×

Әкесі тірі кісі бас ұстауға бола ма – Әбдірашит Бәкірұлы жауап берді

Рас тыйым ба, әлде жай ырым ба

Әкесі тірі кісі бас ұстауға бола ма – Әбдірашит Бәкірұлы жауап берді
Фото: ТикТок

Осы күні Tik-Tok әлеуметтік желісінде соус құйып, кафеде қойдың басын жеп отырғандардың видеосы трендке айналып кетті. Мейрамхана, кафелерде қойдың басын арнайы табаққа салып, үстіне соус құйып әкелетін болған. Қазақ «Әкесі тірі кісі бас ұстамайды» деген тыйымды жиі айтатын. Бұл қалай болғаны деп жататындар да бар. Осыған қатысты әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы Әбдірашит Бәкірұлы пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Қоғамға белгілі бір азамат: «Әкесі жанында отырмаса, ұлға бас ұстағанның несі айып?!» – деп мәселе қозғапты. Жауап жазуға тура келді: Бұлай пайымдау – шолақ ой. Студент кезде базардан бас алып, талай рет асып жедік қой... Ауылға барғанда әкемізге айтатынбыз осыны. «Е-e-e» дейтін де қоятын... Ол бас – қорек, азық. Басқа дәмнен еш айырмасы жоқ... Оған еш талас тумаса керек. Ал «Әке барда бас ұстауға болмайды» деген – өмірлік ұстаным. Ол – «Әулет басы Әке тірі тұрғанда әкемен жағаласпа, жағадан ұстама» деген сөз. Егер сен осы жаман ырымды бастасаң, бар бауырың оны көреді. Біреу сен жақта, біреуі әке жақта... Сөйтіп, әулеттің бірлігі кетеді. Онымен бірге әулеттен береке мен ырыс кетеді». Міне, астарлы айтылатын мағына осы. Сондықтан, қоғам жиылған жерде текті бала «Маған бас ұстауға болмайды» деп тектілігін жасайды. Тексіз: «Әкем жоқ қасымда, маған болады»  дейді. Жиылған қауым «Жаманшылыққа бастайтын әумесер деп, содан соң тексіз баладан бойын аулақ салады», – дейді Әбдірашит Бәкірұлы.

Этнограф Зейнеп Ахметованың айтуынша, егер әкенің көзі тірі болса, бала бас ұстамайды.

«Алдыңда асқар таудай әке тұрғанда баласы бас ұстап, әкенің жолын кесуді ойына да алмаған, бұл – қазақтың ұғым-түсінігіне мүлде жат қылық. Тіпті өзі балалы-шағалы болса да, егер әкенің көзі тірі болса, бас ұстамайды. Қайта әкенің амандығын тілеп, өзінің әлі де әкелі «бала» екеніне шүкіршілік етеді», – дейді Зейнеп Ахметова.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Олар күрделі акробатикалық нөмірді орындады
Бұл айрықша есте қалатын қуыршақ образымен ерекшеленетін спектакль болмақ

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →