Үш сағаттан астам уақытқа созылған қазақтың маңдайына біткен шоқ жұлдызының өнерін түрік елі лайықты бағалады
Жанкүйерлерін ерекше даусымен тәнті еткен Димаш Құдайбергеннің осымен екінші рет Түркияда жеке концерті сәтті өтті. Ерекше форматтағы бағдарлама әншінің 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
Концертке Qaz365.kz тілшісі RAMS QAZAQSTAN-ның демеушілігімен өнерпаздың концертінен репортаж жасауға Стамбулға аттанған еді. Аталмыш компания Димаштың өнерін түрік елінде БАҚ өкілдері мен танымал тұлғалардың, блогерлердің қазақ өнерін ақпараттық қолдауға мүмкіндік жасады.
40 мың адам сиятын «Бешикташ» стадионында тыңдармандар қазақ баласының өнерін көріп, таңдай қақты.
Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жанкүйерлерінің Димаш айтқан әрбір әннің мағынасын түсіну үшін қазақ тілін арнайы үйренгендері де жоқ емес. Стамбул сахнасында қазақ өнері мен мәдениетін тереңірек тануға ана тілімізді үйреніп жүрген тыңдармандарына әншінің өзі де бас иіп, алғысын жеткізді.
«Димаш — қазақтың айнасы»
«Стамбулға Димашты қолдауға келдім. Қаршадай қазақ баласының өзге елде де осындай үлкен стадионға көрермен жинай алуы — мақтаныш емес пе?. Бойыңда рухың тасып, шетелде қазақ әнін шырқағанда, жаным сондай рахаттанды. Димаш — қазақтың айнасы ғой. Бір өзі мыңға татиды. Тіл-көзден аман болсын, оның шығар биігі мұнымен тоқтамайды», – деді актриса Дариға Бадықова.
«Қазақтың мәртебесі Димашпен көтерілді»
«Шоу бизнес саласында жүргеннен кейін әрбір әншінің өзіндік стилі бар екенін білеміз. Димаш — классикалық әнші. Оның орындаушылық шеберлігіне сөз жоқ. Концертті жай көріп қана қоймай, оның шетелдік тыңдармандарының эмоциясын бақылаумен болдым. Орындарынан тұрып, Димашпен бірге әндеткенде, мен ерекше қуандым. Себебі қазақтың мәртебесі әлемге Димашпен көтерілді. Құдай берген талантын атақ-абыройға мастанбай өз деңгейінде ұстап келеді. Сол үшін де халықаралық масштабта осыншама халықтың махаббаты мен сүйіспеншілігіне бөленуде. Қазақстаннан келген барлық оның қолдаушылары мен жанкүйерлері осы эмоциямен қайтты деп ойлаймын», – деді әнші Ochoouдың директоры Шынар Жанабекова.