан қызығушылық жоғары. Бұған бірнеше себеп бар. Алдымен, жарнамасы жақсы болды. Сосын киноның өзі тартымды. Елдің рухын оята алды. Осы тенденцияға таңғалып жатқандар бар көрінеді. Бұл кинода тарихи шындық шынайы бейнелеген бе деп сұрайтындар бар. Соған жауап берейін. Мұндай қызығушылықтың жоғары болуы – бірінші кезекте фильмнің режиссері бастаған шығармашылық топтың жеңісі. Алдымен идея, жазылған сценарий, оператордың түсірудегі шешімі, монтаж жұмыстарының жаңа заман талаптарына сай болуы фильмді жаңа белеске көтерді. Кино деген көркемдік өнер. Болған оқиғаны сол күйінде қайталау емес. Осыны ұмытпайық. 20 ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерінің, оның ішінде нақты Міржақып Дулатұлының көрген азаптарын, басынан өткен қиыншылықтарын киноға таспалау арқылы сол кездегі бүкіл елдің тағдырын көрсетті. Әрине, барлық эпизодты шынайы деп қабылдауға болмайды. Тіпті, болған оқиғаны режиссер сол күйінде дұрыстап көрсете алмауы мүмкін. Кейде асыра сілтеп жіберуі де ықтимал. Өйткені бұл көркем шығарма. Бірақ бағыты дұрыс. Қазіргі көрерменге ыңғайлап берген. Ұтымды тұсы осы болып тұр. Диалог, локация барлығы жақсы таңдалған. Жастар мұндай киноға зәру. Арзан күлкі, комедияға халық тойған. Тарихи туындыларға сусындап отыр. Кино деген әр көрген сайын әсер алып отыратындай болу керек. Өнер туындысы ой салу қажет. Жылата отырып, күлдіре алу тиіс. Сезімдерін оята алса, режиссердің жеңісі. Сол кезде фильм авторлары мақсатына жете алады.

Рахым Бекназаров, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғылым және инновация жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы:

– Біз студенттерге сабақ береміз. Сонда байқағаным, «Міржақып. Оян, Қазақ!» фильмі туралы жастардың көзқарасы түзу. Шынымен, жаңа замандағы қазақтарды оятып жатқан тәрізді. Кәсіби тарихшылармен әңгімелескенде, көп жағдайда Алаш қайраткерлерін жалпылама образ есебінде қабылдаймыз. Ал негізінде әр қайсысы бір-бір тұлға ғой. Мына фильм қарапайым тұрғыдан адамның көзқарасы есебінде беріледі. Режиссерлік шешімдері көңілден шықты. Ақтөбедегі Қ.Жұбанов университетінің жеке кинотеатры бар. Соған жатақхананың балаларын шақырып, көрсетіп жатырмыз. Мүлдем қаталдау, көзден жас шықпайды деген жігіттердің өзі жылағанын байқадым. Киноның, идеологияның мықты жері осы деп ойлаймын. Өз тамырына терең қарау, болашағын кім деген сұраққа жауап іздеу. Күнделікті күйбең тірліктен бір сәт арылып, елдік мәселеге араласуға шақырады. Соған әсер етеді. Қазақ киносының ортасындағы шоқтығы биік туынды болды. Осыдан кейін отандық кинода жаңа тыныс ашылады деп ойлаймын. «Бизнес по казахски в Африке» деген секілді коммерциялық ғана емес, осындай терең фильмдер де түсіріле бастайды.

Төреәлі Қыдыр, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты директорының орынбасары, шығыстанушы, зерттеуші:

– «Оян, қазақ» Міржақып Дулатұлының туындысы. Көркем фильм ретінде шықты. Бізде кейде тарихи оқиғаларды тура сол қалпында экраннан көргіңіз келеді. Жоқ, олай емес. Тарих пен әдебиетті жақындастыратын өнер болады. Тура сол қалпында алып шығу мүмкін емес. Көркемдік шеберлікті қажет ететін жағдайлар бар. Кейде режиссер, кейде сценарий авторы тарапынан өңдейтін сәттер кездеседі. Бұл кинодағы, театрдағы қалыпты құбылыс. Егер ақынның, жазушының романы немесе поэмасы кітаптадағыдан алшақ болса, бұл кемшілік емес. Театр мен киноның мақсаты – барынша астарлап, көркемдеп береді. Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» туындысы қазақ қоғамына үлкен сілкініс алып келген дүние. 1914 жылы Қазанда шыққан «Тұр, қазақ», Әбілқасым Арғынидың 1917 жылы Тәшкентте шыққан «Жатпа, қазақ» кітабы Міржақыптың «Оян қазағының» негізінде жазылған. Осы үш кітапты қарасаңыз, үшеуі де халықты оятуға тырысқан. Мен әдебиетші ретінде сахнада сондағы фактілер неге көрсетілмеген деп сын айтуыма болады. Бірақ ол дұрыс емес. Өйткені көркем туындыда режиссердің өз шешімдері болады. Фильмді түсірген де жас жігіттер. Тырнақалды туындылары. Табыс тілейміз. Соңғы екі-үш аптада әлеуметтік желіде, мерзімді баспасөзде қызу талқыланып жатқан фильм болып тұр.

Ұшқын Сәйдірахманұлы, алаштанушы, сценарий авторы:

– Тарихымызда әдебиеттегі ұлтты ояту, ұйыстыру ұраны Міржақыптың «Оян, қазағынан» (1909) басталады. Дулатұлы ортаға шығарған осы ұраннан кейін Байбатыр Ержанның «Тұр, қазақ» (1914), Әбілқасым Арғынидің «Жатпа, қазақ» (1917) үндеулері ілесе келді. Тіпті, «Оян» ұраны түрік, ұйғыр бауырларға да ұласты. Бұл қолға найза, шоқпар алып бостандыққа жетудің мүлде мүмкін еместігін ұғынған ұлт зиялыларының ағартушылық, ілім-білімнен үміт іздеген жаңа күрес арнасы болатын. Міржақып Дулатұлының өмір жолы осы отаршылдық езгіге қарсы ояну, ұлттық болмысты сақтауға ұмтылыс дәуірімен біте қайнасқан. 

Міржақып Дулатұлының өміріндегі іс-әрекетін бір-бірімен қабыстырып тұрған бір ілмек бар. Ол – «тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» ұстанымы. Бұл ұстаным Міржақыптың өмір сүру мәніне айналған. Сондықтан ол ағартушылық жолда мұғалім болып бала оқытады, қаламгер ретінде роман, өлең жазады, «Серке», «Қазақ» газеттерін шығарып, «Есеп құралын» әзірлейді. Тіпті тарғалаң сәт, тартысты уақытта әскер құру ісінде алға озады. Қандай іс, нендей шаруа болсын Міржақыпты ұлы күш – елге қызмет ету ұстыны ілгері жетелеп отырады. Сондықтан сценарийстердің түп мақсаты Міржақып бойындағы осы күрескерлік рухты паш ету, ұлтшыл болмысы мен елшіл мінезін боямасыз көрсету болды. Ал сценарий жазуда негізгі 3 ереже көз алда тұрды: біріншісі, тарихи шындық пен деректік дәлдіктен ажырамау, екіншісі сол заманының сөз саптау дағдысы мен сөйлеу мәнерінен ауытқымау және соңғысы тарихи шындықты көркемдік шындықпен астастыру, яғни туындыны деректі өзек еткен драмалық қуаты күшті шығарма биігіне көтеру. Сценарий осы үш шартты көзеге алып жазылды.

Анығында, Қазақстан арнасы түсірген «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Міржақып. Оян, Қазақ!» пен Хабар арнасынан көрерменге жол тартқан «Абай жолы» –  сценарист, режиссер Мұрат Есжанның «Алаш» атты үлкен тарихи кинороманының бір-бір тарауы, тұтас үлкен желінің 3 үзігі деп айтуға болады. «Ахмет. Ұлт ұстазы» мен «Міржақып. Оян, қазақ» ХХ ғасыр бас кезіндегі ұлттық күресті, мемлекет құру жолындағы ұмтылысты паш етсе, «Абай жолында» Алаштан аман қалған жұрнақ Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясын жазу жолындағы цензурамен күресі айшықталады. Осы 3 картинаның өн бойына тартылып тұрған негізі арқау – түп болмысты сақтау, ұлттық өзектен ажырамау күресі. Осы реттен үш туынды бір-бірін байытып, толықтырады. 1905 жылдан басталып, Алаштың соңғы ізбасар тұяғы Қайым Мұхамедханға дейінгі жалғасқан күресті айны-қатесіз айшықтайды. Кинотуындылардың бас кейіпкерлері Ахмет, Міржақып, Мұхтар болғанымен, онда Алаш қозғалысының уығын қадасқан бір шоғыр арыстар қамтылған. Әлихан Бөкейхан, Айдархан Тұрлыбай, Халел Ғаббас, Мұхамеджан Тынышбай, Сейдәзім Қадырбай, Мырзағазы Есбол, Биахмет Сәрсен, Ғазымбек Бірімжан, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабай, Смағұл Сәдуақасұлы, Дінше Әділұлы және басқа да аттары аталмаған қайраткерлер бар. Бұны әлі де көпке беймәлім, көмескі жатқан Алаш боздақтарына қойылған ескерткіш деп санаған жөн.

Еске салайық, «Міржақып. Оян, Қазақ!» — Міржақып Дулатов туралы түсірілген көркем фильм. Туынды Қазақстан ұлттық телеарнасының қолдауымен түсірілген 6 сериялық сериал негізінде дайындалды. Фильм мемлекет қаржысына Мәдениет және ақпарат минситрлігінің қолдауымен түсірілген. 2023 жылдың қыркүйегінде фильм қазақстандық прокатқа шықты.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
«Әкемнің кітабын түпнұсқада оқи алмаймын»: Сәбит Мұқановтың қызы алғаш рет сұхбат берді
13.05.2024ж. 10:19

«Әкемнің кітабын түпнұсқада оқи алмаймын»: Сәбит Мұқановтың қызы алғаш рет сұхбат берді

Сәбит Мұқановтың қызы әкесінің кітабын түпнұсқада оқи алмайтынын мойындады
Олар күрделі акробатикалық нөмірді орындады
Бұл айрықша есте қалатын қуыршақ образымен ерекшеленетін спектакль болмақ

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →