×

Түркияда RAMS Kazakhstan компаниясының қолдауымен әнші Димаш Құдайбергеннің концерті өтті

Үш сағаттан астам уақытқа созылған қазақтың маңдайына біткен шоқ жұлдызының өнерін түрік елі лайықты бағалады

Түркияда RAMS Kazakhstan компаниясының қолдауымен әнші Димаш Құдайбергеннің концерті өтті
Фото: Rams Kazakhstan

Жанкүйерлерін ерекше даусымен тәнті еткен Димаш Құдайбергеннің осымен екінші рет Түркияда жеке концерті сәтті өтті. Ерекше форматтағы бағдарлама әншінің 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.

Концертке Qaz365.kz тілшісі RAMS QAZAQSTAN-ның демеушілігімен өнерпаздың концертінен репортаж жасауға Стамбулға аттанған еді. Аталмыш компания Димаштың өнерін түрік елінде БАҚ өкілдері мен танымал тұлғалардың, блогерлердің қазақ өнерін ақпараттық қолдауға мүмкіндік жасады.

40 мың адам сиятын «Бешикташ» стадионында тыңдармандар қазақ баласының өнерін көріп, таңдай қақты.

Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған  жанкүйерлерінің Димаш айтқан әрбір әннің мағынасын түсіну үшін қазақ тілін арнайы үйренгендері де жоқ емес.  Стамбул сахнасында қазақ өнері мен мәдениетін тереңірек тануға ана тілімізді үйреніп жүрген тыңдармандарына әншінің өзі де бас иіп, алғысын жеткізді.  

«Димаш — қазақтың айнасы»

«Стамбулға Димашты қолдауға келдім. Қаршадай қазақ баласының өзге елде де осындай үлкен стадионға көрермен жинай алуы — мақтаныш емес пе?. Бойыңда рухың тасып, шетелде қазақ әнін шырқағанда, жаным сондай рахаттанды. Димаш — қазақтың айнасы ғой. Бір өзі мыңға татиды. Тіл-көзден аман болсын, оның шығар биігі мұнымен тоқтамайды», – деді актриса Дариға Бадықова.  

«Қазақтың мәртебесі Димашпен көтерілді»

«Шоу бизнес саласында жүргеннен кейін әрбір әншінің өзіндік стилі бар екенін білеміз. Димаш — классикалық әнші. Оның орындаушылық шеберлігіне сөз жоқ. Концертті жай көріп қана қоймай, оның шетелдік тыңдармандарының эмоциясын бақылаумен болдым. Орындарынан тұрып, Димашпен бірге әндеткенде, мен ерекше қуандым. Себебі қазақтың мәртебесі әлемге Димашпен көтерілді. Құдай берген талантын атақ-абыройға мастанбай өз деңгейінде ұстап келеді. Сол үшін де халықаралық масштабта  осыншама халықтың махаббаты мен сүйіспеншілігіне бөленуде. Қазақстаннан келген барлық оның қолдаушылары мен жанкүйерлері осы эмоциямен қайтты деп ойлаймын», – деді әнші Ochoouдың директоры Шынар Жанабекова.

Димаштың концертіне түрік жігітіне тұрмысқа шыққан отандасымыз Ая Мұхит та  жолдасы Исмаилмен бірге әлем мақтанышын қолдауға келіпті.

«Концерттік бағдарламаның шоу түрінде өтуі қатты ұнады. Жолдасым Исмаил Димаштың диапазонының кеңдігіне қатты таңданды. Қазақ елінің әлемдік масштабтағы әншісі үшін қанымыз қазақ болғаннан кейін мақтаныш сезімі болды. Оны жасырмаймын», – дейді Ая.

Үш сағаттан астам уақытқа созылған қазақтың маңдайына біткен шоқ жұлдызының өнерін түрік елі лайықты бағалады. Әсіресе сахна төрінде Бурак Йетермен бірге шыққанда, стадионға жиналған түрік тыңдармандар ду-дулап, айғай-шумен  ұзақ шапалақ соқты.

Кеш барысында Димаштың Игорь Яковлевичпен бірге ерекше шығармашылық үйлесімді көрсеткен оның «Stranger» туындысы сахнаның көркін аша түсті.

Қоюшы режиссерлар мен труппаның, дирекция мен көркемдік жетекшілердің, бишілер мен Димаштың өнерін мінсіз көрсетуге жұмыстанған команданың, шығармашылық топтың мерейлі мерейтойға тиянақты дайындалғаны көрініп-ақ тұр. Сахналық декорация, жарық партитурасы, музыка – бәрі де көрерменнің көзін жаулап, көңілі әншіге ғана ауады.

Танымал түрік музыканты Халук Левентпен бірге «Gesi Baglari» әнін орындағанда, хард-рокер мен классикалық жанрдың әдемі тандемі сахнаның сәнін аша түсті. Өмірге деген көзқарас, адамның ішкі жан дүниесі туралы терең философиялық ән тек түріктерді ғана емес, шетелдік тыңдармандарды да тебірентті.

Стамбулдағы концертінде кештің арнайы мейманы болып таңдалған композитор Халук Левент мерейтой иесін туған күнімен құттықтап, гитарасын сыйға тартты.

Әйгілі «Бешикташ»  стадионында, ашық аспан астында өткен жеке концерттің бағдарламасы келген тыңдарманның қай-қайсысын да ерекше әсерге бөледі.

Димаштың диапазонының кеңдігі – оның регистрлік мүмкіндігін, өзіндік бояуын, ырғағын, амплитудасын, тональдік ерекшеліктерін көркем етіп, құлақтың құрышын қандырды. Міне, қазақтың өнері, қазақтың үні, қазақ даласында өскен қарапайым қазақ баласының даусының күші – 40 мың жанкүйерді Стамбулда тоғыстырды. Бас шайқап, таңданбау мүмкін емес. Әсіресе, қазақ елінің атынан оны қолдап келген жақындары, достары, әріптестері, сүйікті тыңдармандарының ел намысы мен өнерін биіктетіп, қос елдің көзайымына айналғанын өз көзімен көруі қандай бақыт?!.

 Кеудеңді ерекше мақтаныш кернеп, Димашқа ғана тән темпті сезінесің, оған ғана тән тенорды естіп, Құдайдың құдіретінде шек жоқ дейсің!..

Төрт октавамен шырқайтын ол, жеке концертінде өте жоғары нотаны ұзақ ұстап, шарықтау шегіне жеткізді. Халықаралық деңгейге көтерілген Димаштың өнеріне әлі талай тебіренеріміз анық.

Тәңірдің өзі сый ғып берген дарыны – даңқын асқақтатып, абыройын арттырмаса, әлемді аузына қаратқан тума таланттың, дара таланттың мүмкіндігі мұнымен ғана шектелмейді деп білеміз.

Қазақстан мен Түркия халқының руханиятын байытып, өнері мен мәдениетін, мызғымас достығын дәріптеген әншінің алдағы уақытта да есімі шартарапты шарлай беретіні сөзсіз.


Айтулы шараға Qaz365.kz тілшісі RAMS QAZAQSTAN-ның демеушілігімен өнерпаздың концертінен репортаж жасауға Стамбулға аттанған еді. Қазақ өнерін Стамбул төрінде ақпараттық қолдауға мүмкіндік жасаған компанияға алғысымызды білдіреміз.

Айта кетейік, Rams Qazaqstan  тек Димаш Құдайбергеннің концертіне ғана емес, сондай-ақ қазақ пен түрік елінің достығын, өнері мен мәдениетін дамытып, ақпараттық қолдау мақсатында 40-қа жуық журналистер мен блогерлердің басын қосып, Стамбулға келулеріне демеушілік жасады. Мақсат — халықаралық деңгейдегі әншіні қолдап, қос ел арасындағы ынтымақтастықты арттыру.

Әлемді аузына қаратқан Димаштың жеке концертінен қайтқан қазақтар «Бұл біздің Димаш қой» деген мақтанышпен шетелдіктердің алдында еңсесін тіктеп, ерекше қуанышқа бөленді. «Димаш, жарайсың,  алға!»  деген жазуы бар плакаттар мен оның есімі жазылған ленталарды басына тағып алған фанаттарының Димашқа, оның өнеріне деген құрметтерін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Қарапайым қазақ баласының шет мемлекетте өз елінің туын биікке көтеріп тұрып: «Ағылшынша, түрікше сөйлеп, ән айтсақ та, өз отаным, тілім, жұртым бар. Шаңыраққа қарап, менің тілеуімді тілеп келген жақындарыма, әріптестеріме, достарыма, қазақ еліме ерекше тағзым» деп көк байрақпен стадионнан ары-бері жүгіріп, кең тыныстап, ұзақ көтеріп тұрды.

Қазақстаннан келген делегация бұл сәтте көзіне еріксіз жас алды. Себебі Димаштың өнерімен қазақ танылды. Димашқа қарап қазаққа баға берілді!

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Бұл туралы 2024 жылдың көктемінде хабарланды
Бұл комикс - оқырмандарға қызық әлемге сапар шегу мүмкіндігін сыйлайды
Бұл жөнінде “baurynasalu.film”  Instagram парақшасында хабарланды

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →