×

Жиһанкездің жолы

Ақын, аудармашы Саят Қамшыгермен сұхбат

Жиһанкездің жолы
Саят Қамшыгер

Оны тек ақын, аудармашы ғана емес, жиһанкез деуге әбден болады. Сегіз жыл бұрын әріптес болдық. «Мөлдір бұлақ» журналының редакциясында байыз таппай жүгіріп жүретін. Сондағысы кішкентай оқырмандарымен

кездесу. Самайынан маңдай тері сорғалап, кітап пен журнал көтеріп жүргені – білімнің шоқ жұлдыздарын жағу, танымын кеңейту. Бәлкім, сол бойындағы шоқты өзгелермен бөлісуге асыға ма екен, кім білсін?!.

Таңертең Алматыда болса, кешке Қырғызстанда, келесі күндері Түркиядан бір шығатын Саят Қамшыгер расында «жүргенге жөргем ілінеді» деген тәмсілмен өмір сүретіндей...

 Балалар әдебиетінің кәусар бұлағы, жасыл құрағы болған ол, ешкімге алақан жаймай-ақ қаламымен жан бағып жүр. Ақын-жазушылар көп. Бірақ олардың бәрі Саяттай дамылсыз жазғанына адал бола алып жүр ме?..

 Соңғы 5 жылда Алматыдағы кітап дүкендерінде шетелдік әдебиеттер қазақ тіліне көптеп тәржімалануда. Әдеби агент ретінде Саят Қамшыгердің балалар әдебиетіне қосқан үлесі орасан.

«Көркем аудармалардың сапасы сын көтере ме? Қазақ жазушыларының кітаптарына сұранысты қалай арттырамыз?» деген сауал төңірегінде ақын, аудармашы Саят Қамшыгермен тілдескен едік.

 – Абай, Шәкәрім, Мағжан сынды тағы да көптеген ақындардың аудармамен айналысқанын білеміз. Әрбір ақын-жазушы көркем аудармамен айналыса алады деген ой туады. Бұған көзқарасыңыз қандай және осы саладағы көпжылдық тәжірибеңіз шығармашылығыңызға қалай әсер етті?

 – Орынды сұрақ. Негізінен, кез келген қаламгердің аудармамен айналысуы өте қиын нәрсе. «Бес саусақ бірдей емес» демекші, аудармаға ебі бар қабілетті тұлғалардың келгені дұрыс деп ойлаймын. Себебі аударма ісі ысылған, көпжылдық тәжірибесі бар мамандардарға зәру.

Сапалы аударма – кітаптың құндылығын арттырады

Бізге мазмұны терең аударма қажет. Оны оқитын оқырман өмірлік ситуацияларда  ішіндегі сөздік қолданыстарды пайдалана алуы керек. Бұған бір жарқын мысал келтірейін. 2015 жылы Әзірбайжанның Анар Рзаев деген атақты жазушысымен кездесіп, сол елдің Жазушылар одағының ғимаратын көрдім, ол кісінің әңгімесін тыңдадым. Маған сөз берген кезде: «мен сіздің шығармашылығыңызбен таныспын, кітаптарыңызды Берік Шаханұлы деген қазақ жазушысы аударғанын білемін» деп айтқым-ақ келді, бірақ өзге елдің қаламгері «шығармашылық» деген сөзді түсінбейді деп, творчествоңызбен таныспын дедім. Сол сәтте ол мені тоқтатып: «неге творчество деген сөзді қолданасың, қазақтың  «жасампаздық» деген әдемі сөзі бар емес пе?» деген кезде қатты таңғалдым. Сонау Әзірбайжандағы танымал жазушының қазақ ортасында жүрмесе де, «жасампаздық» деген сөзді біліп, маған ұсыныс ретінде айтқанына ерекше қуандым. Бұл, әрине, тек аудармаға ғана қатысты емес, жалпы кітап саласында осындай сирек қолданатын әдемі сөздерімізді жиі берсек, оны оқитын өзге ұлт өкілінің қаперінде сақтауы – еліміз үшін үлкен мәртебе деп ойлаймын.

Кез келген ұлттың тілі ерекше

Аударма ісімен айналысып жүріп, кез келген ұлттың тілі ерекше екеніне көзім жетті. Оны қаз-қалпында жеткізе білу – көп аудармашылардың, соның ішінде ақын-жазушылардың қолынан келе бермейді. Бұлай дейтінім, өз тәжірибемнен айтайын. Ең алғаш аудармамен айналыса бастағанымда бірқатар кедергілерге тап болдым. Мысалы, қырғыз ақындарының өлеңін аударған кезде, қазақ тілімен бірдей дыбысталып айтылғанмен, сөздердің мағынасы әртүрлі болып шықты. Қайбір жылдары Назгүл Осмонова деген қырғыз ақынының кітабын аударғанда «Жаздағы жапырақтай бүрледім» деген өлең жолында «жаз» деген сөзді сол күйі беріп, аудармай кеткен едім. Кейін Қырғызстанға көктем айында барғанымда, сол жердің ақындары «бізге енді жайда келіңіз» деді. «Жай» деген қай уақыт десем, «лето» дейді. Содан бірден сіздердегі «жаз» сөзі не мағына береді деп сұрағанымда: «біз көктемді «жаз» деп айтамыз» деген еді. Сол кезде мән беріп, астарына үңілгенімде, жазда жапырақтар бүрлемейтінін бірден аңғарар едім. Қазақтың сөзімен бірдей болғасын әрі аудармамен енді айналысып жүрген соң, осындай қателіктерге жол бердім.

Мен көп аударған автор Айгиз Баймұхаметовтің бір шығармасын тәржімалағанымда Мавлида Нұрғалиқызы деген балалар үйіндегі директор кейіпкер оларға «Бараны» деп ұрысатын жері бар. Соны «қойлар» деп аударып жіберіппін. Оны Дәулетбек Байтұрсынұлы деген ақын ағамыз оқып: «Бізде «қойлар» деп қолданбайды ғой, «малдар» деп өзгерттім», – деді. Осы секілді аударманың өзіндік ньюанстары көп. Оны кейде өзің байқамай да қаласың. Аудармашы қандай да бір әдеби шығарманы тәржімалап болған соң, жанашыр аға-бауыр, әріптестеріне кемі бір рет оқытып, өзі қайта қарағаны жөн. Аударма саласындағы көпжылдық тәжірибем мені кітаптың сапалы шығуы үшін барлық сөзге жіті мән беруге, қайта тексеруге, асқан ықтияттылықпен жасап, мұқият болуға үйретті. Абай, Шәкәрім, Мағжан сынды ақындарда ерінбейтін еңбекшіл қабілеті болды. Сол себепті олар сәтті аудармалар жасады. Ешкім біліп туған жоқ. Егер біздің ақын-жазушыларымыз аударма саласындағы осындай қиындықтарға шыдап, қажырлы еңбек етсе, олардың жіберген қателіктері жыл өте тәжірибеге ұласып, кейін сапалы тәржімалай алатын мықты аудармашы бола алады деп сеніммен айта аламын.

Аударма ісі менің шығармашылығыма оң өзгерістер әкелді. Белорус ақыны Владимир Мозгоны, орыс ақыны Евгений Чигринді, мажар ақыны Шандор Петефиді, түріктің классик ақыны Юнус Эмрені, әзірбайжан ақыны Имамеддин Насимиді аудардым. Аударма, кітап саласындағы жинаған тәжірибем бойынша түсінгенім, көркем әдеби шығарманы тәржімалағанда сөздерді мағыналық реттілігіне байланысты түрлендіре білу керек. Сол кезде ғана сапалы дүние шығады.

 – Саят аға, көркем аударманың түпнұсқадағы мағыналық байлығын сақтап, ой-толғамдарды сол күйінде жеткізу асқан шеберлікті қажет етеді. Балалар шығармаларын қазақ тіліне тәржімалап жүргеніңізден хабардармыз. Әдеби аударма ісінде қандай әдістерге жүгінесіз? Жалпы қазіргі аудармаға көңіліңіз тола ма?

 – Көркем аударма, әрине, үлкен ізденісті талап етеді. Кейінгі кезде елімізде жақсы дамып келе жатыр. Бұрындары біз ағылшын, орыс тілдеріндегі танымал  шығармаларды іздеп жүретін болсақ, қазір қазақ тілінде оқуға мүмкіндік бар, бәрі қолжетімді. Әсіресе біздің қаламгерлеріміз баспалардың тапсырысымен әлемдік классиканы аудара бастағаны көңіл қуантады. Осыған байланысты 19 сәуір күні 2023 жылы шыққан көркем аударма саласындағы кітаптар жайында Қазақстан Жазушылар Одағының жыл қорытындысында баяндама жасаймын. Мысалы, бұған дейін Джейн Остиннің «Гордость и предубеждение» деген кітабын орысша оқып келген болсақ, қазір «Фолиант» баспасында «Асқақтық пен адасу» деген атаумен шықты. Оны қазақ тіліне Әбубәкір Смайылов деген кісі аударған екен. Эрих Марии Ремарктің «Триумфальная арка» кітабы «Салтанат қақпасы» деп тәржімаланған. Маргарет Митчелльдің «Унесённые ветром» деген кітабын «Жер өтіндегі тағдырлар» деген атаумен ақтөбелік ақын Гүлімай Әбішқызы аударған. Осы секілді бірнеше кітаптарды тізе беруге болады. Поэзияда да біздің ақындарымыз поэзиялық әдебиетті, өлеңдерді тәржімалауды қолға алғандықтан, аударманың қарқыны жақсы белең алған. Өз басым әдеби аударма ісінде түпнұсқадан алшақ кетпей, әр сөйлемді жеке-жеке мағынасына қарай аударып, оқырманға ұғынықты тілде жеткізуге тырысамын. Себебі біз өздігімізден жаңа сөйлем құра алмаймыз. Автор болмағандықтан, түпнұсқадан ауытқымауымыз керек. Өйткені оның жұмысына қиянат жасамай, әрі бұрмаламай дұрыс жеткізу – аудармашының басты міндеті.

 – Көркем әдеби аудармада синтаксистік құрылымдардың амбиваленттілігі кездеседі. Бұл ретте лексикалық-сематикалық типтің қандай тәсілін қолданасыз?

 – Көркем аудармада өз басым қарапайымдылық принципін ұстаймын. Себебі «қиындатпа, жеңілдет» деген қағида бар. Күрделі болған сайын оқырмандарға түсіну де қиынға соғады. Мақсатымыз оқырманды кітаптан қашыру емес, ынтасын ояту болғандықтан, аударма ұғынықты болуы керек. Ең алғашқы аудармам башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтің «Тастамашы ана» кітабы еді. Мен оны дәл осы принцип негізінде аударып шықтым. Оны бастауыш пен жоғары сынып оқушылары да, студенттер мен мұғалімдер де, тіпті көше сыпырушылар да, әкім де оқитын деңгейге жетуі – қарапайым тілде аударылғаны деп ойлаймын. Одан соң автор оқиғаны ойдан құрастырмаған. Өзінің басынан өткен жағдай. Шынайылығымен де оқырманды баурап алды. Әр сөйлемді қазақтың түсінігіне жат болмайтындай өмірінде, табиғатында, мінезінде бар қасиеттерді, сөздерді жеңіл жеткізуге тырыстым. Мұқағалидің «Қасиетіңнен қара өлең айналайын, қазақтың дәл өзіндей қарапайым» дегені бар. Сол секілді қазақтың қара өлеңі де қарапайым тілмен жазылған.

«Тастамашы ана» 30 мың тиражбен таралып, тез сатылып кетті

А.Баймұхаметовтің «Тастамашы ана» кітабы жақсы оқылғаннан кейін, қазір сегізінші рет шығарғалы отырмыз. Бұған дейін 30 мың тиражбен шығып, тез сатылып кетті. Демек, 30 мың оқырманның артында ата-анасы, ұстазы, достары тұр. Бұл кітап одан әрмен таралып, көршілерімен, сыныптастарымен бөліскеннің арқасында оқылып жатыр. Оқырман тарапынан «осы кітаптың жалғасы бар екен, соны аударасыз ба?» деп ұсыныс түскеннен кейін Айгизбен хабарласып, «Ертегісіз өткен балалық» деген екінші кітабын аударған едім. Ол да өте жақсы оқылды. «Kitap al» кітап желісінде сатылды. Алдағы уақытта «Qazyna» кітап желісінде сатылымға шығады. Одан кейін Айгиздің «Көше балалары» деген үшінші кітабын аудардым. Қырғыз ақындарының «Қазіргі қырғыз поэзиясы» деген жыр жинағын құрастырдым. Саха Республикасында «Жоғалғандардың жан сыры» деп аталатын ең көп оқылған кітап бар. Соған тәржіма жасадым. Осылайша менің аударма саласындағы жұмысым жалғасын тауып, көркем әдебиеттерді бірінен-соң бірін аударуға қалай кіріп кеткенімді өзім де білмей қалдым.

 – Сіздің ойыңызша, көркем аударма ортақ бір тілде сөйлей алмайтын адамдардың қажеттілігін қанағаттандырып отыр ма?

 – Өте жақсы сұрақ екен. Қанағаттандырып отыр деп ойлаймын. Дүниенің ана бұрышынан шыққан кітап бүгінгі заманда үш-төрт айдан кейін Қазақстаннан шығып жатқанына қуанамын. Бұрын ол арман еді. «Нобель» сыйлығы лауреаттарының шығармаларын оқу үшін оның орыс тіліне аударылғанын күтіп, Ресейден алдырып жүретінбіз. Ал қазір Орхан Памукті қазақша оқитын болдық. Қытайлық жазушы Мо Яньды да ана тілімізде оқуға мүмкіндік туды. Сол әдебиетті оқу арқылы бүтін бір халықтың тағдырын, елдің өмірін кітап арқылы біліп жатқанымызға қуанамын. Рафаэль Ниязбектің «Кітап бетін ашпаған ұрпаққа – болашақ есігін ашпайды!» деген керемет сөзі бар. Қазақ оқырмандары шетелдік түрлі жанрдағы кітаптардың тәржімаланған нұсқасын оқып, танымын кеңейтеді. Осылайша кітаптарды көбірек сатып алып, еліміздегі кітап нарығының дамуына үлес қосады.

Кітапқа екінші өмір сыйлау керек

Шетелдік кітаптардың қазақшасы тұрғанда, мен неліктен оны орысша оқуым керек? Осы уақытқа дейін қазақша нұсқасы жоқ деп сылтау айттық. Енді ана тілімізде баламасы тұрғанда орысша оқуымыз әбестік болады. Біздің көркем аударма  кітаптарын қазақ оқырмандары қолдап сатып алса және сол оқыған кітаптарымен жанындағы дос, әріптес, жақындарымен бөлісіп, оның сатылуына үлес қосса, кітапқа екінші өмір сыйласа, кітап оқу мәдениетін бұдан да тез дамытар едік...

 – Аударма саласын қолдауды министрлік өз мойнына алды. Алматылық ақын, аудармашы ретінде ел болашағына үлес қосып келесіз. Тәржімалаған аударма кітаптардың сатылымы қандай? Қала әкімдігінің қолдауы бар ма?

 – Министрлік тарапынан кітаптар шығарылып жатыр. Бірақ солардың ішінде аударма кітаптарының салмағы өте аз. Себебі бізде аударма жанрының мәселелері, ішкі қиындықтары көп. Кітапты тәржімалау үшін ең алдымен автордың рұқсаты керек. Осы жағы бізге кедергі келтіреді. Ал автордың жеке байланыс номерін табу – қиынның қиыны. Тауып алғанның өзінде, олар өз қаламақыларын айтып, шарттарын қояды. Оны жеке жазушы не аудармашы өзі төлей алмайды. Сондықтан бізге ыңғайлысы министрлік немесе әкімшілік тарапынан өздері белгілеп, «осы кітапты аударуға рұқсат алдық, аудара беріңіз» деген ұсыныстар болса, жазушыларға сол қолайлы. Ал егер аударатын кітапты өзіміз тауып, аудармаға өзіміз рұқсат алсақ, әрі аударып, оны кітап қылып шығарсақ, қаламгерлерге көп күш түседі.

Қазір әдеби агентпін

 Саха республикасынан да, башқұрттардан да, татарлардан да, түрік, әзірбайжан, қырғыздардан аударып жатқан кітаптарға ресми рұқсат сұрап жатқаным жоқ. Себебі қазір әдеби агент ретінде жұмыс істеймін. Шетелдік авторлар менің достарым, таныстарым болғандықтан, «осы кітапты аударуға рұқсат бересің бе?» деп келісімін аламын. Ортамызда ешқандай келісімшарт жоқ. Таза достықтың, көңілдің арқасында істеліп жатқан жұмыс. Егер танымайтын біреулердің кітабын аударсам, әрине қиынға түседі. Олар менен немесе мен олардан аударғаным үшін ақша талап етемін. Осындай түсініспеушіліктер орын алуы мүмкін, сондықтан маған өзге ел авторларымен шығармашылық байланысты нығайтқан маңызды.

Кітап шығаруым үшін лицензия талап етті

Қазір «аудармашы деген лицензияң болуы керек» деп талап қоятындар бар. Баспа директорының орынбасарлары «шетелде лицензия беретін арнайы орталықтар бар. Сіз сондай лицензиялардың біреуін алып алыңыз» деген еді. Жалпы аударма саласында мемлекеттік тапсырыспен кітап шығару қиын. Сол үшін өзім жеке қаражатыммен, не демеушілердің көмегімен, баспаның ұсынысы бойынша кітаптар шығарып жүрген жайым бар. Және сол кітаптарды өзім жарнамалап, өзім насихаттап, сол бойынша кездесулерге барып, оқырмандарға оқытып, оқушылар арасында жүрмін. Егер олай етпесем, ол кітаптар сатылмайды. Мен бүгін кітап жазсам, ол кітапты әлеуметтік желіде насихаттамасам, өзім таныстарыма ролик түсіріп, мектептегі мұғалімдерге жібермесем, ол кітабым шығып жатыр ма, шықпай жатыр ма, оны ешкім білмейді. Ал ол кітап туралы ролик түсіргеннен кейін мектептегі мұғалімдер мен орынбасарларынан ұсыныстар түсе бастайды. «Жаңа кітабыңыз шығыпты. Сол кітапты біз де оқиық. Елу данасын алайық. Оқығаннан кейін бізге кездесуге келіңіз, бірге талқылайық» деп жатады. Олар оқып болғаннан кейін тағы 50 кітапқа тапсырыс береді. «Қолтаңбаңызбен, әдемі тілегіңізді жазып, осы жаққа келгенде ала келіңіз, бізге өткенде берген кітабыңыз аз боп қалды» дейді. Әсіресе Алматы қаласындағы мектептерге қала іші болғандықтан, жиі барамын. Бір күнде екі кездесу өткізетін кездерім болады. Біріне түске дейін барсам, келесісіне түстен кейін барамын. Алғашқы кезде қиын болатын. Қазір оған да үйрендік. Кітап оқылмай, балкондарымызда үйіліп, қапталып тұрмауы керек. Сондықтан қоғамға, әрі өзімізге пайда болсын деген ниетпен кітаптың жарнамасына өзімнің әлеуметтік парақшаларым арқылы, сондай-ақ ватсап, телеграм желілерінде топтарға жіберіп, ақпарат таратамын. Жаңа заман талаптарына сай оқылады деген кітаптарды ғана аударып, соларды жарнамалап жатқан жайым бар.

«Көше балалары» мен «Ертегісіз өткен балалық» осымен үшінші рет,  «Тастамашы ана» сегізінші рет, «Жоғалғандардың жан сыры» екінші рет шыққалы отыр. Әр мемлекеттің көп сұраныспен оқылған кітаптарын аудару өте маңызды. Оны анықтаудың өзі оңай емес. Әлеуметтік желіні, гуглды ақтарып, сауалнама жүргіземін, түрлі кітап фестивальдеріне қатысамын. Сол кезде «сіздерде ең көп оқылып, сатылып жатқан кітап қандай? поэзия мен прозада кім көбірек оқылады? мотивациялық кітаптардың қайсысы сұраныста?» деп сұрап аламын. Кітап дүкендеріне барып, сатушылармен сөйлесемін. Бұл өте маңызды. Себебі қоғам сұранысына сай жұмыс істей білуіміз қажет. Осылай ізденуімнің арқасында мен аударған кітаптардың барлығы жақсы сатылды. Әлі де сатылып жатыр. «Осы заманда кітап оқылмайды» деген сөзбен келіспеймін. Кітап оқылады, егер кітап оқытуға әрекет етсе, насихаттаса, сол кітаптың оқылуына қызмет етсе. Кітап оқылмайды дейтіндер – кітабын сатпақ түгіл, оқырман таппай жүргендердің сөзі ме деймін...

Мақсатым – қазақ шығармаларын әлемге таныту

Егер әдеби агент ретінде жұмыс істемесем, қазақ шығармаларын әлемге танытамын деген мақсатым жүзеге аспайды. Сондай-ақ қазақ оқырмандары сол шетелдегі ең көп оқылған кітапты оқыса деп тілеймін. Себебі жаһандану дәуіріне ілесе алуымыз керек. Тіпті «туысқан мемлекеттегі елдер кітапты қалай жазады, әдебиетті қалай дамытады?» деп үнемі ізденісте жүргеніміз абзал.

Тәжвирус пандемиясы уақытында бәріміз үйде отырған кезде жазушы Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер» кітабын оқыдым. Ұнады. Содан кейін автормен бірге «Мөлдір бұлақ» журналының жас тілшілерімен зум бойынша осы кітапты талқыладық. Әдеби агент ретінде осы кітапты қырғыз, якут, башқұрт тілдеріне аудартып, шығарттым. Сәуле Досжанның қырғыз тіліне аударылған кітабының тұсауын Бішкекте кестік. Якутияның Қазақстандағы күндеріне байланысты 22-сәуірде Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Ауылдан шыққан миллионердің» якут тіліндегі нұсқасының тұсауын кесеміз. Жылдың аяғында Уфа қаласында башқұрт тіліне аударылған кітаптың тұсауын кесу жоспарымызда бар. Мақсатым – қазақтың заманауи үздік шығармаларын туысқан халықтарға аудартып, таныту.

Именіп жүріп көрген игілік – бәрінен биік тұрады

«Жазушылар Одағы маған сөйту керек, бүйту керек» деп,  көп сынайтын, әрекет етпейтін ақын-жазушыларымыз бар. Мен ешкімге алақан жаймай, мүмкіндіктерді іздеймін. «Сен жолға шық, жол өзі апарады» деген қағидамен жүремін.

Жақын күндерді еліміздегі әдеби агент Бақтыгүл Маханбетованың ұсынысы бойынша Үндістанда өтетін Поэзия фестиваліне жолдама алдым. Қазір сол фестиваль қатысушыларының антологиясына кіру үшін жырларымды ағылшын тіліне аудартып жатқан жайым бар.

Сондай-ақ түркі халықтарының әдеби шараларына, кітап фестивальдеріне, жәрмеңкелеріне, мерейтойлық шараларына өз қаржыммен не демеушілер қолдауымен барып, сол мемлекетпен шығармашылық байланыс құруға тырысамын. Нәтижесінде олармен басқа салалар бойынша да жұмыс істеудеміз. Сондықтан біздің қаламгерлердің еті тірі, сергек болып, өмірге жаңаша көзқараспен тек алға қарай жүруі керек деп ойлаймын.

 – Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Қуыршақ театрында «Шинель» қойылымының премьерасы ұсынылмақ
23.04.2024ж. 14:11

Қуыршақ театрында «Шинель» қойылымының премьерасы ұсынылмақ

Бұл айрықша есте қалатын қуыршақ образымен ерекшеленетін спектакль болмақ

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →